Трансконтиненттік дәліздерді дамытуда Маңғыстау цифрлық технологияларды мықтап қолға алды

/uploads/thumbnail/20180713175704691_small.jpg

Транспорт саласы мемлекет инфрақұрылымының басты құраушы элементтерінің бірі. Еліміздің экономикалық өркендеуі де осы салаға тікелей байланысты. Бүгінде транспорт саласы ЖІӨ-нің 8 пайызын құрайды. 2017 жылы ел экономикасын қозғаушы күш осы сала болған еді. Яғни, экономика 4 пайызға өсіп, оның 4,8 пайызын транспорт әлеуеті құраған болатын.

Осы ретте, мемлекет басшысы Н. Назарбаев трансконтиненттік дәліздерді ары қарай дамыту мақсатында цифрлық технологияларды кеңінен қолдану қажеттігін айтқан болатын. Осының арқасында ішкі аймақтық мобильділіктің дамитынын да алға тартты. Бұған қоса, 2017 жылдың желтоқсанында елімізде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қолға алынып, қазіргі таңда еліміздің барлық өңірлері осы бойынша жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Ал, Маңғыстау облысындағы транспорт саласына келер болсақ,  қазіргі уақытта аймақтағы әуе, теміржол, теңіз және жолаушылар тасымалы жұмысында цифрландыру процестері кеңінен жүзеге асырылып жатыр. Өңірдегі транспорт саласын цифрландыруға қатысты барлық сұрақтарды Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль басқармасы мемлекеттік мекемесінің бас маманы Сағындық Өмірбек Ғалымжанұлынан біле алдық.

– Қазіргі таңда Маңғыстау облысындағы транспорт саласын цифрландыру қалай жүруде?

Өңірде цифрландыру процесі облыс орталығы Ақтау қаласынан бастау алуда. Ең бірінші, қоғамдық көліктерге электрондық жолақы төлеу жүйесі енгізіліп жатыр.  Осыған байланысты біз де жол картасы бар. Электрондық төлем жүйесі ең алдымен жақын арада 2018 жылдың шілде айында қоғамдық көлік саналатын 5 автобусқа электрондық төлем жүйесінің пилоттық жобасын енгіздік.

2019 жылдың 2-3-тоқсанына дейін электрондық төлеу жүйесін 35 автобусқа енгізу жоспарланып отыр. Одан кейін қоғамдық көліктерде облыс ішілік, ауданаралық, қалааралық автобус масшруттарын «InfoBus» қадағалау мониторингтік жүйесіне енгізу болып табылады. Бұл жүйе көлік құралдарының қозғалысын, оның белгіленген бағдардан ауытқуын, көрсетілген бақылау нүктелерінің нақты келуін, тоқтау уақытын және сапар уақытын қадағалауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, аталған жүйеге қазіргі таңда Ақтау қаласының барлық автобустары енгізілген. Осы жүйе бойынша біз автобустарды бақылап отырамыз. Алдағы уақытта ауданаралық деңгейде қолдануды жоспарлап отырмыз. 2018 жылдың соңына дейін толығымен аяқталатын болады.

Ал, қауіпсіздік мәселесіне келер болсақ, осы жылдың мамыр айы мен маусым айының аралығында 10 автобусқа бейне-бақылау жүйесін енгіздік. Бұл өз кезегінде қоғамдық көліктерде орын алатын түрлі келеңсіздіктерді жоятын болады.

– Өңірдегі аудандар мен ауылдарда цифрландыру қалай жүзеге асырылып жатыр?

Алдымен Ақтау қаласына қолданып көріп, кейін ауылдар мен аудандарға енгізуді қолданғанды жөн санап отырмыз. Қазіргі таңда электрондық төлеу жүйесі GPS, «InfoBus»-ты ауылдарға енгізуге мүмкіндік болмай тұр. Сондықтан қазір Ақтаудан бастадық. Одан кейін бірте-бірте басқа аудандар мен ауылдарға көшетін боламыз.

– Электрондық төлемді енгізудегі тиімділіктер қандай?

  • Бюджетке түсетін салық 20 пайызға өсті;
  • Жолаушыларға қызмет көрсету сапасы 30 пайызға артты;
  • Ашықтық пен әділеттілік орын алды;
  • Жолақы төлеуге жайлылық сыйлады;

– «Ақылды аялдамалар» қашан қолданысқа енбек?

Ақылды аялдамалар «Цифрлық Қазақстан» мемелкеттік бағдарламасының аясында 2018-2019 жылдарда жүзеге асырыла бастайды. 2019 жылы мұндай аялдамалардың бірнешеуі қолданысқа енгізілетін болады. Яғни, бірінші тоқсанда – 1, екінші тоқсанында – 2, үшінші тоқсанында – 2, төртінші тоқсанында – 2 ақылды аялдама орнатылмақ.

Жалпы алғанда, «ақылды аялдамалар» тұрғындарға жайлылық сыйлау үшін орнатылатын болады. Онда автобустар туралы ақпараттар, олардың қай бағытта және қай уақыттарда жүретіні көрсетіледі. Бұған қоса, аялдамаға жақын маңдағы туристік орталықтар мен әлеуметтік орындардың мекен-жайы жазылып тұрмақ. Сондай-ақ, тегін Wi-Fi, телефон қуаттағыштар, жылытқыш-суытқыш қондырғы мен дүкендер болмақ.

– Мұндай аялдамаларды енгізудегі мақсат не?

Ең алдымен, автобус күту кезінде тұрғындарға жайлылық сыйлау. Сонымен қатар, қызмет көрсету сапасын 25 пайызға арттыру – басты мақсат саналады.

– Қоғамдық көліктердің бағыттарын жергілікті халық қалай біліп отырады?

«InfoBus» арқылы бақылап отырады. Бұл жүйе 2018 жылы Ақтау қаласына енді. Ол бойынша қаладағы барлық қоғамдық көліктер аталған жүйемен қамтылған. Осы жылдың соңына дейін облыстық қоғамдық көліктер де енетін болады.

– «Infobus»-тың артықшылықтары неде?

  • Жолаушылар транспортын жақсартады;
  • Автобусты уақтылы басқаруға жәрдем жасайды;
  • Уақытты тиімді пайдалануға ықпал етеді.

– Бейне-бақылау жүйелері қалай жұмыс істеуде? Оның қандай пайдасы бар?

Бүгінде біз қаладағы 10 автобусқа видео камера орнаттық. Алдағы уақытта ары қарай да жалғастыра беретін боламыз. Ал, пайдасы қандай деген сұраққа келер болсақ, қоғамдық көліктерде орын алатын бұзақылықтарды, заңбұзушылықтарды, қылмысты азайтын болады. Сондай-ақ, жолақы төлемей жалтаратын кейбір жолаушылардың алдын алу, олардың санын азайту мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

– Болашақта Маңғыстау облысындағы транспорт саласын цифрландыру қалай жүретін болады?

Электрондық жүйеге толықтай көшетін боламыз. Яғни, төлем жасау, жолаушыларды бақылау осының барлығы электрондық форматта болады. Сондай-ақ, 2019 жылы «ақылды аялдамаларды» орнату жоспарда бар. Маңғыстау облысына қарасты аудандар мен ауылдарды «InfoBus» жүйесімен қамтамасыз етеміз. 2018 жылдың 3-ші тоқсанында электрондық билет пилоттық жобасы іске қосылатын болады.

– Сұхбатымызды қорытындылай кетсек, жалпы цифрландыру транспорт саласына қандай өзгерістер әкеледі?

Жолаушылар тасымалы бойынша бірыңғай жүйе қалыптасатын болады. Яғни, нақтылық пен бірізділікке қол жетеді. Қоғамдық көліктерді бақылауға мүмкіндік береді. Жолаушылар тасымалының сапасын күшейтеді. Ең бастысы, жолаушылар ыңғайлы жолақы төлеу жүйесін ұсынатын болады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар