Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың шақыруымен бүгін елімізге Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон ресми сапармен келеді.
Екі жақ жоғары деңгейде келіссөздер жүргізіп, әріптестік көкжиегін кеңейтпек. Айта кетейік, соңғы жылдары екі елдің қарым-қатынасы қарқын алып келеді. Былтыр өзара алыс-беріс 800 млн долларға жуықтаған. 2016 жылмен салыстырғанда өсім 32 пайыз. Енді осы қарқыннан таймай, сауда-саттықты еселей түсу маңызды. Осы орайда бүгінгі келіссөздерің қос ел үшін де маңызы зор.
Көшбасшылар өңірлік, халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерге де назар аударады деп жоспарланып отыр. Бұған қоса, көлік-логистика саласындағы серіктестікке серпін беру де ойда бар. Алдағы уақытта өзбек-тәжік шекарасында көлік өткізетін 16 қосын ашылады. Бұл жағдай Орталық Азия мемлекеттерінің алыс-берісін арттыруға септігін тигізуі тиіс. Демек, енді Қазақстан мен Тәжікстан сауда-саттығын дамытып, көліктік қарым-қатынасын одан әрі нығайта түспек.