«Нұр Отан» партиясы Қазақстандағы мектеп асханаларын модернизациялау бойынша барлық жұмысты үйлестіру орталығы ретінде әрекет етеді. Партия мүшелері бұл жолы мектеп оқушыларының тамақтану үрдісіне мән берді. Олардың дұрыс тамақтануына, салауатты өмір сүруіне ықпал етуді мақсат етіп отыр.
Партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев осы саладағы жұмыстың негізгі бағыттары туралы әңгімелеп берді.
Жаңа бастаманы талқылау үшін партия мүшелері ата-аналар комитеттері өкілдерін, бизнес қауымдастығын, үкіметтік емес ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өкілдерін шақырды. Кездесуді ашқан Мәулен Әшімбаев мамандар айтқан ақпаратпен таныстырды. Мәліметке сәйкес, мектеп оқушыларының көбі асқазан-ішек ауруларына шалыққан екен. Қазақстанда 14 жасқа дейінгі балалардың 21 пайызы артық салмақтан жапа шегуде. Мұның бәрі оқу орталықтарындағы сапасыз тамақтанудың кесірінен.
«Соңғы күндері әлеуметтік желі мен БАҚ өкілдері бұл мәселені жиі көтеріп жүр. Әсіресе ата-аналар арасында жиі айтылады. Біздің партия бұл мәселені шешуге белсене кірісті. Біз бірінші кезекте қандай әрекетке баруымыз керек? Бұған қатысты міндетімізді бірнеше кезеңге бөлдік», - деді Мәулен Әшімбаев.
Алғашқы кезең тамақтың сапасына қатысты. Көбіне мектеп асханаларының тағамдары жұтаң, асханада ұн өнімдері мен қант мөлшері көп тағамдар сатылады. Ал Денсаулық сақтау министрлігі мен тамақтану академиясы дайындаған стандартқа сәйкес тағам өнімдерін пайдалану жай ғана қағаз жүзінде қалып қойды. Партиялықтар өз кезегінде министрлік тарапынан дайындалған стандарттарды міндеттеуді қолға алды.
Жобаның екінші бағыты – өнімнің сапасы мен санитарлық нормасын бақылау. Мұндағы назар аударарлық тағы бір мәселе – «мейірімнен жұрдай» тапсырысты жеткізушілер. Партиялықтардың дерегіне сүйенсек, қазіргі уақытта бұдан бұрын білім беру мекемелерінде тамақтану ережелерін бұзған асхана кәсіпкерлерін жалға алу фактілері анықталды. Бұл дегеніміз мемлекеттік органдар тарапынан бақылаудың жоқтығын әрі есепке алынбайтындығын білдіреді.
Үшінші бағытқа сәйкес, Қазақстанның бес облысында мектеп оқушыларын тамақтандыру мәселелеріне көңіл бөлмейтін мектептердің барын ескеріп, солармен жұмыс жасау. Елде дәл сондай 538 білім беру орталығы бар.
Төртіншіден, тамақтану мәдениетіне көңіл бөлінеді. Тек мектептерде емес, қоғамдық орталықтарда да бұл мәселені есепке алу ескерілді.
Әр бағыт бойынша 1 бағыт бойынша жұмыстар атқарылады деп жоспарланып отыр. Осыдан кейін «Мектеп асханалары» жобасының концепциясы ашық түрде жарық көреді, ал оны жүзеге асыру пилоттық режімде орындалмақ.
Айта кетейік, бұдан бұрын Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook-тегі парақшасында мектеп асханаларындағы тамақтану мәселесін көтеріп жазған болатын.