Болашағы айқын «Болашақ»

/uploads/thumbnail/20181121163413941_small.jpg

«Болашақ» бағдарламасы мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың қаулысымен 1993 жылғы 5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бар салада реформалар жүргізу үшін мамандарға зәру болған еді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында аса білікті мамандарды шетелдерде даярлау үшін осы жоба қолға алынған еді. Кеңес өкіметі кезінде мұндай үрдістер тек Мәскеу арқылы ғана жүзеге асқандықтан, Қазақстан сияқты республикалар үшін қолайлы мүмкіндіктер болмаған еді. Сондықтан да жас мемлекет шетелдік білім лаып, тәжірибеден өткен мамандарды аса қажет етті. Бұл бағдарлама тіпті посткеңестік кеңістіктің өзінде жоғары білім беру саласындағы ең бірінші қолға алынған ерекше жоба болды.

Сол жылдың 13 желтоқсанында Қазақстан Республикасы Министрлер кабинетінің қаулысымен Шетелде кадрлар дайындау жөніндегі Республикалық комиссия құрылса, келесі 1994 жылы алғашқы студенттер шетелдік жоғары оқу орындарына аттанды.

1997 жылы еліміздің орталығы Алматыдан Ақмолаға көшіп, ұлы өзгерістер болып жатқан кез еді. Дәл сол жылы Елбасы «Қазақстан-2030» стратегиясын халыққа ұсынған болатын. Соған сәйкес «Болашақ» бағдарламасына да өзгерістер еніп, Президент Жарлығымен үміткерлерден құжат қабылдау және оларды іріктеу, стипендиаттар кейін оқу бітіріп келгеннен кейін олардың мемлекеттік органдарға жұмысқа тұруы туралы ережелер бекітілді.

1994 пен 1997 жылдар аралығында стипендия негізінен экономикалық және гуманитарлық бағыттарда көптеп берілсе, техникалық мамандықтар шет қалып жатқан еді. Осыған байланысты тепе-теңсіздікті бұзып, барлық сала мамандықтары қамту қажет болды.

Алғашқы кезде шетелдегі білім алушылар тек АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Франция сияқты әлемнің дамыған төрт мемлекетінде ғана білім алды. Бірақ біртіндеп еліміз басқа да мемлекеттермен алыс-берісті жола қойып, дипломатиялық қатынастар қалыптасқан сайын студенттердің білім алу жағырапиясы кеңи бастады. Оған қоса стипендиаттар қатарына бұрын өз күшімен оқуға түсіп, шетелге аттанған жастар да кіре бастады.

2000 жылдан бастап шет тілін еркін білмесе де инженерлік техникалық білімі бар үміткерлер де конкурсқа түсе алатындай  өзгерістер Президент Жарлығымен ережелерге кіргізілді.

Елбасы 2005 жылғы өз жолдауында енді үш мың жас та талантты қазақстандықтарға әлемнің алдыңғы қатарлы оқу ордаларында білім алуға болатынын мәлімдеді. Оның артынша 4 сәуірдегі № 301 Үкімет қаулысымен «Халықаралық бағдарламалар орталығы» акционерлік қоғамы құрылды.

Ал, 2008 жылдан бастап ғылым және педагогика саласының қызметкерлеріне де ғылыми тағылымдамадан өтетін мүмкіндіктер туды. Оған қоса ауылдық жастарға, мемлеккеттік қызметкерлерге, ғылыми және педагогтық қызметкерлерге арнайы квота енгізілді.

Бағдарлама аясында білім сапасын көтеру мақсатында білім алатын және ғылыми тағылымдама өтетін шетелдік жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар мен лабораториялар тізімі қысқартылып, 2011 жылдан бакалаврлар оқыту тоқтатылды. Бұдан былай жұмыс беруші, стипендиат және «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ арасында үш жақты келісімшарт жасалатын болды.

«Болашақ» бағдарламасы ашылғалы бері 25 жыл ішінде 12 898 адам оқыса, оның 785-і тек алғашқы 10 жылда болып, қалғандарының барлығы (12 113 адам) 2005 жылдан бүгінгі күнге дейін стипендиат атанған. Олардың 53 пайызы гуманитарлық сала бойынша білім алса, 37,8 % - инженерлік-техникалық, 7,4 % - медициналық және 1,8 % - творчестволық мамандықтар болған.

Қазіргі таңда бағдарлама бойынша 1 255 білім алып жатыр. Олардың 14-і бакалавриатта, 1067-сі магистратурада, 120 адам докторантурада, 1 адам аспирантурада болса, қалған 53-і тағылымдамадан өтуде.

Стипендиаттардың елдер бойынша үлесі төмендегідей: Ұлыбритания мен Ирландия – 48,8%, Еуропаның қалған елдері – 4,7%, Азия мен Океания – 4,8 % және Ресей Федерациясы – 4,6 %.

2001 жылы «Болашақ» халықаралық стипендиаттарының қауымдастығы құрылды. 2013 жылғы 29 қарашада болашақтықтардың мерейтойлық Форумында Елбасы Н.Назарбаев қатысып, 20 жыл бұрын еліміз қиын жағдайда болған кезде шет елде мамандар дайындап, жаңа леп пен бірге мамандардың жаңа толқынын әкелу қажеттігі болғанын айтты. Осы арқылы экономиканы дамыту мақсаты болғанын және ол ойдағыдай жүзеге асқанын мемлекет басшысы мақтанышпен жеткізді.

Конкурсқа қатысу үшін үміткердің аттестат немесе дипломының орта балы жоғары болуы және ол мемлекеттік және шет тілдерін білуі керек. Алғашқы кезеңде құжаттардың, орташа балдың және тағы басқа мәліметтердің сәйкестігі тексерілсе, артынан қазақ тілінен «Қазтест» бағдарламасы арқылы және білім алатын елдің тілінен тестілеу болады. Тілдік сынақтан өткен үміткерлер жоғары оқу орындарының өкілдері, шенеуніктер және психологтармен әңгімелесуден өтеді. Осы жұмыстарға басшылық жасайтын Шетелде кадрлар дайындау жөніндегі республикалық комиссия Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады. Комиссия құрамын Қазақстан Президенті бекітеді және оны Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы басқарады. Комиссия басшысының орынбасары - Білім және ғылым министрі, ал хатшысы Білім және ғылым вице-министрі болып табылады.

Республикалық комиссияның жұмысшы органы ретінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі жұмыс істейді. Комиссия жыл сайынғы қажет мамандықтарды тізімі мен ережеге сай стипендиаттар санын бекітіп, оқуын бітіріп келген болашақтықтардың жұмысқа тұруымен айналысады.

Жылдар өте келе «Болашақ» бағдарламасының тиімділгі туралы айтсақ, оның елімізге тиген пайдасы ұшан-теңіз деуге болады. Халықаралық стандарттарға сай білім алған жоғары білікті мамандар экономиканың барлық секторларында жұмыс істеп қана қоймай, олар «Болашақтың» өзін ақтаған, материалдық және материалдық емес пайда келтірген жоба екендігін дәлелдеді. Мысалы, кардиохирургия мамандығында оқыған дәрігерлер 32 мыңнан астам тегін ота жасаған. Әр отаның құны 300 мыңнан 10 млн теңге аралығында екендігін ескерсек, қаншама мұқтаж  жандарға қандай көмек көрсетіліп, оларға баға жетпес үлкен сыйлық болғаны қуантады.

«Болашақ» түлектері мемлекеттік қызмет пен ұлттық компанияларда, бизнес пен азаматтық секторда жемісті қызмет етуде. Қазақстандағы ең үздік жоғары оқу орыны - Назарбаев университетіндегі кадрлардың негізін осы болашақтықтар құрайтынын мысалға келтірсек, бұл бағдарламаның қаншалықты озық және тиімді болғанына көз жеткіземіз.

«Қазақстан-2050» стратегиясының қабылдануына байланысты мемлекет дамуында жаңа белестер пайда болып, ашылғанына 25 жыл болған «Болашақ» бағдарламасының бұдан ары да сұранысқа ие жоба болып қала беретіндігінде ешқандай күмән тумасы анық.

Секен НАЗАР

Қатысты Мақалалар