Threads-та танысу: интернеттегі «сүйіктіңіз» алаяқ болуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20260126101818387_big.webp каз365

Қазақстанда киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн танысулар кезінде сақ болуға шақырды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында өзін жалғызбын деп таныстырып, «шынайы қарым-қатынас» іздейтін аккаунттардың артында алаяқтар тұруы мүмкін, деп хабарлайды Qamshy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомствоның түсіндіруінше, қаскөйлер тартымды жігіт немесе қыз бейнесін жасап, хат алмасуға белсенді түрде кіріседі. Олар тез арада сенімге кіріп, эмоциялық байланыс орнатуға тырысады. Алайда біраз уақыттан кейін әңгіме қаржылық көмек сұрауға ұласады. Көбіне алаяқтық схемалар бірнеше кезеңнен тұрады: алдымен жақын қарым-қатынас орнату, кейін қиын жағдай, ауру немесе «тиімді инвестиция» туралы әңгіме айту, соңында ақша аударуды сұрау.

Полиция өкілдері егер интернеттегі таныс адам видеоқоңыраудан немесе жеке кездесуден қашқақтаса, ақша аударуды талап етсе, бөгде адамдардың фотосуреттерін пайдалануы мүмкін болса, сақ болуға кеңес береді. Әсіресе шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы ақша жіберу ұсынылса, бұл – алаяқтықтың айқын белгісі.

Құқық қорғау органдары қазақстандықтарға интернет арқылы танысқан адамдарға ақша мен жеке деректерді бермеуге, күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке фотосуреттерді жібермеуге және профильдегі ақпаратты міндетті түрде тексеруге шақырды. Кез келген күмән туындаған жағдайда байланысуды дереу тоқтатып, қажет болса полицияға жүгіну ұсынылады.

Қатысты Мақалалар