Қазақ руханиятының кең өрісінде өзіндік ізі бар, ұлттың сөзін сөйлеп, салтын түгендеуге бар ғұмырын арнаған тұлғалар болады. Солардың бірі – жазушы, журналист, қоғам қайраткері, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Аршагүл Тойбай. Қасиетті Наурыз мерекесімен бірге туған қаламгердің тағдыры да, талғамы да ұлттың тамырымен терең сабақтас.
Аршагүл Серікқызы туған күнін көктемнің келуімен, табиғаттың жаңаруымен бірге қарсы алады. Бұл – оның өмір жолының да символындай. Өйткені оның бүкіл ғұмыры ұлт руханиятының жаңғыруымен үндесіп жатыр.
1992 жылы 15 наурызда Үкімет қаулысының негізінде Наурыз мерекесі мемлекеттік мәртебеге ресми түрде ие болды. Ал 1926 жылы Кеңес өкіметі тарапынан тыйым салынған бұл ұлы мейрам араға 62 жыл салып, тек 1988 жылы ғана қайта аталып өтті. Егемендіктің елең-алаң шағы. Ұлт жадын қайта жаңғырту, ұмыт болған құндылықтарды тірілту – уақыттың басты талабы еді.
Дәл осы кезеңде Наурыз мерекесін халыққа кең көлемде ұсыну ісі қолға алынды. Қазақ телевизиясының бас редакторы Дулат Исабеков бірнеше редакциядағы таңдаулы журналистерге мерекеге арналған сценарий жазуды тапсырды. Ол кезде Наурыз туралы жүйелі дерек те, дайын материал да жоқтың қасы болатын. Осындай қиындықтарға қарамастан, Аршагүл Тойбай бұл іске үлкен жауапкершілікпен кірісті. Сценарий жазу барысында бірнеше үміткердің арасынан оның еңбегі үздік деп танылып, Дулат Исабековтың таңдауы дәл осы Аршагүлге түсті. Бұл – оның кәсіби біліктілігі мен шығармашылық қарымының айқын дәлелі. Ізденімпаз журналист бұл жұмысқа терең дайындықпен келді. Этнограф-ғалым Жағда Бабалықов сынды мамандармен кеңесіп, архивтерді ақтарып, Наурыздың түп-төркінін зерттеді. Ахмет Байтұрсынұлы мен Иса Байзақовтың еңбектеріне сүйене отырып, мерекенің мәні мен маңызын жан-жақты ашуға ұмтылды. Нәтижесінде, ол ұйымдастырған 24 сағаттық арнайы телехабар – жай ғана мерекелік бағдарлама емес, ұлттық рухты қайта тірілткен тарихи жобаға айналды. Сол хабарда тайқазан қайнап, ақсақалдар бата беріп, жастар ұлттық ойындар көрсетіп, халықтың ұмыт қалған салт-дәстүрі қайта жаңғырды. Бағдарламаның ең әсерлі сәттерінің бірі – ақын Мұқағали Мақатаевтың анасы Нағима әженің 103 жасында берген ақ батасы болды. Сонымен қатар, бағдарлама қонағы ретінде атақты спортшы Мұстафа Өзтүрік қатысып, мерекенің рухын асқақтата түсті. Осындай тағылымды көріністер көрерменнің жүрегіне жол тауып, ұмыт болған ұлттық құндылықтарға деген сағынышты қайта оятты. Осылайша, Аршагүл Тойбай ұйымдастырған алғашқы қадамдар Тәуелсіз Қазақстандағы Наурыз мерекесінің қайта жаңғыруына берік негіз қалады. Таң шапағынан түн ортасына дейін толассыз жалғасқан телемарафон – қазақ халқының қайта түлеген рухының айқын көрінісі болды десек, артық айтқандық емес. Мәдина Ералиеваның әсем үнімен ашылған хабар, Нұрғиса Тілендиев басқарған «Отырар сазы» оркестрінің күмбірі, елдің ардақты тұлғаларының қатысуы – бәрі де ұлттың жүрегін тербеп, рухын көтерді. Бұл – Наурыздың жай ғана мереке емес, халықтың өз тарихымен, салт-дәстүрімен қайта қауышқан ұлы сәті екенін дәлелдеген тарихи кезең еді.
Аршагүл Серікқызы – жазушы ғана емес, тұтас бір дәуірдің рухани шежіресін жасаған жан. Оның «Ақкербез», «Мәңгілік жол», «Қос құбылам», «Даланың дана арулары», «Қазақ солдаты» сынды еңбектері – қазақ болмысының бояуын қанық көрсететін құнды дүниелер. Тәуелсіздік алған тұста ұлттың ұмыт қалған құндылықтарын қайта жаңғырту – уақыттың басты талабы болды. Сол бір алмағайып кезеңде халықтың рухани әлеміне сәуле түсіріп, ұлттық сананы оятуға еңбек еткен тұлғалардың бірі – Аршагүл ханым. Оның шығармашылық жолы – тек журналистік қызмет қана емес, тұтас бір ұлттың рухани жадын тірілтуге бағытталған қажырлы еңбек. Аршагүл Серікқызы ҚазМУ-дың журналистика факультетін бітіргеннен кейін Қазақ телевизиясында еңбек жолын бастады. Оның ұстазы – бас редактор Совет Мазғұтов болды. Алғашында ақпараттық бағдарламалар редакциясында қызмет атқарып, кейін музыкалық бағдарламалар редакциясында он жылға жуық еңбек етті. Жалпы, оның журналистік жолы тағдырдың тосын бұрылыстарымен өрілген. Бала күнінде дәрігер болуды армандаған ол аудандық газет редакторының ақылымен журналистикаға бет бұрады. Осылайша, ҚазМУ-дың журналистика факультетін тәмамдап, қазақ телевизиясының табалдырығын аттады. Сол сәттен бастап оның өмірі өнер мен өнегенің, ізденіс пен ізгіліктің арнасына айналды. Ол телеарнада қызмет еткен жылдары «Шашу», «Туған жер әуендері», «Сымбат», «Кешкі әуендер», «Тамаша» секілді бағдарламалар халықтың жүрегінен орын алды. Ал «Шежіре», «Атамұра», «Тұлпардың тұяғы» тәрізді тарихи-танымдық жобалар арқылы өткеннің үнін бүгінге жеткізді. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына арналған «Мұхтар әлемі» телеэнциклопедиясы – қазақ телевизиясындағы жаңа жанрдың бастауына айналған іргелі еңбек. Бұл жобада Мұхтар Әуезовтің жанында жүрген, жолдас, сырлас, қаламдас болған игі тұлғалар – Әбділда Тәжібаев, Хамит Ерғалиев, Мұзафар Әлімбаев, Әбіш Кекілбаев, Шыңғыс Айтматов сынды қайраткерлермен сұхбаттасып, олардың естеліктері арқылы жазушының өмір жолын жан-жақты ашып көрсетті.
Журналистің «Алып анадан туады» атты телерубрикасы – аналар тақырыбын терең қозғаған маңызды жобалардың бірі. Осы бағыттағы ізденістері барысында Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек, Шыңғыс Айтматов сынды ірі тұлғалармен сұхбаттасып, рухани қорын байытты. Сондай-ақ философия ғылымының докторы, профессор Ғарифолла Есімовпен бірлесіп дайындаған имандылық тақырыбындағы «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» атты пәлсапалық хабарлар топтамасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Еңбегі елеусіз қалған жоқ. Кәсіби шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті үшін Аршагүл Тойбай Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. Ширек ғасырға жуық Қазақ телевизиясында қызмет еткеннен кейін оның еңбек жолы Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында жалғасты. Журналистің жүрегі қашанда елдің мұңымен үндес. Осы қасиет оны онкология институтына жетеледі. Тозығы жеткен ғимаратты көріп, науқастардың жағдайына алаңдаған ол мәселені көтеріп, билікке жеткізді. Соның нәтижесінде институт жаңарып, өзі сол жерде баспасөз хатшысы қызметін атқарды. Мұнда «Здоровая Азия» онкологиялық сырқаттарды қолдау қоры құрылып, Аршагүл ханым осы қордың вице-президенті әрі «Адам. Дәуір. Медицина» журналының бас редакторы қызметін атқарды. Журнал беттерінде онкология тақырыбы алғаш рет қазақ тілінде кеңінен көтеріліп, мамандармен сұхбаттар жарияланды. Аталған сала бойынша ана тілімізде ақпаратты мүмкіндігінше молынан жеткізуге күш салынды. Аурудың алдын алу шаралары мен емдеу тәсілдері жөнінде көпшілікке арналған арнайы әдістемелік оқу құралдары жарық көрді. Қорда қызмет ете жүріп, елімізде қатерлі ісіктердің ішінде сүт безі обырына жыл сайын 3000-ға жуық әйел шалдықса, соның тең жартысынан астамы көз жұматынын айтып, дабыл қақты. Сонымен қатар, Қазақстанда маммолог дәрігерлердің тапшылығы мәселесін көтерді. Сүт безі обырын ерте анықтайтын скринингтің қажеттігін Үкіметке жеткізіп, бұл бастаманың жүзеге асуына үлес қосты. Қазақ тілінде медициналық ақпараттың дамуына ықпал етіп, скринингтік бағдарламаларды енгізуге атсалысуы – оның азаматтық ұстанымының биіктігін айқындай түседі. Ал қайырымдылық – Аршагүл ханымның болмысына біткен асыл қасиет. Жаңа жыл қарсаңында онкологиядағы балаларға тәтті мен ойыншық апарудан басталған игі іс уақыт өте келе игі дәстүрге айналды. «Бір баланы қуантсаң, жүз періште қуанады» деген сөзді өмірлік ұстанымына айналдырған жан үшін бұл – ең үлкен марапат. Жазушының «Даланың дана арулары» еңбегі – ұлт тарихындағы әйелдер бейнесін жаңаша танытқан рухани қазына. Бұл туындыда көне дәуірден бүгінге дейінгі аналардың өмірі, ерлігі мен даналығы кеңінен көрініс тапқан. Томирис секілді тарихи тұлғалардан бастап, Домалақ ана, Бопай ханша, Сапар Матенқызы тәрізді аналардың тағдыры көркем суреттеледі. Олардың әрқайсысы – ел мен жер үшін күрескен, ұлт рухын асқақтатқан қайсар жандар.
Кейін Аршагүл Серікқызының қызметі жаңа арнаға бағыт алды. Абылай хан атындағы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетінің профессоры Бақыт Шпекбаева «Анаға құрмет» музейінің негізін қалап, оны осы игі іске бірге атсалысуға шақырды. Бұл ұсынысты ол бірден қабыл алды. Музейге келгеннен кейін жан-жақтан экспонаттар жинап, оның мазмұнын байытып, атауына сай деңгейге жеткізуге күш салды. Аналарға арналған музей болғандықтан, оның төрінде кимешектің тұруы – заңдылық еді. Алдымен өз әжесінің кимешегін әкеліп қойды. Кейін басқа өңірлер мен руларға тән, өзіндік өрнегі бар кимешектерді іздеп тауып, жинақтай бастады. Осылайша, кимешекке деген қызығушылығы артып, оны халыққа кеңінен танытуға бар күш-жігерін жұмсады. Ұлттық құндылықтарды дәріптеуде Аршагүл ханымның есімі кимешекпен қатар атала бастады. Қазақ аналарының асыл мұрасын қайта жаңғыртып, оның мән-маңызын түсіндіруді өмірлік миссиясына айналдырды. «Анаға құрмет» музейіндегі ұзақ жылғы еңбегі – ұлт мұрасын ұлықтаудың жарқын үлгісі. Әр өңірдің өрнегімен тігілген кимешектерді жинап, олардың тарихын сөйлету арқылы ол өткен мен бүгінді жалғаған алтын көпірге айналды.
Кимешек – жай ғана бас киім емес. Ол – ананың мәртебесі, ұлттың айнасы. Аршагүл апай осы қасиетті терең жүрегімен сезініп, оны жас ұрпақтың санасына сіңіруді азаматтық парызы деп біледі. Мектептер мен жоғары оқу орындарында дәріс оқып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттауы – соның айқын дәлелі. Қазақта «текті жерден текті сөз туады» деген даналық бар. Аршагүл Серікқызының әрбір ісі мен әрбір сөзі сол тектіліктің шынайы көрінісіндей әсер қалдырады. Ол – қаламымен де, қайырымымен де, берік ұстанымымен де ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан тұлға.
Қаламгер Кәмиля Құдабаева Аршагүл ханымның еңбегіне жоғары баға бере отырып, оны «ана тәжін киген бүгінгі арулардың бірі» деп сипаттайды. Бұл – жай ғана теңеу емес, терең мағыналы баға. Себебі Аршагүл ханым ұмыт бола бастаған аналар бейнесін қайта жаңғыртып, оларды халыққа жаңа қырынан таныта білді. «Анаға құрмет» музейінде жасақталған аналар галереясы – бүгінгі ұрпақ үшін тағылым, ертеңгі күнге аманат. Ал Алматы қаласы әкімдігіне ұсыныс жасап, музей аялдамасының ашылуына ықпал етуі – оның мәдениетке деген шынайы жанашырлығының нақты көрінісі.
Сөз түйінінде айтарымыз, Аршагүл Тойбай – ұлттық руханияттың шынайы жанашыры. Оның еңбектері арқылы қазақ халқының асыл мұрасы қайта жаңғырып, ұлт жадында мәңгілік сақталары сөзсіз.
Алма Серікқали