Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатын өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең төменгі жалақыны көтеру туралы тапсырма берді. Расында да, қазір адамның жұмыс істеу қабілеті өте жоғары. «Бірақ олардың барлығы да еңбекақыны жақсы табады» деп айту қиын. Осыған орай Президент Назарбаев өз Жолдауында Үкімет пен әкімшіліктерге арнайы тапсырма берді.
«Адам еңбекқор болып, өз кәсібін жақсы меңгергенде және лайықты жалақы алуға немесе жеке кәсіп ашып, оны дамытуға мүмкіндік болған кезде табыс артады. Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз. Біріншіден, Үкіметке 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақыны 1,5 есе, яғни 28 мыңнан 42 мыңға дейін өсіруді тапсырамын. Бұл барлық сала бойынша түрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 1 миллион 300 мың адамның еңбекақысын тікелей қамтиды. Бюджеттік мекемелерде жұмыс істейтін 275 мың қызметкердің еңбекақысы көбейіп, орта есеппен 35 пайызға өседі. Осы мақсаттарға 2019-2021 жылдарда республикалық бюджеттен жыл сайын 96 миллиард теңге бөлу керек» деп атап көрсетті Елбасы.
Ақиқатында, кім қалай жалақы алады, оның барлығы ашық әрі анық белгіленіп қойылған. Елбасы Жолдауынан кейін бұл мәселе нақтыланып, ашық айтылып жатыр. Сондықтан Президент тапсырмасын жұмысшыларға, бюджеттік мекеме қызметкерлеріне толыққанды түсіндіру қажет.
Бұл орайда үкімет мүшелері республиканың түкпір-түкпірінде кездесулер өткізіп, мұны ашық айтып, жақсылап түсіндіруде деп атауға болады.
Мысалы, Шығыс Қазақстан облысына барған сапарында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова «төменгі жалақының өсуі алдымен адамдардың көңіл күйіне және ел экономикасына әжептәуір әсер ететін болады» дегенді айтты.
Сонымен нақтылайтын болсақ, министр Әбілқасымова атап өткендей, ең алдымен төменгі лауазымда жұмыс істейтін 1,3 миллион адамның жалақысы өседі. Сондай-ақ Президент тапсырмасына орай, бюджеттік мекемелерде жұмыста жүрген 275 мың адамға да бұл мәселе тиесілі болып отыр. Нақты айтар болсақ, министр Әіблқасымова атап көрсеткендей, бюджеттегі мамандардың еңбекақысы орташа есеппен алғанда 35 пайызға көбейеді. Бұл орайда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі нақты кімдердің айлығы өсетініне тоқталды.
–Ең алдымен I-IV санаттағы жұмысшылар, орта арнайы білімі бар, еңбек өтілі төмен негізгі, әкімшілік және техникалық жұмысшылардың еңбекақысы көтеріледі. Мәселен, олар– тәрбиешілер, әдіскерлер, зертханашылар, медбикелер, фельдшерлер, акушерлер және тағы басқалар болуы анық. Әкімшілік, көмекші, техникалық қызметкерлер – техниктер, аудармашылар, әдіскерлер, іс жүргізушілер, мұрағатшылар, хатшылар, операторлар және тағы басқалар бар. Қазіргі уақытта Президент тапсырмасына орай, Үкімет қаулысы жобасын әзірленді, оны орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға бекітуге жібердік, - деп атап өтті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова.
Расында жалақының көтерілуі е кімдерге тиесілі болады? Ең алдымен осыны нақтылап алған дұрыс. Президент тапсырмасынан кейін жер-жерде, облыстық, аудандық әкімшіліктерде жиын өтіп, осының барлығы да қазіргі уақытта шешіліп жатыр.
Бір ғана дерек, мысалы, Ақтөбе облысында Жолдауда айтылған мәселелерге қатысты жиын өткізген аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев Президент тапсырмасын орындауға қатысты жүзеге асатын жайттарды жүйелі түрде нақтылау керектігіне тоқталды.
–Ең бастысы, әрбір азамат Жолдауда атап көрсетілгендей, өзінің еңбегіне алатын еңбекақысының көтерілгенін сезінуі тиіс,— деді облыс басшысы.
Ақтөбе облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның айтуынша, облыста 278 шағын, орта және ірі жекеменшік компания бар. Оларда еңбекақысы 42500 теңгеден төмен 1046 адам жұмыс істейді. Олардың көпшілігі ауыл шаруашылығы саласында екені айдан анық. Ал 464 адамның орташа айлық жалақысы 33,3 мың теңгеден 49,3 мың теңге аралығында. Дерекке жүгінер болсақ, құрылыс саласындағы көрсеткіш те осы шамалас. Сондықтан Президент тапсырмасы – дер кезінде әрі уақтысында көтерілген және халықтың ойынан шыққан нұсқау.
Демек, Президент тапсырмасына орай 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап аймақта жұмыс істейтін компаниялардағы жұмысшылардың жалақысы 27 пайыздан 56 пайызға дейін көтерілмек. Расында мұның күн тәртібіндегі мәселе екендігін мына бір деректен-ақ аңғаруға болады. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сенсек, Ақтөбе облысындағы орта және шағын кәсіпорында жұмыс істейтін 120,8 мың қызметкердің 82 пайызының еңбекақысы орташа айлық жалақыдан төмен. Ірі кәсіпорындарда да осындай жағдай орын алып отыр. Қазір анықталғанындай, аймақта орташа жалақысын көтеруді 22 кәсіпорын жоспарлап отыр. Олардың ішінде «Қазақойл» және «Стройбетонснаб» компаниялары жұмыс істейтін жұмысшылардың айлық жалақысын 10 пайызға арттырмақ. «Ақтөбемұнаймашкомплект» және «Стройдеталь» кәсіпорындары жалақыны арттыратынын айтты. «Қазақтүрікмұнай» және «Қазақстан мұнай жабдықтары зауыты» жалақыны өсірмек. «Каспийнефть», «Трансэнерго» мекемелерінде осындай жағымды нәтиже бар.
Ақтөбе облыстық әкімшілігінің баспасөз қызметі атап көрсеткендей, аталған кәсіпорындарда 7,5 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың 4,2 мыңының жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап, орташа есеппен алғанда, 7 пайызға артатын болады. Сондай-ақ, аймақтағы 30 кәсіпорын да жұмысшылардың жалақысын көтеруді көздеп отыр.
Сонымен, Президент Жолдауында атап көрсетілген тапсырмалар нақты жүзеге асып, орындала бастады. Расында Елбасы айтқандай, «Мемлекет пен адамдардың күш біріктіруінің арқасында ғана біз Жалпыға ортақ еңбек қоғамын құра аламыз».
Демек, Қазақстандағы әрбір адам өзінің маңдай терімін тапқан еңбегінің жемісін көруі тиіс. Қорыта айтқанда, бұл–Президенттің нақты берген тапсырмасы. Ал тапсырма қашан да орындалуымен құнды.
Еркін Қалдан
Пікір қалдыру