Cюзеренге адалдық және екі тараптың өзара міндеттемелері
Қазақ даласында 1731 жылғы 10 қазанда өткен ақсүйектер мен беделді адамдар мәжілісінің тағдыршештілік мәні бар. Ол тарихи ахуал таңдатқан сюзеренге арқа сүйеу мәселесін қараған және қазақ елін жаңа тарихи жағдайда жаңаша тұтастандыру идеясы Әбілқайыр хан тарапынан ашық көтерілген тұңғыш та соңғы жиналыс еді. Осы жиналыс содан бері үздіксіз жүре бастаған күрделі үдерістің басы болды.
Сол жиналыста толық қолдауға ие бола алмағандығына қарамастан, Әбілқайыр хан Ресей протектораттығына өту жайындағы өз ұстанымын өзгерткен жоқ. (Осынау протектораттыққа өту оқиғасы пәлен жылдан кейін қазақтың жер-суы мен елін орыс еліне, орыс елінің жеріне айналдыратын таза орыс үлгісіндегі отарлауға ұласуы ықтимал-ау дегенді аңғал дала әміршісі елестете де алмаған болса керек). Ол бұл шешіміне кездейсоқ емес, ірі саяси қайраткер пайымымен келген де, өз ұйғарымының қазақ халқының ел ретінде сақталу мүддесі үдесінен шығатынына кәміл сенгендіктен, өзгертпеген. Әбілқайыр хан орыс империясының протектораты болу арқылы, біріншіден, елдегі хандық билікті жаңартып жетілдіруді көздеді. Оның ойынша, бұған дейінгі тәжірибе – ханды халық жиналысында сайлау қазіргі таңда ел бірлігін арттыруға жауап бере алмайтын. Хандықтан үміткер шыңғыстық-жошылық сұлтандар ауқымы үлкен, сондықтан олар міндетті түрде бақталастық пен алауыздықты өршіте түседі. Сол себепті елде монархиялық тәртіп енгізіліп, тақ келесі буынға сайлау жолымен емес, мұрагерлікпен берілетін ереже енгізілуге тиіс. Мұндай ретпен модернизацияланған жүйеде Әбілқайыр хан қазақ еліндегі жеке-дара жоғарғы әмірші дәрежесіне көтерілмек және тақ әрдайым тек оның өз кіндігінен тараған ұрпаққа тиіп отырмақ. Екіншіден, елдегі күллі әлеуметтік саты бойындағы буындарды қамтып басқаратын, монархиялық құрылымға сай әкімшілік-күштік аппарат жасақталуға тиіс. Халықты тұтастыруды және бір орталыққа мәжбүрлеп бағындыруды һәм тыныс-тіршілігін қамсыздандыруға қажет сауда-саттықты жандандыру жолдарын саяси тұрғыда осындай ұйымдастыру шараларымен қамтамасыз етуге болады. Бұл үшін Әбілқайыр хан Ор өзенінің сағасына, Елек өзенінің орта ағысына және Сыр бойындағы бұрынғы Жанкент шаһарының орнына арнайы қалалар салуды, сондай-ақ оңтүстіктен өзі кеткелі бері жоңғар қоластында қалған қазақ астанасы Түркістан шаһарын қайтарып алуды, сөйтіп оларды өзі құратын жаңа мемлекеттік биліктің қуатты тұғырына айналдыруды көксейді. Әбілқайыр ханның ойы осындай еді, ал патша елшісі Мәмед Тевкелев ханның мұндай жоспары барын бірден біле қоймағанмен, онымен орыс протекциясын қабылдау хақында тез түсінісіп, екеуі тамыр боп кеткен. Ол орыс қорғауында болудың пайдалылығын қазаққа иландыруды басты міндеті деп санаған. Өйткені көкірегінде Петр патшаның қазақ даласын Азияға жол ашар қақпа деп бағалаған көзқарасы және соған орай тікелей өзінен алған нұсқауы сайрап тұрған. Патшалықта мансаптық сатымен өсе беруден үміткер қызметші ретінде қандай шығынға бару керек болса да тәуекел етіп, қазақтарды қайткенде орыс туы астына икемдеуге тырысқан. Оған хан қазақ халқының ерекшелігін – өз бас адамдарының соңынан еруге қашанда дайын тұратынын айтқан-ды. Сондықтан Тевкелев қазақтың бас адамдарымен түсіндіру-үгіттеу жұмыстарын жалғастыра түсу үшін елшілігімен дала төсінде қала берген. Содан ел ішінде бір жылдай болды. Ханның ашық мәлімдемесінен орыс патшасының қамқорлығын өзінің ішкі саяси мақсаттарына пайдаланбақ ойы барын билер мен рубасылар анық білген. Солардың басым көпшілігі, жоғарыда айтқанымыздай, жаңа жағдай ханның бұлардың үстерінен қараудағы құзыреттілігін арттыра түседі, демек, тиісінше, ел басқарудағы осы күндері қолда бар артықшылықтарын сөзсіз жояды. Бұған ешқайсысы күмәнданған жоқ. Сол себепті олар Тевкелевтен, сондай-ақ орыс елшілігі керуенімен бірге келген башқұрттың игі жақсыларынан протекцияның егжей-тегжейін қайта-қайта сұрастырды. Тевкелев елшілігі түсіндірмелерін, үгіт-насихаттарын жүргізіп, сыйлықтарын үлестіріп болған соң, ақыры, 1733 жылы Ресейге қайтты. Әбілқайырдың екінші ұлы Ералы сұлтанмен, ханның інісі Нияз сұлтанмен, Құдайназар, Түгелбай мырзалармен, Садық би, Мырзагелді батырмен және тағы бірер хан өкілдерімен бірге оралды.
Осы жылы Ұлы жүздің аса ықпалды бес бас адамы (Төле би, Қолар би, Хангелді би, Сатай батыр, Бөлек батыр) патшайым туы астына сұранды. Орта жүздің бір топ старшындарымен бірге Сәмеке хан патшайымның қорғауына өтуге екінші рет сұранды (алғашқысы 1731 жылы болатын). Осы оқиғалар біріншіден, қазақ еліндегі аға хан мәртебесі мемлекеттік бірліктің тұтас та мығым болуына қызмет ете алмайтынын көрсетті, екіншіден, қазақ еліндегі белгілі тұлғалардың (кіші хандар, сұлтандар, билер, батырлар) ел бірлігін арттыру жолындағы мемлекеттік көзқарастары дамымағанына дәлел болды. Егер парасатқа салып, Әбілқайыр ханның орыс протекциясын қабылдауға барған жағдайын жан-жақты сараптаса және оны ел игілігіне қалай пайдалану жолын ойласа, онда өздерін орыс билігі қорғауына тікелей алуын сұрамаған болар еді, керісінше, протекторат билеушісі Әбілқайыр ханның төңірегіне топтасып, орыс туы саясында қазақ мемлекеттілігін нығайтып алу бағытын ұстанған болар еді. Олардың империя бодандығына жеке-жеке сұрануы қазақтың күшті хандығын құрғызбауға мүдделі орыс саясатына әбден сәйкес келді. Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан 1734 жылғы 10 ақпанда Анна Иоанновна патшайымның салтанатты қабылдауында болып, әкесінің тілегін қайталады. Осы жылы қазақты империя қоластына әкелудегі ерен еңбегі үшін Тевкелевке императрицаның жеке өзі тікелей полковник шенін берді. Қазақ елінің жекелеген бөлшектерін патшалық бодандығына әкелу үдерісі жалғаса берді. Тиісінше, Әбілқайыр ханның күшті хандық құру жайындағы ойын жүзеге асырмауды көздейтін патша әкімдерінің одан басқа да қитұрқы саясаты ашыққа шықты. Әбілқайыр ханның табанды түрде білдірген тілегіне сәйкес, Ор өзені құйылысына арнайы қала салынған. Оны хан қазақ-орыс сауда-саттық жасайтын орыны және өзінің Еділ-Жайық өңіріндегі билігінің тірегі етпекші еді. Қала салынды, бірақ ол қазақ хандығын күшейтуге емес, керісінше, орыс билігін арттыруға қызмет ететін орталыққа айналдырылды. Ор қаласының салынуы башқұрт азаттық көтерілісін жаңадан тұтатқан себептердің бірі болды. Көтерілісші башқұрттар Әбілқайыр ханды, араға екі мүшел уақыт салып, тағы да, екінші рет, өздеріне хан болуға шақырды. Патша әкімшілігінің нақты істеріне көңілі толмаған Әбілқайыр хан оған қарсылық көрсету үшін бұл ұсынысты қабыл алуды да ойлаған болу керек. Ол 1938 жылдың көктемінде Ноғай жолы аумағынан бір топ башқұртты ілестіріп, өз нөкерлерімен Ор қаласына кірді. Қала коменданты алдында қылышын жалаңдата көкке көтеріп: «Бұл менің қалам, мен үшін салынған, кім де кім тыңдамайтын болса, басын шабамын», – деп мәлімдеді. Оқиғаның Ресей үшін қолайсыз бағытқа бұрылып бара жатқанын сезген патшалықтың үкіметі мен әкімдері күллі мәмілегерлік шеберліктерін қолданып, Әбілқайыр ханмен мейлінше жылы қарым-қатынас орнатуға тырысты. Оның Ресейге адалдығына елеулі күдік пайда болғандықтан, одан және оның қоластындағы бас адамдардан қайта ант алу қажеттігі туды. Әрі бұл шара қазақ әміршісінің талабын қанағаттандырғандай, орыс империясының протекциясында болудың қазақ халқына пайдалы болатынына баршаның көзін жеткізетіндей болып өткізілуі керек еді. Әбілқайыр хан мен қазақтың бас адамдары 1738 жылғы 3 тамызда, Ор қаласында өткізілген биік деңгейдегі аса зор салтанат кезінде екінші рет Ресей протекциясын қабыл алды. Әбілқайыр ханның құрметіне сән-салтанаты мол дипломатиялық қабылдау жасалды. Қазақ ханы мен хандығы делегациясына мыс кернейлер мен дабылдардың әуезді күйінің сүйемелдеуімен драгундық солдаттар ротасы хор боп қосылып ресми сәлем жолдады. Әскердің жергілікті бөлімшелерінің мерекелік байқауы болды. Артиллериядан салют берілді. Әйгілі тұлғаларға бағалы сыйлықтар тартылды. Орыс тарихшыларының жазуынша, қабылдаудың осылай өтуі қазақ ақсүйектері мен шонжарларына Россия мемлекеті басшысының беделін бұрынғыдан да тартымды етіп, асқақтата көрсетті және бұдан бұрын жасалған таңдаудың дұрыс болғанына көздерін жеткізе түсті. Мұндай қабылдау Әбілқайырдың да ойынан шыққан. Ол елін қуатты патшаның қанаты астына алынып, қамқорлығына өтуі өзіне хандықтағы толық мәніндегі билікке қол жеткізуге, сонымен бірге қазақ ханының көрші мемлекеттердегі беделін арттыруға мүмкіндік береді деп санаған. Мына өздеріне көрсетілген қошемет соның айғағы іспетті еді. Ол өз сөзінде: «Адам өзі жайында балалары арқылы естелік қалдырады, бірақ мұндай жад жануарға да лайық, ал адамның өзі қол жеткізген абыройы ғасырлар бойы өлмейді», – деп, орыс патшайымына адал екендігін танытатын ант беруге әзірлігін мәлімдеді. Ханмен бірге оның ұлы Ералы сұлтан және Кіші жүз бен Орта жүздің 56 бас адамы – рубасылар, билер мен батырлар империя қамқорлығына адал болуға ант етті. Келесі күндері келісімшартқа отырған тараптар өзара міндеттемелерін нақтыласты: Әбілқайыр хан орыс тұтқындарын босатуға және жерінен өтетін сауда-саттыққа қамқорлық жасауға, қазақ жеріндегі сауда керуендерін күзетпен қамтамасыз етуге уәде берді, ал Орынбор экспедициясының бастығы Василий Татищев қазақтарды қамқорлыққа алып, сыртқы дұшпандардан қорғайтынына сендірді...
Өзара бітіспес мүдделер толқынында
1731 жылғы 10 қазан жиналысынан бері қазақ елінде терістіктен таңдалған ішмерез сюзеренге аңғырт арқа сүйеушілік арқылы елдік тұтастыққа жету мүддесіне сай келетін де, ондай бірлікті мақсат ете қоймайтын да әрекеттерге толы күрделі үдеріс үздіксіз жүріп жатқан. Бұл үдеріс, біріншіден, қазақтың басқарушы элитасының саяси ақыл-ойының кенжелеп қалғанын танытты. Біртұтас, бір орталықтан басқарылатын мемлекет құруды көздеген идеяны терең және жан-жақты талдап, сараптауға ел ағаларының қауқарсыздығын байқатты. Замана талабына жауап бере алатын, ең дұрыс деп мойындауға тұратын бастаманы қостау немесе жетілдіре отырып қолдау деңгейіне жете алмағанын, қайткенде де мемлекеттілікті сақтау сынды жасампаз идеяны пысықтай отырып оң шешім қабылдауға дайын еместігін, мұндай елдік мұратты ойлауға саяси тұрғыда пісіп-жетілмегенін көрсетті. Екіншіден, ел тағдырын мемлекеттік көзқарас тұрғысынан пайымдауға көтерілмегенін дәлелдеді. Протектораттық дамудың болашағын елестете алмады. Шындап келгенде, оларды қазақ елінің Ресей протектораты болуы емес, сол белес арқылы Әбілқайыр ханның қатаң орталықтандырылған билік жүйесін құру ниеті шошытты. Олар күллі ел билігін бір адамға – Әбілқайыр ханға беруді ойларына да алғысы келмеді. Өйткені жекелеген ру-тайпалардың қожайыны болып жүрген өздерін енді, кенеттен, жеке-дара билеушіге тәуелді етуді, сөйтіп, әмірші қоластындағы пенде сезінуді қорлық көрді. Оларға бүгінгі жүре тыңдап, өз дегендерін істей беруге ыңғайлы аға хан институты қолайлы еді. Бір ханның билігін қолдап күшейтіп, оған өздерінің бағыныштылығын арттырғаннан гөрі, әрқайсысының өз аймақтарында, іс жүзінде ханға тәуелсіз түрде, еркін қожайындық жасап жүруін жалғастыра беруі олар үшін әлдеқайда тиімді болатын.
Сондықтан да қазақ ақсүйектері мен шонжарларының көпшілігі 1731 жылдың 10 қазанындағы жиналыста Әбілқайыр ханның көрші алып мемлекетке арқа сүйеу идеясын кері қағып, орыс патшасымен тең дәрежеде бейбіт келісімшарт жасауды құп көретінін жария етті. Ондай тең дәрежедегі бейбіт келісімшартқа отырудың мүмкін еместігін бұл жиналысқа ізашар болған 1730 жылғы мамыр құрылтайының шешімі тек аңдатқан ғана болса, осы жиында жасалған хан мәлімдемесі мен араларына арнайы келген орыс елшісінің сөзі айқын көрсеткен. Шындап келгенде, мұны олар түп-түгел және мүлдем анық түсінді. Бірақ өздерінің бас пайдасын күйттеді. Сол себепті қайткенде Әбілқайыр ханның күшеюіне жол бермеуді көздеді. Шынтуайтында, олар протектораттыққа емес, Әбілқайырға, оның болашақта монархқа айналуы ықтимал құзыретіне қарсы шыққан еді. Бұл топ тек онысын ашып айтпай, қалыптасқан тыныс-тіршіліктеріне жаңа қауіп төндіруі мүмкін ұсыныс әкелген орыс елшілігін кері қайтаруды талап етті. Талаптары орындалмағандықтан, ішкі пиғылдарын бүгіп, кінәні ханға аударуға жандарын салды. Солардың: «Әбілқайыр хан жеке басының пайдасын көздеп, халық өкілдерімен (билер кеңесімен) ақылдаспай, қазақ елін орысқа бағындыруды қош көрді» деген айыптауымен, соны қоштай кеткен бертінгі ұрпақтың тілімен айтқанда, «жеке басының пайдасын көздеген Әбілқайыр хан сатқындық жасап, қазақ еліне отарлық қамыт кигізді» деген тұжырыммен тұздықталып, ғасырларға кеткен зілді жала орнықты.
Алайда Әбілқайыр хан Ресей империясы тағына адалдыққа ант бергенде, орыс патшайымының қолдауына сүйеніп, қазақ хандығын біртұтастандыруды, билікті орталықтандырып, өкіметін едәуір күшейтіп алуды көздеген болатын. Сөйтіп өзіне башқұрттар мен қарақалпақтарды, Хиуа мен Бұхара билеушілерін қаратуды, оңтүстіктегі қазақ жер-суы мен астанасын жоңғарлардан қайтарып алуды мақсат еткен. Бұлардың өтеуіне ол патшайым елінен шыққан орыс сауда керуендерінің сапарларын қауіпсіздендіруді мойнына алды, ресейліктердің қазақ жері аумағынан алтын кен орындарын іздестіруіне жәрдемдесуге, қазақтардың Ресей қоластындағы халықтар мекендейтін аймақтарға шабуылдауын тоқтатуға, басқа да көмектерін беруге уәде етті. Ал орыс үкіметі Әбілқайыр хан да, өзге тұлғалар да Ресей туына адал боламыз деп берген антты Ресейге мәңгілікке бағынуға келісті деп есептеді (қазақ билеушілері мұндай актіні ағымдағы жағдайға орай өздеріне қажет уақытша одақ құруға деген заңды құқының көрінісі ретінде санаған). Терістіктегі қуатты монархияның протектораты болуға бейілдігін растап,1738 жылы екінші рет ант беру арқылы Ресеймен бейбіт қарым-қатынас орнатуға жол ашқан, сөйтіп еліне көп жақсылық әкелген Әбілқайыр ханның даңқы шартарапқа тарады. Кіші жүз (Аралдың терістік-шығыс жағын мекендейтін саны көп Шекті о бастан оның негізгі әлеуметтік тірегі болатын, үлкен ұлы Нұралы сұлтан басқаратын Байұлы бірлестігі руларының көпшілігі, басында Есет батыр тұрған Жетіру бірлестігі) түгел дерлік, Орта жүз руларының едәуір бөлігі (Арғын тайпасының Жәнібек батыр жетекшілік ететін көптеген рулары, ханның екінші ұлы Ералы сұлтан басқаратын Керейлер, ішінара солтүстікті мекендейтін Найман мен Уақ) оны өз ханы деп таныды. Ішкі саяси жағдай біршама тұрақтанып, нығайды. Протекторат ретінде дамудың алғашқы жылдарында Әбілқайыр ханның саяси жағдайы осылай, іс жүзінде аға хан мәртебесіне сәйкес келіп тұрды.
Бірақ Орта Азиядағы халықаралық ахуал қазақ қоғамын бір орталыққа бағындырып басқару жүйесін құру қажеттігін күн тәртібінен еш түсірмеген еді. Әбілқайыр хан Сырдың төменгі ағысына қала салып, жоңғарлар мен ирандықтардан қорғану шараларын жүзеге асыру үшін қазақты сыртқы жаудан қорғауға міндеттенген патша үкіметінен 1739 жылы әскери көмек сұрады. Алайда бірнеше рет сұрағанына қарамастан, көмек берілмеді. Соның салдарынан қазақ елінің оңтүстігі мен терістік-шығысындағы саяси жағдай шиеленісе түсті. Парсылар Хиуа мен Бұхараны жаулап алды. Жоңғарлар Ертіс пен Есіл арасында, Сыр аумағында көшіп-қонып жүрген қазақ руларын шапты. Ресейлік әкімшіліктің жәрдем бермей алдаусыратуына ашуланған Әбілқайыр хан патша үкіметіне сенімсіздік білдіріп, жоңғар қонтайшысымен тікелей келіссөз жүргізіп көрді. Өзбек ақсүйектері мен шонжарларының шақыруымен Хиуаға аз уақыт хан болып та қайтты. Бұл кезде оның патша үкіметін өзінің билігін күшейтуге пайдалануына кедергі келтіру үшін, шыққан тегінің артықшылығын дабырайтып ерекше мақтан тұтатын, қазақтың елдік бірлігін арттыруға қатысты еш жобасы жоқтығын былай қойғанда, сол мәселені ойланып та көрмеген Барақ сұлтан қайткенде орыс билігіне тікелей бағыныштылыққа өзі жетуді аңсады, сол арманының орындалуын қамтамасыз ететін әрекеттер жасап жүрді.
Жоңғарлардың қалың қолы 1741–1742 жылдары Ұлы жүз бен Орта жүзге шабуыл жасаған шақтардағы шайқастардың бірінде Абылай сұлтан тұтқынға түсті. Дұшпан тегеуірініне төтеп бере алмаған Әбілмәмбет хан жасағымен Електің жоғарғы ағысынан Орынборға қарай шегінуге мәжбүр болды. Сонда, Әбілқайыр ханның өтінішіне сәйкес, Ор қамалының коменданты жоңғар әскерінің қолбасшысына: қазақтарды Ресей мемлекеті өз боданы ретінде қорғайды деп мәлімдеді. Шапқыншылық тоқтатылды. Бірақ қалың қолымен Орта жүздің едәуір бөлігін басып алған жоңғар қонтайшысы Қалдан Серен қазақ әміршілерінен Жоңғарияның саяси протектораты екенін мойындауды талап етті. 1742 жылғы көктемде осы талапты талқылау үшін 1500 адам қатысқан жиналыс өтті. Көпшілік Қалдан Сереннің талабын орындау қажет деген ойға келді. Билер Әбілқайыр ханға: «Біз қалмақтармен үйренісіп қалғанбыз, қалмақтардың сұрағанын беру керек», – деді. Әбілқайыр хан қатты ашу шақырып, оларды ақымақсыңдар деп дөрекі түрде сөкті. Жоңғар мәселесі бойынша өзінің Орынбор экспедициясының жаңа басшысымен кеңесуі керектігін жария етті. Бірақ Орта жүз ханы Әбілмәмбет пен Батыр және Барақ сұлтандар қонтайшы талабына көніп, оған аманаттарын жіберіп жатты. Алайда Аңырақай жеңісінің бас қаһарманы Әбілқайыр баһадүр ханның иланымынша – қазақ хандығы жоңғар қонтайшысына бағынам деп абыройдан айрылады. Осылай ойлағандықтан, ол жоңғар протекциясын мойындауға үзілді-кесілді қарсы шықты. Күш-қуаты артып тұрған Қалдан Серенге кіріптарлықтан құтылу үшін соғысудан тайсалмай, қарсы шығу керек. Сол ретте ол қазақты қорғауға міндеттенген Ресейден нақты әскери жәрдем сұрауды жөн көрді. Әрі өзектілігі арта түскен өзінің байырғы саяси мақсатына жетудің – хандықты бір орталыққа толығымен бағындырудың сәті туды деп есептеді. Солай ойлаған Әбілқайыр хан Орынбордағы жаңа әкім Иван Неплюевке 1742 жылғы 18 маусымда Қалдан Сереннің қазақтарға қойған талап-хатымен бірге өзінің Ресей тәжіне адалдығын білдіре отырып, көмекке қарулы күш сұраған жеке хатын жолдады. Ресейдің әскери көмегі оған ең алдымен жоңғар қонтайшысының талабын орындауға бет алған Әбілмәмбет хан мен Барақ, Батыр сұлтандарды күшпен ауыздықтап тоқтату үшін керек еді. Осындай жолмен ол мемлекеттік тұтастыққа қол жеткізуді, Орта жүздегі өзіне бәсекелес болып жүрген шыңғыс тұқымдас бауырларын біржолата бағындырып алып барып, ықпалын күллі қазақ еліне жүргізуді ойлады. Алайда империя үкіметі Әбілқайыр хан армандағандай қазақ елінің саяси құрылымын орталықтандыруды, хандықтың қатаң мемлекеттік жүйесін құруды ойына да алмайтын. Сондықтан бұл өтініші де жауапсыз қалдырылды. Бірақ қазақ элитасының арасында жоңғар қонтайшысына қарай бағдарлану күшейіп бара жатқанын ескеріп, Орынбор экспедициясының жаңа бастығы генерал Неплюевке арнайы тапсырма берілді: Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей қоластында екенін Қалдан Серен ресми түрде мойындасын, соған қайткенде де қол жеткізу керек... Осы тапсырманы орындауды қолға алу барысында Орынбор өлкесінің патшайым бекіткен жаңа қожайыны мен қазақ ханы тұңғыш рет бетпе-бет кездесті...
Ресей қамқорлығына артылған үміттің күйреуі
Императрица үкіметіндегі Сыртқы істер алқасы алға қойған мәселенің шешімін табуына Әбілқайыр ханның Ырғыз өзені бойындағы жазғы ордасына жоңғар елшілерінің келуі қолайлы жағдай туғызды. Әбілқайырдың оңтайлы дипломатиялық амалдар қолдануының нәтижесінде Орынбор өлкесінің жаңа билеушісі оларды Ор қамалындағы резиденциясына шақыртты. Әбілқайыр хан үш жүздің 155 өкілін (Кіші жүзден – 83, Орта жүзден – 68, Ұлы жүзден – 4 адам), сондай-ақ ордасындағы жоңғар мен қарақалпақ елшілерін ертіп, 1742 жылғы 23 тамызда Ор қамалына келді. Орынбор экспедициясының бас командирі лауазымына соның алдында ғана тағайындалған, кейінірек «Орынбор өлкесінің Ұлы Петрі» атанған генерал Иван Неплюев пен Әбілқайыр хан сол сапар алғаш рет кездесіп, қазақ-жоңғар қатынастарының күрделі қырларын екеуара талқыға салды. Содан кейін қазақ элитасының үлкен делегациясымен өткен сол аса маңызды кездесуде генерал Неплюев Кіші жүз бен Орта жүздің Ресей бодандары болып табылатынын, яғни олардан алым-салық талап етуге Жоңғарияның ешқандай да заңды құқы жоқ екенін жоңғар елшілеріне ашық, айқын, батыл мәлімдеді. Қазақтарға қатысты даулы мәселенің бәрін тек орыс үкіметі арқылы шешу керектігін айтты. Хан-сұлтандармен ойрат билігі сепараттық келіссөз жүргізбесін, кикілжіңге апаратын мәселелерді шешу үшін жоңғар қонтайшысына таяуда арнайы елшілік аттандырылмақ деді. Кездесуге қатысушылар генералды қызу қуаттады. Әбілқайыр хан Жоңғарияға жіберілмек елшілікке тұтқындағы Абылай сұлтанды босатуды тапсыру мәселесін көтерді. Мәселенің шешілуін жылдамдату үшін жолбасшылыққа ұлын қосып беруді және, Абылайға алмастыруы үшін қазақтарда тұтқында жүрген жоңғарларды жинап, елшімен қосып жіберуді ұсынды. Ханның өз айтқандарын тез және толығымен орындағаны елшіліктің жөнелтпе құжаттарында көрініс тапқан.
Неплюев жасақтаған айрықша елшілік майор Карл Миллердің бастауымен Ор қамалынан 1742 жылғы 3 қыркүйекте оңтүстік-шығыс бағытпен жолға шықты. Елшілік құрамында он бір адам болды. Оларды Әбілқайыр ханның ұлы Ералы сұлтан бастаған сенімді адамдары алып жүрді. Елшілік алдына үш түрлі мақсат қойылған еді. Біріншісі – жоңғар қонтайшысы Қалдан Серенге Ресей империясының бодандары болып табылатын қазақтар ісіне араласпауды талап еткен патша генералының ресми хатын тапсыру, екіншісі – Абылай сұлтанды жоңғар тұтқынынан босату, үшіншісі – үш жүз жерімен жүріп өту барысында қазақ сұлтандары мен рубасыларын жоңғар қоқан-лоққысына берілмей, Ресей құзырында қала берудің дұрыстығына иландыру. Екі жарым ай жолда болған елшілік жоңғар әміршісі ордасына жетпей, Жетісуда сапарын тоқтатуға мәжбүр болды. Елшілікті Қалдан Сереннің Шу бойындағы сенімді нойоны Сары Манжы қонтайшы тапсырмасына сәйкес тоқтатты, ол қазақ мәселесіне байланысты майор Миллермен екі ай бойы келіссөз жүргізді. Келіссөз нәтижесінде Қалдан СМерен (Қалдан Серен) қазақ руларынан алым талап етуін қойды, қазақ-жоңғар саудасы жанданды және, ең бастысы, Абылай сұлтан азат етілді. Әбілқайыр ханның тілегіне сай жүргізілген бұл шара қазақтар арасындағы орыс әкімшілігінің беделін белгілі дәрежеде арттырды. Алайда сол 1742 жылы ғана өлке әкімі болып келген (1744 жылдан губернатор) Неплюев үшін бұл шара өз көкейіндегі үлкен жобаның баспалдағы ғана сияқты еді. Ол Елизавета патшайым таққа отырған кезде Малороссия командирі лауазымынан тайдырылып, абақтыдан бір-ақ шыққан, бірақ жазықсыз екені дәлелденгеннен кейін ғана осы жаңа өлкеге жіберілген болатын. Патшайымның сенімін ол мұнда толығымен ақтап, орыс империясының протектораты мәртебесіндегі қазақ елімен қарым-қатынасты жоспарланған дәрежеге – отаршылдық сипатты көрсететін деңгейге түсірілген жаңа бағытқа салды. Сөйтіп, Ресейді протекторы ретінде мойындаған, орыс империясының вассалы санатындағы қазақ елін орысша отарлаудың, яғни оны мүлдем орыс жеріне айналдырудың негізін қалады.
Аз уақыттың ішінде Неплюев Әбілқайыр ханның орыс қамқорлығына арқа сүйеудегі түпкі мақсатын айқын түсінді. Ол өзінің бытырап жатқан көшпенді жұртын біріктіріп, бір күшті хандық құрып алмақшы. Бірақ бұл жүзеге асуға тиіс емес. Біріншіден, оған орыс империясы мүдделі бола алмайды. Екіншіден, қазақты мұндай тұтастыққа жеткізбеуге қазақ элитасының мемлекеттік мүдде хақындағы саяси ойының төмендігі, ортақ мақсатты ойлауға жоқ өзара алауыздығы көмектесіп тұр. Күні кеше Неплюев жоңғар елшілеріне орыс билігі сыртынан қазақ билеушілерімен сепараттық келіссөздер жүргізуге болмайтынын айтты. Ал, шындап келгенде, қазақ бірлігін ыдыратуға апаратын сепараттық келіссөздер Әбілқайыр ханның сыртынан әлдеқашан жүріп жатқан. Түрткі орыс өкіметі тарапынан-тын. Әбілқайыр өзін қазақтың бас ханы, аға ханы сезініп, орыс қамқорлығына өзімен бірге күллі қазақ халқын әкелдім деп ойлады, алайда билік емеуірінін жіті аңдаған қазақ элитасы өкілдері Әбілқайыр ханды місе тұтпай, оның сыртынан қилы әрекет жасап, орыс туы астына жеке-жеке сұранумен келеді. Ресей протекциясын мойындаған өз бас ханының айналасына топтасып, хандықты күшейтуге атсалысудың орнына, протектор қамытын жеке-жеке киіп, іс жүзінде ықтимал тұтастықты ыдыратуға үлес қосып келеді. Бұл ретте басты ханмен бәсекелесіп жүрген өз араларындағы қазақ билеушілерінің оның сыртынан сондай әрекетті жүзеге асыруға өте бейім тұрғаны тез байқалды. Ресейге арқа сүйеу қажеттігін, мұның тарихи мұқтаждық екенін ұққан Әбілқайырды қолдау, ел бірлігін сақтау үшін оның маңында топтасу, үлкен мемлекеттің қамқорлығымен біртұтас күшті хандық құрып алу мәселесін ойлауға олардың саяси өресі жетпеді. Жеке бастарының шамшылдығы ондай мүмкіндікке ой жүгірткізбеді де. Мәселен, «мұндай шара хақында бас хан менімен ақылдаспады» деп шамданған Орта жүз ханы Сәмеке өз бетінше Әбілқайырдың сыртынан өтініш білдіріп, Ресейге бодандықты қабыл алды. Ұлы жүз ханы Жолбарыс жоңғар ханы Қалдан Серенге вассалдық тәуелділікте болатын, оған алым-салық төлеп жүрген. Сол тәуелділіктен құтылу үшін аға хан Әбілқайырға арқа сүйеудің орнына, оның сыртынан екі мәрте орыс бодандығын алу әрекетін жасады. 1733 жылғы Төле би бастаған топтың хатынан кейінт1738 жылы Жолбарыс ханның өзі Ресей бодандығын қабылдау ниетін білдіріп, патшайымға хат жазды. Ол хатында Ұлы жүзді Ресей өз қамқорлығы мен қорғауына алса, Ресейдің ортаазиялық қалалармен сауда байланысын жақсартуға өзінің септесуге әзірлігін білдірген-ді. Бірақ жердің шалғайлығынан орындалуы созылып кеткен жоспары 1740 жылы жергілікті қожалар қолынан ойда жоқта опат болуы салдарынан жүзеге аспай қалды. Сәмекеден кейін Орта жүз ханы болған Әбілмәмбет пен оның қамқорлығындағы беделді әскери қолбасшысы Абылай сұлтан сол 1740 жылы қазақ хандығының тұтастығына өз ішінде аға хан Әбілқайырдың айналасына топтасу арқылы қол жеткізу қажеттігін ойламастан, тікелей Ресей бодандығын қабылдады. Содан бірер жылдан кейін Неплюев жоңғар тұтқынынан құтқарған Абылай сұлтан 1745 жылы Тобыл губернаторына Үйсін руының 300 үйін Ресей боданы болуға алып келді. Осындай сепараттық бодандық сұрау науқанында генерал Неплюев айрықша көңіл аударған тұлға – Орта жүз сұлтаны Барақ еді. Ол Неплюевтің ойынан шығып, 1742 жылғы қарашада императрица Елизаветаға хат жолдады, онда Ресейдің қоластына «өз ордасымен, атап айтқанда, қырық мың түтіні бар найман руымен бодандыққа келгенін» жазды. Бір сәт қазақ еліндегі аға хандық мәртебені ресми мойындап («үлкен бауырымыз Әбілқайыр ханның адал бодандықта тұрғанына разымыз»), сөйте тұра орыс саясаткерлерінің қазақтың сепараттыққа бейім беделді тұлғаларын жеке-жеке бодандыққа алу астарында не жатқанын пайымдамастан («бізге де бодандыққа келуге әмір етілген ерекше грамота алғандықтан»), тікелей Ресей бодандығына өтті («біз... адалдыққа ант береміз»). Елшісі арқылы өз тілегін білдірді («...біздің жіберіп отырған Сырымбет ауызша не айтса, соған сенуді сұраймын»). Барақ сұлтанның осынау елшісі 1743 жылғы 13 наурызда Елизавета патшайымның қабылдауында болды. Орыс кеңсе қызметшілері толтырған құжатта жазылғандай, императрицаға «Орта орданың Барақ сұлтаны елшісі арқылы бодандық алғысын білдіреді, аяғына жығылып, оны барлық иелігімен императорлық мейірімінің қамқорлығына алуды өтінеді». Тиісінше патшайым бодандыққа «Барақ сұлтанды қабыл алады, оны мейіріне бөлейтінінен үміттендіреді, соның белгісі ретінде қылыш сыйлайды». Бұл оқиғаны Неплюев Әбілқайыр ханның беделін түсіруге ұтымды пайдаланды. Ол енді Әбілмәмбет пен Барақты әрдайым көтере түсіп, Әбілқайырды төменшіктетіп, кемсіте түсті. Неплюевтің оларға (аға хан – хан – сұлтан) теңгермешілікпен қарауы, ресми, бейресми жағдайларда Барақ сұлтанды досы ретінде атауы, 1745 жылы оның тағы бір елшісін патшайымның зор құрметпен қабылдауына қамқорлық етуі, патшайымның Барақ сұлтанға тағы да арнайы бағалы сыйлық пен грамота жіберуі, оған қосымша, Бараққа губернатордың өзі тұлпар мінгізуі үлкен есеппен жасалған шаралар еді. Бәсекелесі Әбілқайыр ханды қорлайтын мұның бәрі найман әміршісінің жалын күдірейте түсті. Намысқой Әбілқайыр хан реніштерін әлденеше рет құпия кеңесші Неплюевке, патшайым Елизаветаға жазды. Қарулы жорыққа шығып, орыс қалаларын, Орынбор желісіндегі күшейтілген бекіністерді шабуылдады, сауда керуендерінің жолын кесті. Осындай әрекеттеріне байланысты тарихшы Владимир Витевский белгілі зерттеуінде оны «орыс халқының жауы», «Неплюевтің жеке дұшпаны» деп атады.
Сыртқы істер алқасының қаулысын ескере отырып, Басқарушы Сенат 1747 жылы Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевті татуластыру үшін «бригадир Алексей (Құтлұ-Мұхаммед) Тевкелевті» жіберуге, егер Әбілқайыр қитыға берсе, орнына басқа хан қоюға шешім шығарды. Алайда бұл Сыртқы істер алқасында: ханды халық өкілдері сайлайды, оған Ресейдің араласуы ыңғайсыз әрі Әбілқайыр хан қазақ арасында тек хан болғандығымен емес, «әккілігімен және ұлы фамилиясымен» үлкен күшке ие деген себеппен қолдау таппады. Ақыры, 1748 жылғы мамырда дипломатиялық мақсатпен Орынборға Тевкелев келді, артынша, маусым айында Әбілқайыр ханның ордасында Кіші және Орта жүздердің ақсүйектері мен шонжарлары (500 адам), «барлық істе еркіне беріліп, Әбілқайыр ханға сену және қалыптасқан жағдайдан шығудың жақсы амал табуын ханнан өтіну» қажет деп бір ауыздан шешті. Сол айдың соңында хан Тевкелевпен бірге Ор қамалында Неплюевпен кездесті. Келіссөз барысында Әбілқайыр хан мен губернатор Неплюевтің татуласу рәсімі өтті. Әбілқайыр орыс тұтқындарын қайтаруға, Ресейге қарсы жауынгерлік жорықтарын тоқтатуға, орыс көпестерінің қазақтармен, өзге де көрші халықтармен сауда ісін дамытуына жәрдемдесуге уәде етті. Өтеуіне, ресейлік тараптан Ресей бодандығы институты туралы өз ұғымын мойындауды табанды түрде талап етті. Орынбор әкімшілігі оның қазақ қоғамындағы аға хандық мәртебесін нығайтуға, аға хан институтын күшейтіп, қазақтарды өз билігіне бағындыруға көмектесуі тиіс деп санады. Тарихшы Павел Матвиевский «Әбілқайыр ханның ымыраға тек бір ғана жағдайда – қазақтарды оның билігіне біріктіруге Неплюев толығымен келіскен жағдайда ғана келуі ықтимал екенін көрсетті» деп өте дәл анықтап жазған. Қойған мәселесінің патшайым сарайында шешім табуын тосып жүргенінде (қазақтарды ел билігін бір орталыққа, бір қолға шоғырландырып, Әбілқайыр хан арқылы басқарудың дұрыстығын, сол үшін арнайы пәрмен шығару жайын Тевкелев қолдаған), Неплюевпен татуласу рәсімінен бір ай өткенде, Әбілқайыр хан Барақ сұлтанның қолынан қаза тапты...
Арыстан мен айдаһардың ортасында
Мықты мемлекеттілік құрып алу хақында Әбілқайыр ханның Ресей қамқорлығына артқан үміті оның өлімімен бірге күйреді. Далалық аңғал әмірші, біріншіден, қазақ тәрізді көшпенді қалмақтың Ресей бодандығын қабылдау және орыс мемлекетін қамқоршысы ретінде тану арқылы күшті хандық құрып алғанын көріп, хандығын тап сол секілдендіре тұтастыру һәм күшейту мүмкіндігі туды деп алданды. Екіншіден, боданының күшті мемлекеттік құрылым жасауына орыс патшалығының ешқашан жол бермейтінін, бодан болуды біржола бағыну деп ұғатынын, бодандық сұраған елді өзіне түбегейлі бағындыру үшін қилы амалға баратынын білмей алданды. Үшіншіден, өзінің саяси өресі тайыз шыңғыстұқымдас бауырларының қазақ халқының елдігін емес, жеке бастарының игілігін күйттеуге бейім тұрғандығын, ханның сыртынан империя қолтығына тікелей кіруге құлшынып қана қоймай, қазақ елін бөлшектеуге мүдделі айтаққа оңай еріп, ханның көзін жоюға тырысатынын білмей алданды.
Әбілқайыр хан ақыры, бітіспес жауы генерал Неплюевпен формальды түрде татуласып, хандығының мемлекеттік тұтастығына қолдау көрсетілуі ықтимал аса биік дәрежелі пәрмен берілуінен үміттеніп жүргенінде, жолын торыған дұшпанының қанды қанжарына түсті. Саяз да өресіз, мансапқұмар, бақталас сұлтандармен және орынборлық губернатормен кескілескен саяси күреске түскен қазақтың ең белгілі, ең әйгілі, ең басты ханын Торғай өзенінің жоғарғы ағысындағы ордасынан елдегі ішкі мәселелерді қарауға шыққан шағында бас дұшпаны Барақ сұлтан көп жігітімен 1748 жылғы 1 тамызда шабуылдап, өлтіріп кетті. Халық үшін, қазақтың белгілі тұлғалары үшін жауынгер баһадүрдің талай шайқасты бірге өткізген үзеңгілес батырлары үшін бұл орны толмас қаза еді. Ал Неплюев үшін – өте жағымды жаңалық болды. Өйткені Әбілқайыр ханның өлімінен соң орын алуға тиіс биік мәртебелі ауысымдар құпия кеңесшіге аса қажет саяси-құқықтық құрал беріп тұр еді. Ресей бодандығын мойындаған қазақ әміршілерін бастарын біріктірмей, іс жүзінде жеке-жеке біржолата бағындырып алуға қолайлы жағдай туған. Қазақ элитасы арасына өзара бақталастық пен бірін бірі мойындамаушылық уын сәтімен шашып жүрген губернатор һәм құпия кеңесші Неплюев 1748 жылдың қазанында, Әбілқайыр ханның қазасынан айдан сәл-ақ астам уақыт өткеннен кейін орталыққа: «Әбілқайыр сияқты әккі адамдар таққа жіберілмесе, Қазақ хандығы дегеніміз түк те емес», – деп хабарлады. Онысы рас еді, Әбілқайыр хан өлтірілгеннен кейін қазақ басқарушы элитасы ішінен орыс империясымен елінің тұтастығы үшін айқасатын ол сияқты тұлға шықпады. Қазақ елі үстінде Ресей патшалығының нақты мемлекеттік-саяси протекциясын еркін жүзеге асыратын дәуір туды. «Жеке дұшпаны» Әбілқайыр ханнан құтылған құпия кеңесші генерал Неплюев орыс-қазақ қатынастары тарихының шын мәніндегі жаңа кезеңін бастауға жол салды. Ол Әбілқайыр ханның сүйікті зайыбы Бопай ханша мен ұлдарын мынаған: билер кеңесінде әкесінің орнына хан боп сайланған Нұралының хандық мәртебесін орыс императрицасына бекіткізіп алу өте тиімді болады деген ойға сендірді. 1748 жылдың қысында арнайы делегация Петербургке аттанып, Әбілқайыр ханның үлкен ұлы Нұралыны 1749 жылғы 13 сәуірде хан мәртебесіне бекіткен патшайымның пәрменімен 1749 жылдың жазында оралды. 30 маусымда Орынборда Неплюев тұңғыш рет қазақтың Кіші жүзінің ханын орыс әкімшілігіне салтанатты түрде таныстыру рәсімін өткізді. Құпия кеңесші енгізген бұл жаңалықтың саяси мәні сол – бұдан былай хан сайлау тек орыс үкіметінің келісімімен өткізілуге тиіс...
Сонымен, Нұралы Әбілқайырұлы билер, рубасылар мен батырлар кеңесінде Кіші жүз ханы лауазымына сайланды. Қалыптасқан дәстүр бойынша қазақ елінің аға ханы мәртебесі жиырма шақты жылдан бергі Орта жүз ханы Әбілмәмбетке өтті. Бірақ бұл өте номинальды атақ еді, ол аға хан ретінде тұтастай қазақ елін өз қоластына бағындыруға ешқандай әрекет жасаған емес, орыс әкімшілігі алдына өз мәртебесін мойындату талабын ешқашан қойған емес. Өкінішке қарай, жалпы қазақ элитасының мемлекеттілік тұрғысындағы саяси ой өресінің тарлығы салдарынан, оның өзі де Әбілқайырдың аға хандық мәртебесіне терең саяси мән беріп қарай алмаған-ды. Кезінде «қазақтың аға ханының орыс туына адалдығын білдірген анты бәріміз үшін жеткілікті, біз аға хан билігін мойындаймыз» деп мәлімдей алмады. Ел басқарушылар сөйтіп империя аранына жеке-жеке жұтылды. (Әбілмәмбет Абылай екеуі Ор қамалына 1740 жылы өздерімен бірге Орта жүздің 128 ақсүйегі мен шонжарын ертіп әкелген де, орыс бастықтың талабына сай кілем үстінде тізерлеп, бөріктерін шешіп, құран ұстап ант берген). Ал оңтүстікте Жолбарыс хан қаза тапқаннан кейін Ташкентті басқаруға Төле би тағайындалды, хан сайланған жоқ, өлке жоңғар қоластында қалып келе жатқан. Қаһарлы қонтайшысы Қалдан Серен 1745 жылы өмірден өткеннен кейін жағдай өзгере бастады. Жоңғария ішінде үздіксіз тақ таласы жүріп, хандық бұрынғы қаһарынан айрылды. Тиісінше, Жетісу, Тарбағатай өлкелерінде қазақ батырларының азаттық үшін күресуі өрши түсті.
Жоңғарда тұтқында болған кезінде Абылай сұлтан қонтайшы әулетімен жақын болуға тырысқан, ойрат нойоны Амурсанамен достасқан, елге ораларында татулық жайында шарт жасасып кеткен. Оның Аюке ханның жесірі Дарма-Балаға жазған хатында: «Мен, Абылай сұлтан, сізге денсаулық тілеймін, біздің барлық бодандарымыз сізге иіліп сәлем жолдайды. Өзім жайында сізге мынаны хабарлаймын: мен Қалдан Сереннің қолынан аман-есен және абыроймен босанып, үйге келдім. Мені Қалдан Серен өзінің ұлындай көреді, ал сіздің немерелес б
Пікір қалдыру