Қазақстанда мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген азаматтарға банктер мен микроқаржы ұйымдарының несие беруіне тыйым салу жоспарланып отыр. Бұл норма «Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулы жобасында көзделген.
Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген. Жобаға сәйкес, Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметке шақырылған азаматтар туралы ақпаратты несиелік бюроларға беретін болады. Аталған мәліметтер несиелік есепте белгі ретінде көрсетіледі.
Осыдан кейін, азаматтар несие алуға өтінім берген жағдайда, банк немесе микроқаржы ұйымы алдымен оның мәртебесін тексеруге міндетті. Егер кредиттік есепте өтінім берушінің қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметте жүргені көрсетілсе, несие беруден бас тартылуы тиіс.
Қаулы жобасы 3 ақпанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылған. Қоғамдық талқылау нәтижесі бойынша құжатқа өзгерістер енгізілуі немесе ол бекітілуі мүмкін.