Үш тілде білім беру «100 қадам» Ұлт жоспары мен Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сай жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес қазіргі уақытта білім берудің жаңаша жүйесі қалыптасуда. «Егер біз бәсекеге қабілетті мемлекет ретінде өзімізді көрсеткіміз келсе, онда қазақ, ағылшын және орыс тілдерінде еркін сөйлейтін ұлт болуымыз керек» деп Елбасы сонау 2004 жылдың өзінде айтқаны белгілі.
Осы үш тілде білім беру бастамасы 2007 жылы көтеріліп, еліміздің әр жеріндегі 33 мектепте сынақ ретінде жүргізілді. Бүгінгі таңда 2015-2020 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес кезең-кезеңімен білім берудің барлық деңгейлерінде біртіндеп осы жүйеге көшу жоспарлы түрде жүзеге асырылуда. Бұл мәселе «100 қадам» Ұлт жоспарының 79-шы қадамында нақты атап көрсетілгені айдай анық.
Қазір бірнеше тілде оқушыларды оқыту «Дарын» мамандандырылған лицейлерінде, Назарбаев зияткерлік мектептерінде және тағы басқа инновациялық орта білім беретін оқу орындарында сәтті жүргізілуде. Бұл жүйеге мониторинг жасау үшін оның нақты өлшемдерін анықтап алу қажет.
Үш тілде білім беруге ауысу үшін жаратылыстану-математика циклы бойынша төрт пән - физика, химия, биология, информатика таңдап алынды. Олар жоғарғы сыныптарда 2019 жылдан бастап тек ағылшын тілінде оқытылатын болады. Жалпы республика көлемінде педагогтық кадрлар бойынша қажеттілік 15 773 адамды құрап отыр.
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі былтырғы жылдан бастап жоғарыда аталған пән мұғалімдерін ағылшын тіліне бейімдеп оқыту мен әдістемесін қалыптастыру үрдісіне кірісіп те кетті. 2017 жылы ағылшын тілін білмейтін немесе меңгерген 12 мыңнан астам ұстаз тіл оқыту және білімін жетілдіру курстарынан өтті. Кейбір мұғалімдердің ағылшын тілін жеткілікті деңгейде меңгермеуінен психологиялық кедергілер туындап, білім сапасының уақытша төмендеуі де мүмкіндігін де естен шығаруға болмайды. Бұл жерде оқушылар болсын, ұстаздар болсын тілдік ортаның болмауы да өзіндік рөл ойнайды. Әсіресе, ауылдық жерлердегі мектептерде аталған жайғдайлардың орын алуын күтпеген құбылыс ретінде қабылдаудың қажеті болмайды. Бірақ біртіндеп енген бұл жүйе жылдар өте келе өз арнасына түсіп, жемісін беретін үрдіс болуы үшін ыждаһатты еңбекті талап етеді.
Жоғары оқы орындарында педагогтық мамандықта оқитын студенттер ғана емес, мектептерде жұмыс істеп жүрген мұғалімдерді қайтадан дайындықтан өткізу білім беру саласының аса өзекті мәселелерінің бірі болып қалып отыр. Сонымен бірге ағылшын тілін білетін пән мұғалімдерін сапалы әдістемелік материалдармен қамтамасыз ету және оларды материалдық жағынан ынталандыру да өз тиімділігін береді.
«Назарбаев зияткерлік мектептері» ашық акционерлік қоғамы қажетті әдістемелік материалдар мен оқулықтарды әзірлеу үстінде. «Астана-кітап» баспасының шығарған оқулықтарымен «Білім-инновация» лицейлері оқушыларына білім беруде. Оған қоса Gambridge University Press және Pearson Longman сияқты британдық баспалардың сараптамадан өткен оқулықтары биология, физика және химия пәндерінен ағылшын тілінде сабақ беруге қолданылып жатыр.
Осылайша, үш тілде білім беру идеясы сәтті жүзеге асып жатыр айтуға болады. Оған дәлел ретінде көптеген халықаралық олимпиадалардан оқушыларымыздың жүлделі оралып жүргендерін айтсақ болады. 2017 жылы қазақстандық шәкірттер 661 жүлде жеңіп алса, оның 125-і алтын, 197-сі күміс, 327-сі қола медаль және 12 құрмет грамотасы екен. Белді халықаралық олимпиадаларды қорытындыласақ, біздің еліміз 10-шы орында.
Ағылшын тілінде сабақ беруге үйрету үшін 2016 жылы 98 204 адам білімін жетілдірсе, 2017 жылы 114 926 ұстаз қамтылған. Биыл 73 163 мұғалім арнайы курстарда оқып жатса, келесі 2019 жылы олардың саны 73 159 адам болмақ.
Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, Қазақстанда мектептер қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде білім беретін болып үш түрге бөлінген. Кейбір жоғары оқу орындары таза ағылшын тілінде білім беру жүйесіне көшкен. Олардың қатарында Назарбаев университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты, Қазақ-Британ университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және Сүлеймен Демирел Университеті сияқты ордалы жоғары оқу орындарын айтуа болады.
Келешекте еліміздегі орта білім беру жүйесі үштілділікке негізделетін болады. Бұл біздің балаларымыздың әлемдік деңгейде ақпарат алмасу мен білім алуына үлкен мүмкіндіктер тудырады. Шетелдік құрбыларымен тәжірибе алмасып, білімін жетілдіруде ағылшын тілін меңгерген оқушы көп қиындықтарға кез болмайтыны анық. Бастауыш сыныптарының өзінде ағылшын тілінде сабақты онлайн режимде беру үшін Білім және ғылым министрлігі еліміз бойынша екі жарым мың мектепті жылдам интернетке қосқан. Жалпы ақапараттық технологияларды пайдалану арқылы осы үш тілде білім берудің жаңа әдістемелерін қалыптастыру көзделіп отыр.
Ағылшын тілінде білім берумен қатар мемлекеттік тілді жылдам меңгеру әдістемесі де жетілдірілмекші.
Секен НАЗАР
Пікір қалдыру