️Мүгедектігі бар адамға қарайтындарға ай сайын "жалақы" төленеді

/uploads/thumbnail/20260126162418073_big.webp автор

Қазақстанда өздігінен қозғалу мүмкіндігі шектеулі I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға жеке көмекшілердің қызметі көрсетіледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, жеке көмекшілер мүгедектігі бар адамдарға медициналық, әлеуметтік және өзге де мекемелерге баруға, үйден шығуға, сондай-ақ күнделікті тұрмыста қажетті көмекті алуға жәрдемдеседі. Көмекші абилитация және реабилитацияның жеке бағдарламасына сәйкес тағайындалады.

Аталған қызмет жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен қаржыландырылады және азаматпен заңнамаға сай жасалған шарт негізінде көрсетіледі. Сонымен қатар мемлекет жеке көмекшілер үшін әлеуметтік аударымдар жүргізеді, бұл кезең кейін зейнетақы тағайындау кезінде еңбек өтілі ретінде есепке алынады.

Егер I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жеке көмекшісі болмаса, оған тұрақты күтім жасайтын адамға жәрдемақы белгіленеді. Бұл төлем Әлеуметтік кодекске сәйкес ай сайын республикалық бюджеттен төленіп, күтім көрсететін отбасыларды қолдауға бағытталған.

Сондай-ақ 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістерге сәйкес, I топтағы мүгедектігі бар азаматтың жұбайы зейнет жасына жеткен жағдайда да жеке көмекші бола алады.

Министрлік мүгедектігі бар адамдарды қолдау шаралары алдағы уақытта да жетілдіріліп, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына және өмір сапасын арттыруға бағытталатынын атап өтті.

Қатысты Мақалалар