Енді оқу ісінің меңгерушілері сабақ кестесін санаулы минут ішінде құра алады: BilimClass бұл процесті автоматтандырды

/uploads/thumbnail/20260817162505149_big.webp Фото

Мектеп кестесін құрастыру — бірнеше аптаға дейінгі уақытты алатын әрі көп жұмысты қажет ететін процесс. Әкімшілік педагогтердің жүктемесін, кабинеттердің бос болуын ескеріп қана қоймай, сабақтардың қабаттаспауын қамтамасыз етуі керек. Енді бұл жұмысты толықтай автоматтандыруға және жеңілдетуге болады.

Bilim Group EdTech экожүйесі әзірлеген тегін BilimClass электрондық журналында мектеп пен мұғалім үшін маңызды тұстарды ескеріп, кестені өздігінен қалыптастыратын конструктор пайда болды. Сынып саны 100-ге жететін мектептер үшін жүйе дайын кесте нұсқасын бір минуттан аспайтын уақыт ішінде құрастырады. BilimClass әзірлемесінің жетекшісі Фархат Үсен жаңа функцияның нақты қалай жұмыс істейтінін және неліктен оның мыңдаған мұғалімнің жұмысын жеңілдететінін айтып берді.

Сабақ кестесін бір минутта әзірлеу — енді оңай

Бұған дейін кестеге жауапты маман оны электрондық кестелерде немесе сыртқы бағдарламаларда құрастырып, электрондық журналға дайын күйінде көшіретін. Енді кестені жүйенің өзінде қалыптастырып, өзгерістерді дайын кестеге енгізуге болады. Бұдан бөлек, жүйе кестені қолмен жасағанда жиі кететін қателіктерді шешеді: мұғалімнің де, сабақтың да қабаттасып кетуіне жол бермейді.

BilimClass әзірлемесінің жетекшісі Фархат Үсеннің айтуынша, кестені автоматты түрде құрастыру кезінде жүйе санитарлық талаптарды қатаң ескереді: оқу жүктемесін апта күндеріне тең бөледі және күрделілігі жоғары пәндерді бір сыныпқа күніне екі рет қоймайды. Кабинет таңдағанда алдымен мұғалімге бекітілген бөлме, содан кейін пәнге арналған арнайы кабинет, ал олар бос болмаса, әмбебап кабинет есепке алынады. Егер сынып топқа бөлінсе, жүйе бір пән бойынша сабақтарды бір уақытқа қояды, бұл ретте әр топтың өз мұғалімі мен кабинеті сақталады. Кестені бөлуді бастамас бұрын конструктор енгізілген мәліметтерді тексеріп, қай ақпараттың жетіспейтінін көрсетеді: барлық ескерту ескерілмейінше, кестені құрастыру процесі басталмайды.

Кестенің түпкілікті нұсқасын жауапты маман өзі бекітетінін атап өткен жөн. Жүйе бөле алмаған сабақтар себебімен бірге (мұғалімнің, бос уақыттың немесе кабинеттің тапшылығы) бөлек тізімге шығарылады. Кестеге жауапты маман мәліметтерді түзетіп, тек бөлінбей қалған сабақтарды қайта қарауға жібереді, ал кестенің дайын бөлігі мен енгізілген өзгерістер автоматты түрде сақталып отырады. Бұдан бөлек, белгілі бір сабақты нақты күн мен уақытқа бекітіп қоюға болады, ал қалған кесте соған ыңғайластырылып құрылады. Сондай-ақ кесте ресми түрде жарияланғанға дейін оны мұғалімдер де, оқушылар да көре алмайды.

«Бiзде бар деректер бойынша, 71 сыныбы, 178 педагогі бар мектептерде кестені қолмен құрастыру екі-үш аптаға созылады және сабақтардың қабаттаспауын үнемі қадағалап отыруды талап етеді. Конструктордың көмегімен 100 сыныбы бар мектептерде кестені қалыптастыру бір минуттан аспайды және сабақтардың кем дегенде 85%-ы бірінші реттен-ақ еш тузетусіз бөлінеді. Сонымен қатар кестені қолмен жетілдіруге болады, ал кесте бойынша түпкілікті шешімді директордың орынбасары қабылдайды», — дейді Фархат Үсен.

Бүгінгі таңда BilimClass-ты Қазақстанның 16 өңірінде 2,75 миллион оқушы, 307 мың педагог және 6 000-нан астам мектеп пайдаланады. 2026 жылдың көктемінде мұғалімдер мен ата-аналар арасында жүргізілген сауалнама пайдаланушылардың платформаның қолайлылық пен жеке деректердің қорғалуын жоғары бағалайтынын көрсеткен.

Анықтама үшін: Bilim Group — 15 жылдан аса мектепке дейінгі жастан бастап кәсіби дамуға дейінгі оқу жолын сүйемелдейтін кешенді шешімдерді жасап келе жатқан ұлттық цифрлық білім беру экожүйесі. Осылайша Bilim Group мемлекетке және мектептерге Қазақстанның барлық өңірінде қолжетімді әрі тұрақты білім беруді қамтамасыз етуге көмектеседі. Бүгінде экожүйе шешімдерін 5 миллионнан астам адам, 350 мыңнан астам педагог және 6 мыңнан астам мектеп пайдаланады.

Қатысты Мақалалар