«Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпазы жайлы видео ролик көрсетті.
Ондаған роликтің ішінен комиссия Алматы қаласының тұрғыны Расима Темірбаеваның жобасына ерекше назар аударды.
Расима Қадырқызы бірнеше жылдан бері зейнеткерлерге арнап тегін түскі ас дайындайды. Жоба авторының айтуынша, мақсаты – адамдарды тегін тамақтандыру ғана емес. Зейнет жастағы қариялардың көбісі жалғыз. Ал тегін асқа жиналғандар бір-бірімен араласып, танысып-білісіп қалса – Расима ханымның мақсатының орындалғаны.
Расима Қадырқызы алғашында жобасын небәрі 20 түскі астан бастаған. Ал бүгін әйел әлеуметтік жағдайы төмен 130 адамды тамақтандырып отыр.
«Расима Темрібаева – әлем үшін жақсылық жасағысы келіп жүрген адамдар үшін үлгі. Жалпы елімізде көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға даяр адам көп. Біздің партия мұндай жобаларды қолдауға қашан да дайын», - деді Мәулен Әшімбаев.
Айта кетейік, Алматы қаласының әкімдігі мен “Нұр Отан” партиясының аумақтық филиалы “Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары” байқауын ұйымдастыруға биыл да атсалысты. Мақсат – “Президенттің бес әлеуметтік бастамасы” атты үндеуде айтылған міндеттерді іске асыру, мүмкіндігі шектеулі жастар құқығын қорғау және олардың өмір сүру деңгейін жақсарту.
Байқау 20 сәуірде жарияланып, 30 маусымда өтініш қабылдау аяқталды.
Алдымен байқаудың аумақтық іріктеу сыны өтті, одан іріктелгендер өңірлік байқауға қатысады. Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары 31 шілдеге дейін анықталады. Бұдан соң үздіктердің үздігі республикалық сында белгілі болады.
Айта кетейік, 1-орынды «Зейнеткерлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева алды. «Бұл – барлық қайырымды жанның жемісі», - деді жеңімпаз өз сөзінде. Ал екінші орынды «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов және «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов алды. Әншінің ұлының есту қабілеті төмен болғандықтан ем іздеп әлем шарлаған. Тиісті операция сәтті өткендіктен баласы бүгін де жаза да, оқи да алады. Мұндайды басынан өткерген Кенжебек Жанәбіловтің өзі де басқа ата-аналарға көмектесуді мақсат етеді. Сөйтіп «Ел назы» атты жобасын жасап шығарады.
3-орынды «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен Маржан Мәдиева және Сәния Арапова иемденді. Маңғыстаулық арулар «Үміт сәулесі» атты авторлық телебағдарламалар арқылы соңғы 11 жылда талай жанға көмек қолын созып келеді. Әсіресе, жалғыз қалған қариялар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларға осы бағдарламаның арқасында тығырықтан шығар жол табуға көмектескен.
Бұдан бөлек дауыс беру нәтижесі бойынша арнайы сыйлықтар табысталды.
«Қазіргі таңда ізгілік пен мейірімнің дәнегін сеуіп жүрген осындай жобаларды кеңінен дәріптеудің берері мол. Сондықтан партиямыз алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарын одан әрі жалғастыратын болады. Себебі, құрмет, ізгілік, қамқорлық сияқты адами қасиеттерге негізделген мұндай жобалардың маңызы қашанда жоғары. Өйткені, әлемді мейірім құтқарады. Сондықтан әрқайсымыз қасымызда жүрген жанға мейірім сыйлап, осы бір асыл қасиеттің аясын кеңейтуге атсалысайық», - деген еді Мәулен Әшімбаев.