Илон Масктің экс-қалыңдығы яғни бір ұлының анасы Эшли Сент-Клэр Маскқа тиесілі xAI компаниясын сотқа берді. Ол Grok жасанды интеллекті өзінің рұқсатынсыз жыныстық сипаттағы жалған (deepfake) суреттер жасағанын мәлімдеді. Талап арыз Нью-Йорк штатының жоғарғы сотына берілген.
27 жастағы Сент-Клэрдің айтуынша, Grok нақты адамдарға қатысты әдепсіз бейнелер жасамауға уәде бергеніне қарамастан, оның атына ондаған қорлайтын және заңға қайшы суреттер таратылған. Кейбір материалдарда ол кәмелетке толмаған кейіпте көрсетілген деп айтылады.
Сент-Клэр — оңшыл көзқарастағы саяси комментатор және жазушы. Ол Маскпен арадағы қарым-қатынасы үзілгенін, екеуінің 2024 жылы дүниеге келген ортақ баласы бар екенін растады.
Оны технологиялық компаниялардан зардап шеккен адамдардың құқығын қорғаумен айналысатын адвокат Кэрри Голдберг қорғауда. Адвокаттың айтуынша, Grok қауіпсіз өнім емес және ол қасақана қорлау құралына айналған.
Сот құжаттарында X әлеуметтік желісі Сент-Клэрдің шағымдарынан кейін оның аккаунтын табыс табудан ажыратып, оған қатысты жалған бейнелердің одан әрі таралуына жол бергені айтылған.
Сент-Клэр бұл әрекеттер өзін қатты психологиялық күйзеліске ұшыратқанын айтып, моральдық және қаржылық өтемақы талап етуде.
Ал Илон Маск X платформасында пайдаланушылар жасаған контентке өздері жауапты екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, Grok өздігінен сурет жасамайды, тек қолданушы сұранысы бойынша әрекет етеді. X компаниясы болса кәмелетке толмағандарға қатысты немесе рұқсатсыз жыныстық контентке «мүлде төзбеушілік» саясатын ұстанатынын хабарлады.
Сонымен қатар X компаниясы қарсы талап арыз беріп, платформа шарттарына сәйкес істің Нью-Йоркте емес, Техаста қаралуы тиіс екенін алға тартты.
Сент-Клэр бұған дейін берген сұхбатытарында өзін «қатты шошынған әрі жеке шекарасы бұзылғандай сезінгенін» айтқан. Оның сөзінше, бұл — харассменттің тағы бір құралы. «Мәселенің түп-тамыры — келісімнің болмауында», — деді ол.
Қазіргі таңда Масктің үш әйелден 13 баласы бар екені белгілі.