Қазақстан Республикасының Еңбек Заңнамасының, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау жөніндегі талаптардың сақталуын мемлекеттік тұрғыда бақылауды жүзеге асыру, еңбек адамының мүддесін қорғау, сондай-ақ, тарихи Отанына келген этникалық қазақтарға оралман мәртебесін беру істерімен айналысатын Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасы да талай жұмыстың басын қайырды.
Мәселен, үстіміздегі жылдың осы уақытына дейін 1826 азаматқа, оның ішінде 739 этникалық қазаққа еңбек және көші-қон заңдылықтарының талаптары туралы ауқымды түсінік жұмыстары жүргізіліп, тиісті шаралар қабылданды. Нақтырақ айтсақ, еңбек заңдылықтарының талаптарын түсіндіру мәселелері бойынша қала кәсіпорындарында 3727 адам қамтылған 135 кездесу өткізілді.
– Еңбек заңдылықтарының сақталуы бойынша, мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру үшін және жұмыскерлердің құқығын қорғау мақсатында 646 тексеру жүргізілген. Тексеру кезінде 749 заңбұзушылық оқиғасы анықталған. Нәтижесінде 262 жұмыс беруші жалпы көлемі 46,7 млн. теңгеге әкімшілік жауапқа тартылды. Оның ішінде 29,8 млн. теңге көлемін құрайтын 171 айыппұл (62,8 %) өндіріп алынды, – дейді Алматы қалалық Мемлекеттік еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының басшысы Талғат Разақов.
Атқарылған осындай жүйелі жұмыстардың нәтижесінде жұмыскерлердің жалақысын әлі төлемеген 217 кәсіпорын олқылықтарының орнын толтырды. Яғни 323,8 млн.теңге қаражат өз иелерін тауып, жұмысшылардың айлықтары алақандарына тиген. Бұл — 1625 еңбеккердің еңбек құқы қорғалды деген сөз.
Жұмыскерлердің жалақысын уақтылы төлемеген 169 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оларға 34,6 млн. теңге айыппұл салынды. Жалпы, айлық еңбекақының мерзімінде төленуі қала басшылығының ұдайы назарында. Мәселен, қала әкімі орынбасарының төрағалығымен осы мәселе бойынша 12 жиналыс және әлеуметтік серіктестік бойынша үшжақты келісім комиссиясының бір отырысы өтіп, онда жалақы мәселесінің ешқашан кешіктірілмеу керектігі шегелеп айтылды.
Басқарма өкілдері, сондай-ақ, ұжымдық келісім-шартты тіркеу және мониторинг жасап отыру жұмыстарын да ақсатқан емес. Мәселен, бүгінгі таңда қалада бас-аяғы 2583 ұжымдық еңбек келісім-шарты жасалған.
Көші-қон мәселелері де күн тәртібінен түскен емес. Қала бойынша оралман мәртебесін 271 этникалық қазақ иеленген, оның ішінде 144 адамнан тұратын 54 отбасы және 127 жалғызілікті жан бар. Оларға ұзын-саны 195 куәлік берілген.
Елім деп келген қандас бауырлардың арасындағы еңбекке жарамдысы – 63%, ал зейнеткерлер – 6,0%. Еңбекке жарамды ағайындардың 44%-ы жоғары білімді (арасында оқуы аяқталмай қалғандары да бар), ал 9 %-ы – студент.
Өзбекстан елінен 75 адам (27,7 %), Қытайдан – 176 (65,0 %), Ресейден – 5, Қырғызстан мен Тәжікстаннан әрқайсысынан 4 адамнан, Моңғолия мен Түркиядан әрқайсысынан 3 адамнан, ал Украинадан 1 ағайын келген.
Оралмандардың басым көпшілігі Әуезов ауданында тіркелген – 91 адам (34,0 %). Алатау ауданында – 73 (27,0%), Бостандық ауданында – 40 (15,0 %), Алмалы ауданында – 25 (9,0%), Медеу ауданында – 20 адам (7,0%). Ал қалған Жетісу, Наурызбай және Түрксіб аудандарында 3,0 %-ден.