«Әркім тек өзін ғана ойлайды». Кеше Астана қаласы әкімі Әсет Исекешевтің есептік кездесуін көріп осындай ой түйдім.
Кезінде біреу тойғанынан, біреу тоңғанынан үлескер атанып, ақшаларын өз қолдарымен құрылысшыларға санап бергенде, мемлекеттен кепілдікті қойып, кеңес те сұрамаған. Сол адамдар бүгін салынбаған үйлерін мемлекет салып берсін, қолды болған қаржысын мемлекет қайтарып берсін деп шулап жүр. Сырт көз мүсіркеп қарауы мүмкін. Ал мәселені білетіндердің оларға көзқарасы мүлде бөлек.
Өзара келісімге келмей, алтыбақан алауыз болған «Азбука жильяның» үлескерлері қаланы қойып, елдің құтын қашырып болды. Олардың әңгімесіне қазір журналистер де араласқысы келмейді. Бітпес дау, бітіспес жанжал екенін біледі.
Астана әкімдігі сол үлескерлермен аптасына 2-3 мәрте кездесу өткізеді. Соны азсынған олар кеше әкімнің есептік кездесуінен де қалмады. Баяндама аяқтала сала әдеттегі әуендеріне салып, залдың ішін азан-қазан қылып, шу шығарды. Жиналған жұрт әуеліде түсінбей қалды да, кейін олардың «азбукалықтар» екенін білген соң, ееее деді де қойды. Өйткені олардың жыры жұрттың ығырын шығарып болған.
Әкім қоғамдық кеңес төрағасы Есіловтен рұқсат сұрап, сұрақ-жауапты бірден солардың мәселесін кезекті «қырқыншы» рет түсіндірумен бастады.
Елбасының тапсырмасымен үлескерлердің мәселесін шешу үшін бюджет қаржысынан 40 млрд теңге бөлінгенін де жеткізді. Тіпті солардың ыңғайы үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына арнайы өзгертулер енгізіп, заңнамалық тұрғыда тиісті шаралардың жүргізіліп жатқанын айтты. Бюджеттен бөлінген қаржы үлескерлердікі емес, халықтікі екенін айтып, оның бір теңгесі де жайдан-жай беріле салмайтынын ескертті. Қазіргі уақытта үлескерлердің күткен құрылыс нысандары техникалық-қаржылық сараптамадан өткізіліп жатқанын, нәтижесіне сәйкес тиісті шаралар қабылданатынын айтты. Мәселені шешу жолдарын үтір, нүктесіне дейін тәтпіштеп түсіндірді.
Бірақ «Азбуканың» ештеңеге келіспейтін санаулы үлескерлері бұған да қанағаттанбай, үйреншікті шуын жалғастырумен болды.
Тіпті қала тұрғындары екі балам мүгедек... өзім мүгедекпін... көмекке шынайы мұқтажбын... балам 700 грамм болып туды... соңғы үмітім сізде...» деген сияқты өмірдегі басқа түскен қиындықтарын айтып жатқанда да «азбукалықтар» жұрттың тынышын алып, шуылдаумен болды.
Оларға тіпті әкімнің «өзіңнен басқа ешкімді осылай қалай ғана сыйламауға болады» дегені де әсер етпеді. Бір емес, бірнеше ақсақал ортаға шығып «айналайын, қыздарым, қарындастарым, мәдениет сақтайық» деп өтінгенін де, «астаналықтардың мәдениеті осындай болса, басқасына не өкпе» деген өкпе-ренішін де пысқырмады.
Үлескерлер кездесудің әбден шырқын кетірген соң ортаға белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Несіпбек Айтұлы шығып, оларды сабырға шақырып еді, болмады. Шуылдағандар шуылдай берді.
Халқын да, әкімін де, ақынын да, ақсақалын да, тіпті өздерін де сыйламайтын неткен жандар.
Неткен мәдениетсіздік, неткен өзімшілдік, неткен кещелік дегеннен басқа сөз жоқ.
Арман Ахмет
Пікір қалдыру