Ұлттық банктің бүгінгі дерегіне сәйкес, Қазақстанда алтынның ресми бағамы 1 грамм үшін 75 200,37 теңгеге жетті. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Бір күн ішінде алтын бағасы 2,59 пайызға өсіп, 1 895 теңгеге қымбаттаған. Ал бір жылдағы өсім 65,7 пайызды құрайды. 2025 жылғы 13 қаңтармен салыстырғанда баға 29 817 теңгеге артқан.
Әлемдік нарықта алтынның бір трой унциясы (шамамен 31 грамм) 4 599 долларға бағаланып отыр. Бұл теңгемен есептегенде шамамен 2,35 млн теңге. Сарапшылар алдағы уақытта баға 6 000 доллардан жоғары деңгейге жетуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Сонымен қатар мамандар алтын құнының қазіргі өсуі алыпсатарлық сипатта болуы ықтимал екенін ескертеді. Мұндай жағдайда нарықта күрт түзетулер болып, бағаның қысқа мерзімде төмендеу қаупі сақталады.