Кейінгі жылдары Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуында оң өзгерістер көптеп орын алуда. Әсіресе, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры», «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақалалары аясында ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, төл тарихымызды құнттауға айрықша басымдық берілуде. Бұған Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы «Жамбыл облысының мемлекеттік архиві» мекемесінің ұйымдастыруымен өткен «Ерлікке тағзым – ұрпаққа парыз» атты конференцияда тағы бір мәрте көз жеткізгендей болдық.
Облыс әкімінің орынбасары Сұлушаш Құрманбекованың төрағалығымен өткен басқосуға «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғали, ҚР Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Борис Жапаров, ҚР Президенті Архивінің директоры Жәмила Әбдіқадырова, ҚР Ұлттық архиві директорының кеңесшісі Гауһар Хайруллина және Түркістан облысының архив басшылары мен мамандары, майдангерлер ұрпақтары қатысты. Сондай-ақ бұл шараға Польша Республикасының, Гданск қаласындағы Поморск генеологиялық қоғамы Президентінің орынбасары, техника ғылымының кандидаты, өлкетанушы Войцех Бещински де арнайы келіп, құнды мәліметтерімен бөлісті. Жиында аймақ басшысының орынбасары «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен «Ерлік» мемориалдық кешені салынып, онда былтыр 105 мың, биыл қосымша 780 Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің есімдері мәрмәр тасқа қашалып жазылғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ аталған жұмыстың жалғасы ретінде «Еrlik.kz» сайты іске қосылғанына, мұндай ілкімді істі жүзеге асыруда архив қызметкерлерінің іскерліктерін танытқанына ерекше тоқталды.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында архив саласына ерекше мән беріліп, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен «Архив-2025» мемлекеттік бағдарламасының жобасы ұсынылды. Өткенімізді, өшкенімізді қайта жаңғыртуға мүмкіндік пайда болды. Ұлы Отан соғысының тарихында әлі де болса ақтаңдақ беттер көп. Сондықтан да бұл тақырыпты одан да терең зерделеу жұмыстары жүргізілуі тиіс. Бүгінгі конференция сол жұмыстардың кіріспесі, – деді Сұлушаш Сәтбекқызы.
Мұнан соң сөз тізгіндеген «Архив-2025» ғылыми-әдістемелік орталығының басшысы Берік Әбдіғали Ұлы Жеңіске қол жеткізгенімізге биыл 74 жыл толса да қазіргі таңда әлеуметтік желілерде қисынға келмейтін түрлі пікірлердің жазылып жүргенін айтып, олардың барлығын тарихтан хабарсыз адамдардың таратып жатқанын жеткізді.
– Шындығы керек, қазіргі таңда көп жерде Ұлы Отан соғысы деп аталып жүр. Біз оны екінші дүниежүзілік соғыс деп атағанымыз дұрыс. Бұл тұрғыда Украина мемлекеті Ұлы Жеңіс деп атау туралы арнайы Заң да қабылдады. Жалпы, бұл соғысқа 1 миллион 366 мың қазақстандық қатысқан болса, оның ішінде 130 мың қазақ батыры қайтыс болды деген дерек күмән келтіреді. Мәселен, Жамбыл облысында жүргізілген жүйелі жұмыстардың нәтижесінде 56 мың жамбылдық майдангердің қайтыс болғаны анықталып отыр. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар әлі зерттеуді қажет етеді, – деген Берік Бақытұлы жамбылдық архивистердің жасап жатқан жұмысын өзге облысқа тәжірибе ретінде ұсынатындығын атап өтті.
Сондай-ақ ол жақын арада өзінің «Ұмытылған қаһармандар» атты кітабы жарыққа шығатындығын және онда Кеңес Одағының батыры атағына ұсынылып, сол атақты ала алмай қалған қазақстандықтар туралы деректер жазылғанын баян етті. Айта кетерлігі, ол кітапқа майдан даласында асқан ерліктің үлгісін көрсеткен 9 сарбаздың есімі еніпті.
Жиында сондай-ақ ҚР Президенті Архивінің жанындағы Қоғамдық Кеңес төрағасы Борис Жапаров аймақта облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің бастамасымен салынған «Ерлік» мемориалдық кешенінің тәрбиелік маңызы зор екендігін жеткізді. Конференция барысында өзге де баяндамашылар екінші дүниежүзілік соғыста қазақстандықтардың көрсеткен ерліктерін айтып, олар туралы мәліметтерді жинастыруда архивистер еңбегінің ерен екендігін сөз етті.
Бақыт Жалғас
Пікір қалдыру