Бас банкир "7-20-25" бағдарламасы бойынша есеп берді

/uploads/thumbnail/20180301090442741_small.jpg

Бүгін Үкімет отырысында «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысы талқыланды. Оның ішінде ең маңыздыларының бірі биылғы жылдың шілде айында басталған «7–20–25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев есеп берді. Бірақ ол жалпылама бағдарлама ережелерін түсіндіру мен құрғақ цифрларды атаудан басқа мардымды да қуантарлық ештеңе айтпады.

«Қазақстандықтар бұл бағдарлама арқылы жыл сайынғы мөлшерлемесі 7%, бастапқы жарнасы 20% және 25 жылдық мерзімде теңгемен несие есебінен тұрғын үй сатып ала алады. Ең алдымен, бағдарлама талаптарына сәйкес келетін тұрғын үй таңдалу керек. Екіншіден, бағдарламаға қатысатын банкке барып несие алу туралы өтініш жазылуы тиіс. Үшіншіден, табыс ресми түрде расталып, жеке меншікте тұрғын үй болмауы тиіс. Қазіргі уақытта жеті банк өтініш қабылдап жатыр», - деп Д. Ақышев бәріміз жатқа білетін шарттарды атап шыққан.

Сонымен қатар ол қазіргі таңда 28 млрд теңгеге 2352 өтінім мақұлданғанын айта келе Астана, Алматы Шымкент қалаларының маңындағы аймақтар тұрғын үйдің максималды құны 25 млн теңге тұратын өңірлер ретінде саналатынын айтты. Мегаполис қалаларда баспананың қымбат болуына байланысты аталған сомамен шектеу кейбір банк клиенттері үшін тиімді ме?

Ал, енді қарасаңыз жаз ортасынан бері бүкіл Қазақстан бойынша тек 2352 өтініш қана түскені, әлбетте, өте аз екені түсінікті. Бұл жерде басты гәп коммерциялық банктердің бұл бағдарламаға аса құлықты болмауы. Мемлекет тарапынан қаржы бөлу керек болғанда ауыздарын арандай ашуға дайын тұратын банктер неге осындай халыққа пайдасы бар жобаларға қолдау көрсете алмайды. Ұлттық банк оларды ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға өкілеттігі әбден жеткілікті болғанмен де оның басшылығы тарапынан да мұндай ерекше құлшынысты байқамадық.

Атап, нақтылап айтсақ, Қазақстанда үйсіз-күйсіз жүрген қанша отбасы бар екен және олардың қанша пайызын осы бағдарлама аясында қамту көзделгендігін неге Д.Ақышев мырза зерттеп-зерделемеген?

Әрбір отырыста банк терминологиясын пайдалана отырып, «аңқау елге – арамза молда» принципімен қалың жұртқа түсініксіз тілде ақпар бергенді қойып, халыққа нақты пайдасы тиетін жұмыстарды атқарса ғана біздің атқамінерлеріміздің абыройлары артар еді. Оны назарға алып, нәтиже шығаруды осы Д.Ақышев мырзаға тағы сеніп тапсырайық.

 Серікқазы Көкенай

 

Қатысты Мақалалар