«Келешек Президент қазақ елі үшін аянбай еңбек етеді деп сенемін». Жұбайымен бірге дауыс беруге келген композитор Алтынбек Қоразбаев осылай деді. Қазақстанның халық әртісі өз таңдауын №211 сайлау учаскесінде жасады. Бұған дейінгі сайлауларға да белсенді қатысып жүрген халық әртісі, бұл жолғы саяси науқанда да қазақстандықтар дұрыс таңдау жасайды дегенге сенеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«Өзімнің елім үшін, халқым үшін еліміздің патриоты есебінде жұбайыммен келіп, өз дауысымды бердім. Мен алда болатын Президентіміз Қазақстанды өркендетеді деп сенемін. Мінекей 50 елдің қатарына кірдік, алда 30 өркендеген елдің қатарына жетеміз деп сенеміз», - деді Қазақстанның халық әртісі, композитор Алтынбек ҚОРАЗБАЕВ.
Саяси додаға өз үлесін қосып, дауыс беру мақсатымен шетелден арнайы ұшып келген жастар да төбе көрсетті. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының бірі, талантты жас композитор, пианист Рахат-Би Төлеген алғаш рет дауыс берді. Ол өз таңдауын №54 сайлау учаскесінде жасады.
«Бұл менің тұңғыш рет дауыс беруім. Осы тарихи кезеңде өз еліммен бірге болу үшін арнайы Италиядан келдім және өз таңдауымды жасадым», - деді жас композитор, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы Рахат-Би ӘБДІСАҒЫН.
Пікір қалдыру