Семейде робототехника кабинеттерінде жұмыс жасау бойынша курс жүргізілуде

/uploads/thumbnail/20180803152810430_small.jpg

Семейдің орта мектеп ұстаздарына робототехника кабинеттерінде жұмыс жасау бойынша курс жүргізілуде.

ШҚО-да орта мектеп ұстаздары робототехника және IT-технологияларымен заманауи кабинеттерінде жұмыс жасау бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтуде. 

Жазғы демалыс аяқталғанға дейін облыста 544 мұғалім аталған курстан өтеді. «Нұр Отан» партиясының бастамасымен қолға алынған бұл жоба бойынша жаңа оқу жылында Шығыс Қазақстан облысының 277 мектебінде робототехника және IT-технологиялар кабинеттері ашылады.

«IT-технологияларға арнайы бағдарлама бойынша оқыту мәселесі алға қойылған тұста ірі компаниялардан көптеген ұсыныстар түсуде. Семейдегі Электротехникалық колледждің мамандары даярлаған «Junior training» курсының авторлық бағдарламасы - ұсынылған нұсқалардың ішіндегі ең үздігі атанды», – деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Семей электротехникалық колледжінің директоры Азат Сарбековтың айтуынша, курстың басты ерекшелігі – халықаралық тәжірибеге негізделе отырып, Шығыс Қазақстан мектептерінің мүмкіндіктеріне қарай орайластырылып жасалған.

Бес аптаға жоспарланған курстың 3 аптасы бағдарламаның теориясын оқуға, ал қалған 2 апта ұстаздардың алған білімдері мен дағдыларын өз беттерімен тәжірибе негізінде көрсетуіне арналады.

«Біз әр оқушыны IT-технологиялар саласындағы маман қылуды мақсат тұтпаймыз. Алайда, заман талабы сол болғандықтан, Қазақстанның кез келген азаматы цифрландыру және IT-технология негіздерін білгені жөн. Балалар кішкентай кезінен қарапайым өмірде қажет болатын технологияларды игеретін болады. Бұдан бөлек, бұл сабақтар оқушылардың аналитикалық ойлау қабілетін арттырып, шетел тілдерін оңай меңгеруге ықпалын тигізеді. Алайда, балаларға сапалы білім беріп, бойларында қажет дағдыны қалыптастыру үшін, алдымен жалпы білім беретін мектеп ұстаздарын үйретіп алу керек», – деді Ә. Нүсіпова. 

Мектеп мұғалімдерінің айтуынша, осындай біліктілік арттыру курстарын жүргізу алдағы уақытта сапалы білім беруге ықпалын тигізеді.

«Оқытушылар үшін бұл өте пайдалы, себебі біз робототехника және түрлі заманауи технологиялармен жұмыс жасағанда біліктілігімізге сенімді боламыз. Мектептердегі работотехника кабинеттері оқушылардың сүйікті сыныптары болады деген ойдамын», – деп тәжірибе алмасу курсы бойынша өз пікірін Глубокое ауданы, Березовка орта мектебінің математика мұғалімі Елена Бердяева білдірді.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар