2018 жылдың мамыр мен тамыз айларының аралығында ақпараттық кеңістікте 7-20-25 бағдарламасы 28 487 рет аталған. Бұл туралы, ranking.kz дайындаған медиа-сараптама негізінде Баспана Ипотекалық ұйымының Сыртқы коммуникациялар қызметі мәлімдеді.
Қазақстандықтар 7-20-25 туралы көбіне әлеуметтік желілерде жазған. Әлеуметтік желілердің үлесі 83,3% құраса, БАҚ үлесі 12,9%, мессенджерлер – 2,75%, блог пен форумдар шамамен 1%-ды құраған.
Соңғы айдың көрсеткіші бойынша 7-20-25 «Нұрлы жер» бағдарламасынан 8 рет көбірек аталған.
Сонымен қатар, ranking.kz сарапшылары қазақстандықтарды 7-20-25 бағдарламасы аясында көбірек толғандыратын тақырыптарды анықтады. Оған алғашқы жарнаны жинау, үй табу, төлемқабілеттілігін растау бойынша қиындықтар кіреді. Сонымен бірге, отандастарымыздың біразы қолданыста болған ескі үйлерді бағдарламаға енгізу бойынша ұсыныстарын білдірген.
Бұл жағдайда, «Баспана» Ипотекалық ұйымының әкімдіктер мен «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп қолға алған шаралары көпшіліктің ойынан дөп шыққанын айта кету керек.
Мысалы, алғашқы жарнаны 10 пайызға арзандату мақсатында "Жас арман" мен "Қамқор баспана" өнімдері әзірленіп, олар Шымкент пен Ақтөбеде жұмыс істей бастады. Аймақтардағы құрылыс қарқынын жандандыруға 150 млрд тенге бөлініп, қолданыста болған үйлерге ипотекалық несие беру мақсатында жылдық ставкасы 10,75 пайызды құрайтын «Баспана Хит» өнімі әзірленді.
«Біз қазақстандықтардың көңіл-күйін жіті бақылап, қандай да бір өтініштер мен арыздар бойынша дер кезінде шара қолданып келеміз. Соның нәтижесінде, азаматтар 7-20-25 бағдарламасының орындалу барысына оң баға беруде», - деді, «Баспана» Ипотекалық ұйымының басшысы Қайрат Алтынбеков.
Медиа-сараптама бойынша 7-20-25 бағдарламасына қатысты сыни ақпараттар үлесі 7 пайыздан аспаған. Ал ортақ есеппен бір айда бағдарлама туралы ақпаратпен 2,5 миллион азамат қамтылған.
Айта кетейік, банктер биыл шілде айынан бастап «7-20-25» бағдарламасы бойынша ипотекалық несие беруді бастап кетті. Ал жеңілдетілген ипотеканы кімдер ала алады? Бұл сауалға ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев жауап берді. Айтуынша, ипотекалық бағдарламаға тұрақты жұмыс бар кез келген адам қатыса алады. Алайда ол азаматтың атында баспана болмауы тиіс. Және несие тарихы да дұрыс болуы керек. Бұдан бұрын Елбасы «7-20-25» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық банк пен Үкімет бірлесіп жұмыс істеу керек.
«Ұлттық банктің, екінші деңгейлі банктер мен қор нарығының мүмкіндіктерін іске қосу керек. Ұлттық банк кемінде 1 триллион теңге қаржыны тартатын арнайы компания құрып, оны банктердің жоғарыда айтылған шарттарына жауап беретін жаңа ипотекалық несиелерін сатып алуға жұмсауы қажет. Бағдарламаны жүзеге асыру нәтижесінде миллион қазақстандық баспана алу мүмкіндігіне ие болады», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев.
Бұған дейін «Баспана» Ипотекалық ұйымының» басқарма төрағасы Қайрат Алтынбеков «7-20-25» бағдарламасына қызығушылық танытқандардың саны күн санап артып келетінін мәлімдеген. Қыркүйектің басындағы статистикаға сәйкес, бағдарлама аясында 27 миллиард теңгегег өтініш қабылданған. Сонымен қатар ұйым басшысы жаңа бағдарламаға белсенді қатысып жатқан өңірлерді де атады. Айтуынша, Алматы, Астана қалалары мен Маңғыстау облысы «7-20-25» бойынша көш бастап тұр.
«Тұрғындар арасында да қызығушылық артқан. Банк-серіктестерімізге сұрау салып, білгісі келетін жандардың саны күн санап артып келеді. Алайда бағдарламаның басты талаптары бәріне мәлім. Алғашқы жарна 20 пайыз, жылдық мөлшерлеме 7 пайыз, несиенің ең ұзақ мерзімі 25 жылға дейін», - деп түсіндіріп өткен еді Қайрат Алтынбеков.
Пікір қалдыру