Қоғамдық қор NNEF Қазақстан-Британ техникалық университетінің акционері болды.
2025 жылдың қыркүйегінде «NNEF» қоғамдық қоры Қазақстан-Британ техникалық университетінің (КБТУ) акционері атанды. Қор құрылтайшыларының бірі – Динара Құлыбаева. Бұл туралы ақпарат қаржылық есептілік депозитарийінің ресми сайтында жарияланды.
Бұған дейін КБТУ «Қайтарылған активтерді басқару компаниясының» иелігінде болған. Акционердің ауысуы университеттің меншік құрылымында кезекті өзгеріс болғанын көрсетеді.
Сонымен қатар корпоративтік оқиғалар туралы өзге есепте КБТУ ғимаратының мемлекет меншігіне берілетіні хабарланды. Құжатта университеттің әкімшілік ғимаратын сыйға тарту шарты арқылы мемлекетке өткізу және қабылдау-тапсыру актісіне қол қою көзделгені жазылған.
«1957 жылы салынған, республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіші саналатын, Алматы қаласы Төле би көшесі, 59 мекенжайында орналасқан КБТУ әкімшілік ғимаратын мемлекетке беру және аталған нысан бойынша сенімгерлік басқару шартын жасасуды бастау», – делінген акционер шешімінде.
Құжаттарға сәйкес, ғимаратты пайдалану әрі қарай сенімгерлік басқару тетігі арқылы жүзеге асырылуы мүмкін.