Каспий теңізі мәртебесінің анықталуы бес елге не береді?

/uploads/thumbnail/20181016154754759_small.jpg

Қазақстан үшін биылғы жыл айтулы жыл болды. Халықаралық қоғамдастықта қашан да өз позициясына нық біздің ел сыртқы бағытта көпвекторлы саясат ұстанып келеді. Мұның да пайдалы жағы бар. Өйткені қарым-қатынас  ұдайы жақсарады.

Айта кетейік, басқа елдерге алабөтен қарамай, салмақты саясатымен көрінетін Қазақстан үшін үстіміздегі жылдың тамыз айында Ақтауда айрықша кездесу өтті. Теңізді қоршалай қоныстанған бес ел Түрікменстан, Ресей, Қазақстан, Иран мен Әзербайжан басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін анықтайтын конвенцияға қол қойды. Енді оның бірқатарын атап өтейік:

- Құжат жобасы бойынша, Каспий теңізі бес ел арасында теңіз ретінде бөлінген. Қазақстан теңіздің 29 пайызына ие.

- Құжат жобасы бойынша, бес мемлекет өздеріне тиесілі территорияда шикізатты барлап, өндіре алады. Бірақ оған бес елдің ортақ келісімі керек және экологиялық талаптар сақталуы тиіс.

- Құжат жобасы теңізде жағалаудағы бес мемлекеттен басқа елдің әскери күштерінің болуына тыйым салады.

Әрине, соңғы 25 жылда түйінді болып  келген мәселе Қазақстанда, Ақтау қаласында шешілді. Қол қойылған құжаттың халықаралық тарихи мәні бар. Құжат теңізбен шектеспейтін елдерге Каспийде әскер орналастыруға тыйым салады. Демек, бұл бес ел үшін де, Қазақстан үшін де өте керек. Өйткені қазіргі уақытта қауіпсіздік басты назарда тұрғанда ең алдымен мәміле маңызды. Әрине, халықаралық деңгейдегі келісімнің мәні бөлек. Осы уақытта дейін аталған бес елдің арасында да Каспийдің мәртебесіне қатысты көзқарас әртүрлі болды. Ортақ мәмілеге келу оңай болмады. Ақыры 25 жылдан астам уақыт бойы жалғасып келген келіссөз нәтижелі аяқталды. Тарихи оқиғаның мәні мынада, бұл құжатқа қазақ жерінде қол қойылды.

–Конвенция бұл барлығын қамтитын негізгі құжат. Онда Каспий теңізіне қатысты тараптардың құқықтары мен міндеттері анықталған, оған суы, табаны, табиғи ресурстары мен әуе кеңістігі де кіреді. Келісімде ұлттық аймаққа қатысты шектеулер, тәуелсіздік құзыреті, жер қойнауын пайдалану құқығын жүзеге асыру, транзит пен тасымалдау, құбырлар мен кабельдер төсеу, теңіздің табиғи ортасы мен биологиялық ресурсын қорғау және өзге де мәселелер қарастырылған. Бұл ортақ келісім, бес мемлекеттің қауіпсіздігі үшін керек құжат, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев Ақтауда өткен кездесуде.

Басқосуға қатысқан бес мемлекеттің басшылары да теңіз мәртебесіне қатысты әлі де келіссөзді жалғастыру қажеттілігіне тоқталды. Расында мәртебе туралы мәмілеге қол қойылғанымен, әлі де шешімін табатын нәрселер бар. Ол – ең алдымен экологиялық қауіпсіздік, басқа елдің әскери күштерін теңізге орналастырмау. Расында да Ауғанстан мен Таяу Шығыс елдерінде әлі де соғыс тоқтатылмай жатқан уақытта Каспий теңізінің қауіпсіздігі өте маңызды.

Ал Каспий теңізі мәртебесінің анықталуы жағалай жатқан бес елге не береді? Біріншіден, сауда-экономикалық қатынас өрбиді. Екіншіден, қауіпсіздік нығаяды. Үшіншіден, қол қойылғаннан кейін бір елдің екінші елге қоятын кінәраты болмайды. Төртіншіден, теңізге қатысы жоқ бөтен елдер бұл маңайға жолай алмайды. Бесіншіден, барлығы да ортақ келісім бойынша жүзеге асады. Алтыншыдан, өңірлік және  мемлекеттік қауіпсіздікке нұқсан келмейді.

Расында бес ел басшыларының алдын ала келісіп, коммюникеге қол қоюының мәні бар. Өйткені алдын ала жасалған дерек бойынша, Каспий теңізінің қайраңында 50 миллиард баррель барланған мұнай қоры мен 9 триллион текшеметр газ қоры бар. Мұндай жағдайда алаңдамасқа болмайды.

Сөйтіп, Каспий теңізін бөлу туралы  1992 жылдан бері талқыланып келе жатқан мәселеге биыл нүкте қойылды. Қашан да теңіз суы мен оның байлығы өзекті. Негізінен құрылықта орналасқан Қазақстан үшін мұның көкейкестілігі қашан да күн тәртібінде болып келді.

Өйткені, Каспий – ерекше маңызы бар стратегиялық аймақ Себебі, теңіз табанында мұнай мен газдың аса мол қоры бар. Дүние жүзінде ауланатын бекіренің 80 пайыздан астамы осы Каспий теңізінің үлесіне тиеді. Ал қара алтын мен көгілдір отын халыққа  қашан да керек. Ал байлығы бар жерге басқаның көзі түседі. Сондықтан ең алдымен ұлттың, елдің, халықтың қауіпсіздігін ойлау қажет.  Демек, енді алаңдайтын түк жоқ. Өйткені Каспийдің құқықтық мәртебесі анықталды. Енді ен байлықты жаратудың кезі келді.

Еркін ҚАЛДАН

Қатысты Мақалалар