Сәуле Әбілдаханқызы: "Сайрагүлдің өзі Қазақстанда қалғысы келмеген сияқты"

/image/2019/06/04/61613190_2217179625056850_6184895610823376896_n.jpg

Белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы Қытай-Қазақ шекарасынан заңсыз өтіп, Қазақстанда істі болған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың Швецияға кетуіне байланысты facebook желісіндегі парақшасында пікірін білдірді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Әбілдаханқызының жазуынша, Сайрагүл Сауытбайдың ісі ушығып тұрғанда оны адвокат Абазал Құспан қылмыстық істен аршалап алып қалған. 

Абазал Құспан, Сайрагүл Сауытбай, Сәуле Әбілдаханқызы

"Бір емес, бірнеше рет айтқанмын, "Менен бас тартсаң да, Абзалдан  Құспаннан бас тартпа, онда билік елден шығарып жібереді, бұл билікке сол керек боп тұр, сенің бас тартқаның керек боп тұр" деп. Біләшке барып күйеуі бізді қаралап сұхбат берді, өзі қайта-қайта видеоүндеу жариялады. Ақырында Сайрагүл екеуміз ұрсысып тынғанбыз. Оған бәріңіз куәсіздер. 
Алғашқы тұтқынға алынған күннен бастап (!), ол бізден дүйім жұртқа жар салып бас тартқанға дейін (!) - ақ адал жүрегімізбен оған шын жанашыр болдық, үлкен жетістікпен аяқталған істер атқардық. Тегін атқардық. Елім деп келген қазақ қой, жан боталарына жете алмай жүрген "Ана ғой, Әйел ғой" деп, қайтсек те азаматтық алып береміз деп жұмыс жасадық.  Абзалдан бір емес, үш рет бас тартты. Соңғысында Абзал, тіпті, ол бас тартып, Омаровамен жұмыс істеуді бастаса да, Талдықорғанға босқын мәртебесін алу туралы азаматтық іске байланысты алғашқы сот отырысына да барды, "Сайрагүл, әлі де ойлан, мен бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге дайынмын." деді. Халықтың көзінше айтты! Ол халықтың көзінше тағы да бас тартты! Оған да бәріңіз куәсіздер... Егер сіздер, Абзалды, яки мені кінәлап қаралаушылар, заңнан, құқықтық нормалардан аз-маз хабарыңыз болса, қылмыстық іс пен азаматтық істің не екенін ажырата алар едіңіздер. Сайрагүлдің біз араласып, жан берісіп, жан алысқан, қытай консульдарымен ашық конфликтіге дейін жеткен ісіміз - оның заңсыз шекара бұзуына қатысты ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС болған. Халықаралық деңгейдегі қылмыстық іс! Ешқандай талқылаусыз депортацияланатын іс! Алайда бұл істе Абзал адвокат ретінде жарқырай көрінді. Талай халықаралық заңдарды қопарып, зерттеп, оны елде алып қалды. Жай ғана алып қалған жоқ, ТҮРМЕДЕН ДЕ аман алып қалды! Елде қалса да, 1 жыл түрмеде жазасын өтеу қаупі де бар еді. Абзал оны түрмеден суырып алды!!! Екінші іс - босқын мәртебесін алу туралы АЗАМАТТЫҚ ІС. 
Абзал "Оның да шешімін табуға болады, алгоритм действии санамда сызулы" деп жүрген. Халықаралық заңдық нормаларға, халықаралық көмекке жүгіну үшін АҚШ елшілігіне 3 рет, Германия елшілігіне 1 рет барды, Түркия елшілігімен де байланысты. Алайда Абзал періштесін жоғалтып, қайғыдан қан жұтып жүргенде, Сайрагүл "ол телефоныма жауап бермейді, одан бас тартамын" деп, бір емес, екі видео жариялады... Бүгін бір жерден оқып қалдым, "періштесінен айырылып жүргенде Абзалдың ол іске құлқы болмады" деп жазды біреу. Әрине, бауыр еті баласынан айырылып отырған адамның сот түгілі, өмір сүруге құлқы болмайды. Мұны басынан өткен адам түсінеді... (мысалы, менің басымнан бұл жағдай былтыр өткенін білесіздер. Журналымның жұмысы содан бері тоқтады). Десек те, Абзал "құлқы" болмаса да, кәсіби ЖАУАПКЕРШІЛІГІ өте жоғары адвокат. Сондай жағдайда жүрсе де, қызының әлі қырқы өтпесе де, топырағы кеппесе де, күш тауып Абзал Алматыға екі рет келді. Үшінші рет Азаматтық іс бойынша Талдықорғанға дейін барды. Ал ол: "сенен бас тартамын. Омарова Америкамен сөйлеседі" дегенінен танбады", -деп жазған Сәуле Әбілдаханқызы Сауытбайдың өзі "Қазақстанда қалғысы келмеген сияқты" деген ойын айтты.

Меніңше, оның өзі Қазақстанда қалғысы келмеген сияқты. Дүниені дүр сілкіндіретін саяси мәлімдеме жасау үшін шетелге кеткен тиімді шығар. Саяси мәлімдеме күтеміз енді. Ал Абзалдың да, менің де ақ адал жүрегімізбен жүгіргенімізді өзіміз білеміз және бір Алла біледі. Біздің жұмысымыз түгел таспаға жазылған күйі менің парақшамда тұр. "Көрмес түйені де көрмес".
Обалы көрмегендерге, көре алмағандарға. Ол туралы, бұл туралы ләм-мим деп ауыз ашпаймын десем де, жан-жақтан қояр емес. Ал халықтың бұл ақпараттың соңынан улап-шулап кете барғаны билікке тиімді. Негізгі мәселеден халық назарын бұру - бұл биліктің баяғыдан "таптырмас" тәсілі", -деді Әбілдаханқызы өзінің фейсбуктегі жазбасында.

Айта кетейік, 2018 жылы сәуір айында "Қорғас" кеден бекеті арқылы Қазақстан аумағына шекараны заңсыз кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайға Қазақстанда қылмыстық кодекстің "Шекараны заңсыз кесіп өту" бабы бойынша айып таққан. Халықаралық құқық қорғау ұйымдары оған араша түсіп, Қазақстан билігін Сауытбайды Қытайға бермеуге шақырған.

Былтыр тамызда Алматы облысы Панфилов аудандық соты Сайрагүл Сауытбайды айыпты деп тану және алты айға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бірақ оның жазасын "жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға ауыстырған. Сот Сайрагүл Сауытбайды Қытайға депортацияламай, Қазақстанда қалдырған.

Алматы облысы көші-қон қызметінің жанынан құрылған "Босқын мәртебесін беру" жөніндегі комиссия 2018 жылы қазанда Сайрагүл Сауытбайдың Қазақстаннан босқын мәртебесін сұрап жазған өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Сауытбай Талдықорған қалалық сотына талап-арыз түсіріп, комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұраған еді. Бұл іс бойынша сот әлі жалғасып жатыр.

Швеция көші-қон агеттігінің ресми мәліметіне сәйкес, бұл ел биылғы қаңтар мен сәуір айлары арасында 6286 адамға саяси баспана берген. 2010 жылдан бері Швециядан саяси баспана алғандар саны (еңбек мигранттарын қоспағанда) 300 мыңға жуықтаған. 2016 жылғы қаңтарда Стокгольм 2015 жылы Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстағы соғыс пен кедейліктен қашып Швецияны басып қалған қалың босқынның 80 мыңының арызын қанағаттандырмай, елден шығаратынын жариялаған еді.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар