Діни көшбасшылар Астанада қауіпсіз әлем үшін күреседі

/uploads/thumbnail/20181107153403348_small.jpg

Қазақстанда 130 ұлт өкілдері мен 40-тан астам діни конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүріп келеді. Кезінде пиғылы жаман кейбір саясаткер-сымақ кейбіреулер «Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін нағыз түрлі ұлттар мен діндердің алауыздығы орын алатын үлкен соғыс ордасы болады» деген саяси болжамдарын айтқан еді. Құдайға шүкір, тіпті қиын-қыстау кездердің өзінде шеттен босып келген талай халықтарды бауырына баса білген қазақ елі бүгінде көптеген игі бастамалар ұйытқысы болып отыр.

Еліміз азаттыққа қол жеткізгелі бері «Қазақстан жолы» деген атпен белгілі келісім мен татулық қоғамының ерекше үлгісін құра білді және әлемге оның үлгісін де көрсетіп отыр. Қазақстанды мекен еткен бір де бір басқа этнос немесе дін өкілі ешқашан да қудалауға ұшырап немесе қысым көрген емес. Ұлтымыз қалыптасқалы бері кеңдіктің символына айналған Ұлы дала елі бүгінде бұл бағытта да бастама көтеріп, оны іс жүзіне асырып әлемдік бейбіт қатар даму мен өмір сүрудің эталоны да болып отыр.

Бұл ретте айтпағымыз, биыл алтыншы рет өткен әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі туралы болмақ. Елбасы Н.Назарбаевтың 2003 жылғы бастамасына Кофи Аннан, Джордж Буш, Маргарет Тэтчер, Цзянь Цземинь, Нелсон Манделла сияқты ірі саяси тұлғалар қолдау білдіріп, сол жылы 23-24 қыркүйекте Астанада алғашқы басқосу болған еді. Оған Еуропа, Азия және Африканың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм сияқты конфессиялар атынан 17 діни ұйымының өкілдері қатысқан болатын. Ол туралы Елбасымыз «Бүгін ежелгі қазақ жері зор мәртебеге ие болды - ол әлемдік және дәстүрлі діндердің лидерлері мен жоғары өкілдерін жер шарының түкпір-түкпірінен өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуға шақырып отыр», - деп мақтанышпен айтқан еді.

Содан бері Елордамыз әлемдік қоғамдастықта өз орны бар діндер көшбасшылары мен жоғары деңгейдігі саяси тұлғалардың кездесетін орны мен пікір алмасар алаңы болып қалыптасты. Алғашқы съездің өзінде-ақ оған қатысқан түрлі дін өкілдері әлем халқының бейбіт қатар өмір сүруі үшін ынтымақтастық пен толеранттылық идеяларының маңыздылығын, сонымен қатар оларды іске асырудың аса қажет екендігін жария етті. Әділдік, ақиқат, имандылық және шыдамдылық сияқты құндылықтарды өзіне арқау ететін әлемдік діндер Қазақ жерінен өздерінің ұсыныстары мен өзекжарды ойларын жария етіп жатты. Діннің атын жамылып лаңкестік және экстремизм отын маздатып жағу арқылы бейбіт халыққа күш көрсетіп, қаскүнемдік жасау бұл күнде әлемдік масштабтағы аса үлкен проблемалардың біріне айналып отыр. Оған дәлел ретінде Африка мен Азия елдерінде болған бірнеше әскери төңкерістер мен планетамыздың барлық құрлықтарын қамтыған террорлық актілерді өкінішпен айта аламыз. Бірақ осындай қанқұйлы оқиғаларға негіз болған жалған идеялардың шынайы дінге ешқандай да қатысы жоқ екендігі белгілі. Рухани құндылықтар алмағайып ауысқан қазіргі заманда еліміз осындай бастамамен әлем елдеріне үлгі болатын шараны ұйымдастырып отыр. Алғашқы съзезде оны әр үш жыл сайын тұрақты түрде өткізіп отыру туралы шешім қабылданып, оның хатшылығын құру ұйғарылды. Қатысушылар қазіргі алмағайып заманда қоғамның тұрақтылығын сақтау мен бейбітшілікті қамтамасыз ету бағытында бірлескен іс-әрекеттер туралы декларация қабылдады.

Араға 3 жыл салып, 2006 жылғы 12-13 қыркүйекте Астанада қаласында 26 елден 29 діни делегация келген Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II Съезі өтті. «Дін, қоғам және халықаралық қауіпсіздік» деп аталды. Съезде діни сенім бостандығы, басқа дін өкілдеріне құрмет және қазіргі заманғы қауіп-қатерлер кезіндегі дін көшбасшыларының халықаралық қауіпсіздікті нығайтудағы рөлі туралы мәселелер талқыланды.

Бұл басқосуда қабылданған «Үнқатысу қағидаттары» атты құжатта конфессияаралық үнқатысудың принциптері тұжырымдалып, онда дінаралық серіктестікті нығайту арқылы өркениет құндылықтарын сақтау және орнықтыру көзделді.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының кезекті III Съезі «Дін басшыларының толеранттыққа, өзара құрмет пен ынтымақтастыққа негізделген әлемді құрудағы рөлі» деген тақырыпта 2009 жылғы 1-2 шілдеде өтті. Оған  35 елден 77 делегация құрамында 300 адам қатысты. Олардың арасында көрнекті қоғам қайраткерлері, сарапшылар және ірі саясаткерлер болды.

Съез барысында дінаралық үйлесім мен діндер арасындағы өзара құрмет, діни негіздегі қақтығыстарды болдырмау сияқты мәселелер талқыланып, пікір алмасулар болды. Аталған бағыттар бойынша қолдауға шақырған бірлескен декларация қабылданды.

2012 жылғы 30-31 мамырда Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының IV Съезі өткізілді. Оның тақырыбы «Бейбітшілік және келісім - адамзат таңдауы» деп таңдап алынып, діни қайраткерлер мен теологтар, саясаткерлер мен қоғам қайраткерлер өз ойлары мен ұсыныстарын айтты. Съез аясында өткен форумда  құрылған Діни басшылардың Кеңесі жұмысын бастады. «Діни басшылардың тұрақты дамудағы рөлі», «Дін және мәдениеттер әралуандығы», «Дін және әйел: діни игіліктер және қазіргі уақыт сыны», «Дін және жастар» деген сияқты маңызды тақырыптар секциялық отырыстарда талқыланды.

Съез кезінде болған маңызды оқиғалар Біріккен Ұлттар ұйымының Өркениеттер альянсымен өзара жұмысын бастауы мен еліміздің бастамасымен қабылданған ЮНЕСКО-ның 2013-2022 жылдардың Мәдениеттердің жақындасуының Халықаралық онжылдығы болып жариялануы болды. Делегаттар адамзаттың болашағы үшін өзара ықпалдастыққа, келісім мен  бейбітшілікке, әділеттілік пен жасампаздыққа шақырған үндеуді қабылдады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының 2015 жылы 10-11 маусымдағы V cъезінің жұмысына 42 елден 80 делегация қатысты. Олардың ішінде БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Иордания патшасы ІІ Абдалла, Финляндия президенті Саули Ниинисте болды.

Съезге қатысқан Президент Нұрсұлтан Назарбаев осының алдындағы съезден соңғы үш жыл ішінде әлем жұртшылығы адамдар арасына діни әркелкілік арқылы іріткі салудың жаңа әрекеттеріне тап келіп отырғанын атап өтіп,  мерейтойлық форум этникалық және діни негізді геосаяси шиеленіс пен дау-жанжалдар кезеңінде жаңа шешімдер керек екендігін айтты.

Съезде мемлекетаралық мәселелер, қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қақтығыстардың алдын алу жағдайлары талқыланып, планетамыздың әр жерінде болып жатқан зорлық-зомбылықтарды тоқтату туралы үндеу қабылданды. Интернет пен БАҚ арқылы дінаралық алауыздықты өршітетін қауіп-қатерді ауыздықтауды жақсылап қолға алу туралы да айтылды.

2018 жылдың 10-11 қазан аралығында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VI съезі болды. Дінбасыларының бұл саммиті «Діни көшбасшылар қауіпсіз әлем үшін» деген тақырыппен өтті.

Съез отырысында әлемдегі қауіпсіздікті нығайту және рухани, діни дәстүрлердің қоғамдағы рөлін арттыру туралы бастамалар көтерілді. Бұл басқосуда алғаш рет Дінаралық сұхбаттастыққа қосқан үлесі үшін Астаналық халықаралық сыйлығы тағайындалып, оның құрмет медалімен лайықты делегаттар марапатталды. Өткен V Съезде Елбасының  құру туралы бастамасы қолдау тауып, осы кездесуде Бейбітшілік және келісім мұражайы ашылды.

Кез келген саяси, дін және этносаралық жағдайлар шиеленіскен XXI ғасыр басында Қазақстанның мұндай ауыртпашылығы көп жүк болатындай іс-шараларды атқаруы еліміз үшін асқан абырой болып қалыптасып келеді. Басқа елдер мен аймақтарға ұсыныстар немесе ақыл-кеңес айтпақ түгілі, өзінің ішкі саяси мәселелерінен аса алмай отырған мемлекеттер баршылық. Ішкі саясатта да жетістіктерге жетіп, сыртқы саясатқа берік ұстанымға ие Қазақ елі осындай талай істерге ұйытқы боларына кәміл сенеміз.

Серікқазы Көкенай

 

Қатысты Мақалалар