Қаңтардан бастап ресми жұмыс істейтін азаматтардың айлық табысы шамамен 7 500 теңгеге артуы мүмкін. Бұл салықтық шегерімдерге енгізілген жаңа өзгерістердің нәтижесі.
Бұрын жалақының 55 мың теңгеге дейінгі бөлігі салықтан босатылса, енді бұл шек 130 мың теңгеге дейін көтерілді. Салықтан босатылатын сома 75 мың теңгеге ұлғайып, оның 10 пайызы — 7 500 теңге қызметкердің өз табысына қосылады.
Қаржы сарапшылары атап өткендей, жалақыдан ұсталған салық жұмыс берушінің емес, қызметкердің жеке салығы болып табылады. Жұмыс беруші тек оны мемлекетке аударуға міндетті агент ретінде қызмет атқарады. Сондықтан заңдағы жаңа өзгерістерден туындайтын жеңілдіктер тікелей қызметкердің табысына қосылады.
Сарапшылар қызметкерлерге есеп бөліміне барып, жалақының өсуін нақтылап сұрауға кеңес береді. Бұрын қолданылған стандартты шегерім 14 айлық есептік көрсеткішке негізделсе, енді 30 айлық есептік көрсеткішке сай базалық шегерім қолданылады. Алайда бұл жеңілдік автоматты түрде жүзеге аспайды — салықтық шегерім тек қызметкер есеп бөліміне ресми өтініш тапсырған жағдайда ғана қолданылады.