Әлемге әйгілі әрі ақылды сайт Wikipedia-ға 35 мың мақала жазып, оған 3 миллионнан аса түзетулер енгізген кім екендігі белгілі болды. Шетелдік CBS телеарнасы сол автор жайында сюжет түсіріпті, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Бүкіл елге танымал ақылды сайт-энциклопедиядағы 35 мың мақаланың авторы және оған үш миллионнан аса түзетулер енгізген, 35 жастағы америкалық Стивен Прюитт екен. Ол Reddit сайтында бірден танымалдылыққа ие болды.
Прюитт Виргинияда ата-анасымен бірге тұрады. Ол АҚШ-тың Кеден және шекара қорғау қызметінің архивімен жұмыс істейді және тарихты өте қатты жақсы көреді екен. Прюиттің айтуынша, әріптестері оны "есінен адасқан" деп атайтын көрінеді. Тіпті, бірге тұратын ата-анасы да баласының қызығушылығын көріп, оны "есі дұрыс емес" деп күмәнданған. Прюитт күнделікті әлемдегі ең танымал электронды энциклопедияны редакциялау үшін үш сағат уақытын жұмсайды екен. Бір қызығы, ол өзінің жұмысына бір тиын да алмай, Wikipedia сайтында тегін істейді.
Автордың айтуынша, Wikipedia сайты үшін жұмыс істеудің өзі оны рахатқа бөлейді.
-Менің анам КСРО-да туып-өскен, сондықтан мен ақпарат бостандығының қаншалықты құнды екенін білемін, - дейді Прюитт.
Ол 2003 жылдан бері аталмыш сайттағы мақалаларды редакциялап келеді. Осы күнге дейін дәл ол сияқты бұл сайтқа ешкім түзетулер енгізбеген. Оның бақталасы болады-ау деген автор 900 мың түзетулер енгізген. 2017 жылы Time журналы Прюитті интернетті ең ықпалды 25 адамның қатарына қосқан, сондай-ақ, ол тізімде Дональд Трамп пен Ким Кардашьян да бар.
CBS телеарнасындағы сюжет жарық көргенге дейін Прюитт белгілі тұлға емес еді, кейіннен оның танымалдылығы бірден артып, Reddit сайтында жұлдызға айналды. Аталмыш порталда Прюиттің еңбегін талқылаған түрлі материалдар жарық көре бастады. Интернет қолданушылары оны қазіргі күннің «батыры» деп тауып, Wikipedia сайтына емес, қаржыны Прюиттің өзіне бөлу керектігін айтады. Сонымен қатар, желі қолданушылары әлемге әйгілі электронды энциклопедияда автор туралы бірде-бір шағын мақала жоқ екендігін тілге тиек етті.
Айта кетейік, бүгінде Wikipedia сайтында 6 миллионға жуық материал бар.
Ұсынған: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру