Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Алматы — жастар қаласы» форумы барысында аталған қалада жас отбасыларға 100 пәтер берілетінін айтты.
Мұнымен қатар, аталған қалада жастарға арнап жатақханалар салу мәселесі қарастырылған екен.
«Бүгінгі таңда бірнеше ЖОО және жеке кәсіпкерлермен меморандумға қол қойып үлгердік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында 2 000 орындық төрт жатақхана салынып бітуге жақын қалды. Келесі жылдан бастап 2,4 мың орындық жатақхана салына бастайды», — дейді әкім.
2020 жылға дейін 7 мың орындық 12 жатақхана салынбақ. Осыған дейін қала әкімдігі мен «Тұрғын Үй Құрылыс Жинақ Банкі» бірігіп 35 жасқа дейінгі жастарға арнап үй салатындары туралы хабарлады. 10 млн теңгеге дейінгі ақшаны жас отбасылар жылына 5 пайыз жеңілдікпен алады. Несие төлеушінің жағдайын ескеріп 3-тен бастап 25 жылға дейін беріледі.
Қатысушылар ұпай жүйесі бойынша таңдалады. Мысалы, ұпайға некелескен жыл, бала саны, тұрғылықты мекені, жұмыс өтілі, мамандығы, жеке кәсіпкер ретіндегі тәжірибесі, Алматы қаласында қанша уақыт тұрғаны әсер етеді. Кейін ТҮҚЖБ салымшының төлем жүргізу қабілеттілігін анықтайды.