БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі Иранда соңғы апталарда болған қанды наразылықтарға байланысты шұғыл отырыс өткізді. Жиын АҚШ-тың бастамасымен шақырылды.
Иранның БҰҰ-дағы өкілі Голамхосейн Дарзи елінің қақтығысқа ұмтылмайтынын, бірақ АҚШ тарапынан кез келген агрессия болса, Иранның жауап беретінін мәлімдеді. Ол Вашингтонды Ирандағы тәртіпсіздіктерді қоздыруға қатысы бар деп айыптады.
АҚШ өкілі Майк Уолц Иран билігінің наразылықтарға қатыгездікпен жауап беріп жатқанын айтып, интернеттің өшірілуі жағдайдың нақты ауқымын анықтауға кедергі келтіріп отырғанын жеткізді.
БҰҰ өкілі Марта Побии наразылықтар 2025 жылдың желтоқсанында экономикалық дағдарыс салдарынан басталып, бүкіл елді қамтығанын айтты. Адам құқықтарын қорғаушылар 18 мыңнан астам адам ұсталғанын хабарлаған, бірақ бұл деректер әлі расталмаған.
Иран билігі наразылыққа қатысушыларды өлім жазасына кесу жоспары бар деген ақпаратты жоққа шығарды.
Отырыс барысында ирандық азаматтық қоғам өкілдері де сөз сөйлеп, халықаралық қауымдастықты Ирандағы қантөгіске жауаптыларды жауапқа тартуға шақырды.