Болашақтың төрт қыры: Алматыдағы жаңа білім беру философиясы қалай жұмыс істейді?

/uploads/thumbnail/20260429233442567_big.webp автор

Алматыда «Заманауи білім берудің төрт қыры» атты таныстырылым өтті. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасымен салынған білім ордаларының жұмыс барысы көрсетілді.

Технология мен дәстүр үндестігі

Теректі мен Қарасу шағын аудандарындағы жаңа мектептерде білім беру үрдісі толық цифрландырылған. Мұндағы басты ерекшелік – «Ақылды киіз үй» жобасы. Бұл орталықта STEM бағыты ұлттық кодпен ұштасқан: роботтар асық атып, арқан тартысса, жасанды интеллект көмегімен ұлттық нақыштағы бұйымдар дайындалады. Сонымен қатар, оқушылардың назарын смартфоннан ұлттық ойындарға аударатын «Гаджетсіз күн» жобасы іске қосылған.

Жаңа мектептердің басты ерекшелігі – білім берудегі креативті тәсілдер. Мәселен, Теректі шағын ауданындағы №213 мектепте дәстүрлі оқу үрдісі толық цифрландырылған. Кабинет есіктеріндегі QR-кодтар арқылы мұғалімдердің жетістіктерімен танысуға, ал арнайы көрмелерден оқушылардың робототехника саласындағы жобаларын көруге болады. Мұндағы «Гаджетсіз күн» бастамасы балаларды ұлттық ойындарға баули отырып, олардың әлеуметтік дағдыларын дамытуға бағытталған.

Ал Қарасу шағын ауданындағы №218 мектепте құрылған «Ақылды киіз үй» – STEM бағыты мен ұлттық салт-дәстүрдің нағыз тоғысқан нүктесі. Бұл кеңістікте роботтар асық атып, арқан тартысса, жасанды интеллект көмегімен лазерлік технологиялар арқылы ұлттық бұйымдар жасалады.

Ақбұлақ пен Самғау шағын аудандарындағы №154 және №217 мектептерде жаратылыстану ғылымдарын оқытудың мүлдем жаңа форматы енгізілген. «Ғылыми синтез аймақтарында» (Science Fusion Zone) химия, биология және география пәндері арасындағы шекара жойылып, оқушылар пәнаралық байланыс арқылы күрделі мәселелерді шешуді үйренеді. Сондай-ақ, «DANALYQ TIME» және «Профессия LAB» сияқты арнайы зертханалар оқушылардың жеңіл өнеркәсіп пен биотехнология саласындағы алғашқы кәсіби қадамдарын жасауына жағдай жасайды. Бұл бағыт оқушылардың тек теориялық білім алып қана қоймай, болашақ мамандығын мектеп қабырғасынан бастап саналы түрде таңдауына септігін тигізеді.

Алматы қаласындағы оқушы орнының тапшылығы, әсіресе қарқынды дамып келе жатқан Алатау ауданында өзекті мәселе болып қала береді. Осы мәселені жүйелі шешу үшін «Келешек мектептері» жобасы аясында қала бойынша 35 мың орындық 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 13-і пайдалануға берілсе, жаңа оқу жылына дейін Алатау, Наурызбай және Түрксіб аудандарында тағы 8 мектеп есігін ашпақ. Әрбір мектеп заманауи интерактивті тақталармен, STEM-кабинеттермен, кең кітапханалармен және қауіпсіздіктің жоғары жүйесімен (бейнебақылау, турникеттер, дабыл түймелері) толық жабдықталған.

«Келешек мектептері» – бұл жай ғана инфрақұрылымдық жоба емес, бұл отандық білім беру саласындағы жаңа философия. Оның басты мақсаты – үш ауысымды оқытуды жойып, балаларға жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру. Жоба аясында ашылған әрбір мектеп сапалы білімнің қолжетімділігін арттырып, оқушылардың өзін-өзі дамытуына, буллингке қарсы тұруына және өзара сыйластық құндылықтарын дәріптеуіне мүмкіндік береді.

Қатысты Мақалалар