Айдар Мәсімғазы: Саудамен айналыспасаң, "саудаң" бітеді...

/image/2019/06/22/psarsppo.png

Qamshy.kz ақпарат агенттігі "Осынау құнды дүниелерді замануи нақышқа келтіріп, ықшам етіп, күнделікті кие алатындай өнім жасалса, әттең, киер едік-ау" деген қандастардың сұранысын қанағаттандыруға қауқарлы тігін цехының, дүкеннің бар екенін дүйім жұртқа жария етуді жөн көрді.

Ел нарығында жүргеніне 8-9 жыл шамасындағы уақыт өткен абыройлы компания, беделді Abyroikz.kz дүкендер желісінің басшысы Айдар Мәсімғазымен болған сұхбат, құрметті оқырман, сіздің назарыңызда.

***

Абыройдың басшысынан сұхбат аламын деген оймен күн найза бойы көтеріле сол бағытты бетке алып тартып отырдық. Қос қабатты ғимаратының баспалдағынан өткенде-ақ біз таң санап жүрген уақытта бұл жердің тіршілігі қыз-қыз қайнап жатқаны көрініп тұрды.

Қасиетті жұма күніне дөп келген бұл әңгіменің қайыры ерек болар деп басшы кабинетінің есігін қағып, рұқсат сұрап, ішке ендік.

"Сырт көз сыншы" деген қазақтың сөзі бар. Төбесінде еліміздің көк байрағы ілінген иманжүзді ағаның әңгімеден аулақ еместігі, кішіпейілділігі көзге ұрып-ақ тұр. "Иә, сәт!" дегеннен-ақ әңгіме тиегі ағытылып жүре берді. Бала кездің қызығы бір бөлек, кәсіп бастағандағы машақаты бір бөлек, әйтеуір, диктофондағы қызыл батырманы басқанда сағат жарымнан аса уақыт өткенін бір-ақ білдік.

Ендеше қамшы ақпарат агенттігінің тілшісі мен Abyroikz.kz басшысының әңгімесін әрі қарай оқи беріңіз, біз жаза берелік.

***

- Айдар аға, ұлтын құп көрмейтін қанша ұлық, қанша қалталыны көз көріп жүр. Кәсіптің мүддесін бір, ұлттық рухтың мүддесін екі етіп, абыройлы кәсіптің тізгінін ұстап отырған азаматтың балалық шағынан бастасақ әңгімені...

- Үйде тоғыз ағайынды болдық. Мен – кенжесімін. Алдымен, осы күнге жеткеніме Аллаға шүкірлік айтқым келеді. Екіншіден, мені өмірге әкелген әке-шеше, мен өскен орта жақсы болды.

Мен мектеп оқып жүргенде алдымдағы ізашар аға-апаларымның алды отбасы құрып, кейінгілері студент атанып үлгерген. Өзің білесің, 90-жылдардағы таршылық елді біршама титықтатты. Ата-анам осыған қарамастан, ағайындарымның барлығын шама-шарқы жеткенше оқытуға тырысты. Сол қиын кезеңдерде бірлі-жарым жаңа киінгеніміз болмаса, үйде жүргеннен кейін асқазанның есебі түгел болғанымен, алдыңғылардың кигенін киіп өстік.

Балалық шақтың күллі сюжетін судырата берген көпшілікке қызық бола қоймас. Мен бір-екі жағдайды айтып берейін. Әлі күнге дейін осы дүниелер менің кәсіпкер атануыма себеп болды деп ойлап қоямын. Дегенмен, бәрі Алланың қалауында ғой.

"Коммерсант" Айдардың алғашқы саудасы...

Мектепте алтыншы сынып оқып жүргенде басталды бұл бағыттағы алғашқы жұмыстарым. Алтыншы сыныпта оқимыз. Сынып жетекшіміз, бізге білімнен бөлек тәрбие беріп, сол қиын-қыстау уақыттарда жөнімізді табуымызға жөн сілтеген апайымыз болды. Есімі – Жұманова Рыскүл.

Содан не керек, алтыншы сыныпты тәмәм қылған соң Орта Азияға, мынау Ташкент, Самарқан, Түркістан, Бұқара сияқты тарихи қалаларға саяхаттамақ болдық. Рыскүл апайымыздың бізге қойған талабы – сол саяхатқа жұмсалатын ақшаны өзіміз табуымыз керек.

"Қалай табамыз?"

Дәл осы сұрақ санамызға соққы берген топ бала шу ете қалдық. Апайымыз өз жоспарын айтты.

Жыл сайын біздің ауылға тауықтың шөжесін алып келетін. Апайымыз сол шөжелерді сатып алып өсіруды ұсынды. Құп! Балапанды да алдық. Бәріне үлестіргенде маған тигені – шикіл сары жеті балапан.

Жеті шөжеме жағдай жасау – менің бар мақсатымның бастауындай көрінді. Сабақтан келе сала соларға жем-су беріп, ит-мысық жеп кетпеуіне алаңдап жүргенде олар да қарақанаттанып қалды. кейін әлгі шөже алып, өсіруге уәде берген қатарларымнан сұрасам, бір де біреуінда тірі шөже қалмаған. Бірінікін ит жеген, біреуінің балапаны суға түсіп өлген...

Енді саяхатқа билет алу үшін әлгі жеті тауығымды саудалауым керек қой. Әрі есептеп, бері есептеп, жетеуін шиқылдатып апарып сатып жібергенмен билетке қалтамадағының қауқары жете қоймайтынын байқадым. Содан не керек, сойып, етін сатсам ба деп бір ойландым. Бірақ одан түсер пайданың да шамалы екеніне көзім жетті.

Қысқасы, ойланып-толғанып жүріп, тауықтарды сойып, оның етінен манты жасап, сол мантыны түйірлеп сатқанды жөн санадым. Құп!

Мантының машақаты...

Үлкен апаларымыз тұрмыс құрып кеткен уақыт – бұл. Анама айтып, нан илеп беруін сұрадым да, өзім әлгі тауықтарды жайлай бастадым. Бір тауықтың етінен екі рет манты жасауға болады екен.

Бұл жоспарымды үйдегілерден бөлек, Рыскүл апайдан өзге ешкім білмейді. Сол кісіге ойымды жай жеткіздім. Ол кісі мектептен рұқсат алып беретінін айтып, қолдай кеткені. Содан енді артқа қарайлар жол жоқ. Үшінші сабақтан кейінгі үлкен үзілісте дайын тұрған қос ыдыстағы мантымды "құлағынан сүйреп" мектептің кіреберісіне алып келдім. Қоңырау соғылды. Жүректің соғысы қоңыраудан да қатты естіліп тұр. "Айдар сарт болып кетіпті" деген сөздердің желдей есетінін ойлағанда, бір қызарып, бір бозардым. (күліп)

Әлгі мантымды үстел астына жасырып қойғанмын. Бірақ оның исін жасыра алмайды екенмін ғой. Үзіліске жүгіріп шыққан балалар әлгі иісті іздеп, ауа иіскелеп тұра қалмасы бар ма?! Содан әйтеуір Рыскүл апайым іске араласып, алғашқы сауда күнімді сәтті өткізгенмін. Барлық тауығымды манты қылып, қалтамды біраз қампайтқанмын.

Кейіннен сол ақшалар үйде кей дүниелерге қажет болып, жұмсалып кетті. Сөйтіп, шөже асырап тауық еттім, ол мені саяхатқа апармады.

Нарынқолда өсіп, пойыз көрмеген мені шөже бақпай-ақ саяхатқа барып келген балалардың суреттері қатты қызықтырды. Біршама уақыт іштей қапа болып жүрдім. Кейін осы арманымды қалай да жүзеге асырамын деп серт еткенмін. Аллаға шүкір, осы уақытқа дейін дүниежүзінің бірнеше түкпіріне табанымыз тиді.

Жапон жерін көргім келді. Бардық. Біздің компания шығыстағы шалғай жерде алты ай жұмыс жасады. Италияда болдық. Будапешті көргім келіп, Венгрияға жол түсті. Бабаларымыз ерлікпен басып алған Берлинге барып, Қошқарбаев атамыз ту тіккен Рейхстагты көрдім. Шүкіршілік.

Қазір ойлаймын, осылай Азия, Еуропа елдеріне жол салып жүргенім кезіндегі сол пойызға мініп, Тәшкен аса алмаған асыл арманның нәтижесі деп. Арманымды ойнатып, кәсіптік идея берген ұстазым Рыскүл тәтейге Алланың нұры жаусын!

Орындалған арман немесе бір қорап шайдың хикаясы

11-сынып оқып жүргенде мен саудамен толыққанды айналыса бастадым. Қалада тұратын Досжан деген ағам ауыл тұрғындарына қажет болатын дүниелерді салып жіберетін. Соларды күтіп алып, ауылдағыларға сата бастадым. Шай, өсімдік майы, сабын деген сияқты дүниелер ғой. Соларды түстен кейін көшеге алып шығып, сататынмын.

Мектепте оқып жүрген соңғы жылда орыс тілінен сабақ беретін Сәуле Рахимова деген мұғаліміміз болды. Сол кісі бір рет менен шай сұрап, мен оған қарызға бере алмайтындай болып, әйтеуір сөзбұйдаға салып біршама жүріп қалдым.

Бір күні орыс тілі сабағында сол кісі мектеп бітіргеннен кейін не істейтініміз туралы шығарма жазуға тапсырма берді.

Әрі ойланып, бері ойланып шала орысшамды қамшылап, әйтеуір келесі мәтіндегідей сөз жазып шықтым.

"После окончание школы поступлю в ВУЗ. Если вдруг по некоторым обстоятельствам не получится, буду до конца заниматься с коммерцией. Буду открывать торговый дом в ауле. Название – МАС (Мәсімғазы Айдар Сәбетұлы). 

Дорогая, Сауле Рахимовна! Вы не обижайтесь! Когда я открою магазин, я вам коробку чая бесплатно дам".

Осылай жаздық та шығармамызды өткіздік. Жинап алған мұғалім бәрін оқып отырды да бір кезде ішек-сілесі қатып кеп күлсін. Менің қағазымды ұстағанын біліп отырмын. Ұят та қысып барады. Сол жерде оны балаларға оқып беріп, алғысын жаудырып жатыр ғой.

Содан не керек, мектепті де тәмәмдадық. Өзім әлгі орыс тілі сабағында жазғандай оқуға түсе алмадым. Саудаммен айналыса бердім. Күткен дүкеніміз де ашылды. Сол жылы жазда Сәуле апайымыз ауылдан көшіп кетті.

Арада біршама уақыт өткен. Бір күні бір тойда жүрсем, Сәуле апайымыз да келіпті. Апайды көре сала ескі уәде еске түсіп, тойды тастай сала үйге қарай құстай ұштым. Дүкенге кіріп, бір қорап шайымды көтеріп, апайдың қонаққа түскен үйіне тауып барып, оңаша шығарып алдым. Алдына көліктен бір қорап шайымды шығарып қойдым да бар жағдайды ол кісінің есіне түсіріп айта бастағанда-ақ жылаған күйі құшақтай алды. Екеуміз бір жыласып, бір күлісіп табыстық солай.

Ол кісі әлгі мен уәде еткен қорап шайда бас тартпасы бар ма?! Қымбат деді, қажет емес деді. Мен де табандап тұрып алып, алмаса ренжитінімді айтып, әйтеуір қолына табыстадым. Сол кезде сыныптың алдында берген уәдем көп ұзамай орындалған. Міне, бұл да жас кездің еншісінде қалған жылы естеліктердің біреуі.

- Расында, аға, кішкентайдан бұл салаға араласып, сүйегіңіз ерте қатайған екен. Abyroi.kz дүкені нешінші жобаңыз? Бүгінгі тақырыптың төңірегіне оралсақ...

- Ауылда дүкен аштық. Оны жүргіздік. 2004 жылы әйелім Құралаймен шаңырақ көтердік. Сосын ақырындап қаланың кәсібіне араласу қажеттілігі туғанын түсіндім.

Әйелім екеуміз қаладан сувенир сататын дүкен ашып, оның филиалы ретінде елордадан да бір дүкен аштық. Осылай кішкене қанат жайып келе жатқан мезгілде министрліктен хат келіп түсті. 2005 жылы Жапонияда өтетін EXPO-ға қатысу туралы. Кезінде Нұр-Сұлтан қаласындағыдай емес, бұл көрменің ауқымы кең еді. Үзіліссіз алты ай бойы болатын. Ол жаққа алып баратын тауарларды басқа дүкендерден бір айға қарызға алып, заттарымызды жинақтап, шекарадағы, тасымалдағы қаншама мәселелерді шешіп, жеттік әйтеуір жапон жеріне. Сол жерде біздің ұлттық нақыштағы дүниелеріміздің барлығы жапон халқының аса қызығушылығын туғызып, сол сапардан олжалы қайттық.

Ол сапардан оралған кезде, осы кәсіптерді енді-енді бастап келе жатқан кезде менің жасым 24-25 шамасында еді. Ол кезде бірден ірі цех ашатындай қауқар жоқ. Алматының іргесіндегі Іргелі деген ауылдан жер телімін алып, сол жерден үй салдым. Сол үйді цех ретінде пайдаландым. Енді қиын болды. Несін айтайын, қаладағы кептелісте тұрып, одан кейін ауылдың нашар жолымен өндіріс орынына күніне бірнеше мәрте қатынап-ақ шаршайтынмын.

"ЦУМ" сауда орталығында біздің сауда нүктеміз болды. оған тауарды алып бару, Іргеліге қайта келу қиын-ақ еді. Шүкір, қазір бұл қиындықтардан өттік. Әйелім екеуміздің күндіз-түні ұйықтамай жасаған қызметіміздің нәтижесі көрініп келеді.

- Сіздердің өнімдеріңізге зер салсақ, сапа мен түстер гармониясының ұтымды ұштасқанын байқаймыз. Ұлттық киім үлгісіндегі осындай ілгері қадам кімнің ықпалымен, кімнің идеясымен жасалды?

- Жұмысты бастар кезде біз өз бағытымыздағы барлық өнімдерді саралап шықтық. Көздің, көңілдің сүзгісінен өткіздік. Солардың артықшылықтарын, кемшіліктерін көріп, өзіміздің дүниемізді жасағанбыз. Біріншіден, біздің өнімде қандай да бір артықшылық болса, ол ұжымдық талғамның, біздің тұтынушыларымыздың биік талғамының арқасында.

Адам өзі қалаған нәрсені көз алдына елестете алады. Біз дер уақытында қажет дүниені жасай алдық. Және біз жасаған өнім тұтынушылар тарапынан өзінің лайықты бағасын алып келеді деп ойлаймын.

Басты мақсат – тұтынатын адамға үйлесімді болуы, оған ұнауы. Ақша екінші орында. Салыстырмалы түрде талғамын қанағаттандыра алса, міне, осы – ең үлкен жетістік.

- Өзіңіз Жапония жерін көріп келдім дедіңіз. Экономикасы бізден бірнеше жыл алға озған елден келіп, сауданың қайнап тұрған ортасына түспей, неге ұлттық киім өндіру ісіне келдіңіз? Қорқыныш болмады ма? Әлде белгілі бір тауар өткізем деп көздеген нүктелеріңіз болды ма?

- Жапондар экономикалық әлеуеті артып, әлемдегі көшбасшы елдердің біріне айналып отырса да, өздерінің ұлттық идеологиясының қазығынан шылбыр үзіп кетпеген. Олар той-томалағына да, жиынына да сол коимоносы мен аяқтарына төртбұрышты аяқ киімдерін киіп алады.

Біздің ұлттық киімдеріміз тамаша. Өзгелер қызығып та, қызғанып та қарайды. Бірақ сол ұлттық құндылықтарымыз сандық түбінде, қоржын басында ғана жүретін халге жеткен.

Бұл өндірісті ашқандағы басты мақсат сол – ұлттық нақыштағы һәм заманауи стильдегі киімдер жасап шығару. Ұлттық киімдерімізді жандандыру арқылы елдің рухын, ұлттық болмысын, еңсесін көтеру. Өзінің түпқазығына жақындаған ұрпақтың бойында автоматты түрде ұлттық рухы ояна бастайды.

Рас, менің тауарымды елдің барлығы жаппай алады деп ойлаған жоқпын. Сонымен қатар, жалдаған жұмысшыларымның еңбекақысын төлеу, тауарды өткізу, оны елдің қалай қабылдайтындығы туралы көп ойландым. Бірақ өзіме сендім. Өйткені, біздің елде мен сияқты ойлайтын, талғамы менімен ұқсас адамдар бар ғой, табылады ғой. Өзім де кезінде Жапонияға алып баратын дені сау ұлттық киім таппағанмын. Табанымнан тозып, елдегі біршама базар, сауда орталықтарын сүзіп шықтым. Сапалы дүние жоқ. Егер сол сапалы дүниені мен жасасам, алатын адам табылады деген ой басты негіз болды.

- Мына нәрсе қынжылтады. Ұлттық болмысымыздың көрінісі ретінде жүретін этноқұндылығымыз – ұлттық киім-кешек. Осылардың шаң басып, сандық түбінде тығылып жатқанына қанша уақыт өтті. Бірақ әлі бір күнделікті тұрмыстық қолданысқа енгізе алмай келе жатырмыз. Қалай ұлттық киімдерімізді брендке айналдырсақ болады? Сіздер бұл бағытта қандай жұмыс жасап жатырсыздар?

- Рас, бізде әлі сол ескілікті қалдығы бар. Санамызды. Тақия мен шапан қарттар үшін деген іспетті. Бірақ біз бен сіз, жастар көріп жүрген қырғыз пішіп, қытай тіккен шапандар қолайсыздау. Ұлттық нақыштағы бедері бар киімдерді әр адамның қалауына орай тігуге болады.

Сондай-ақ, бұл мәселеде дизайнердің, тігіншінің жұмысы басым рөл ойнайды. Елімізде дені түзу дизайнер жоқ емес. Осы саладағы мамандардың идеясына, жобасына қаржы салатын азамат жоқ.

Осы жағдайларды ескере отырып, біз күні кеше дизайнерлерге конкурс жарияладық. Жүлде қорын миллион теңге деп қойдық. Біздің тараптан жақсы һәм "жаңа" идеясы бар маманға көмек болса, мүмкіндік болса деген оймен. Ұсыныс жіберіп жатқандар, жобасын жіберіп жатқандар баршылық. Бұл мәселе кезек күттірмейтін мәселе екенін жақсы түсінемін. Алдағы уақытта біздің дүкендерде этнозаманауи үлгідегі киімдер жарық көруі тиіс. Көп ұзамай тұтынушылардың өздері де куә болып қалар, бұйырса...

- Баға қымбат. Бұл – көпшіліктің сіздерге қойғысы келетін басты сұрағы. Қымбат баға шикізатқа кеткен шығынның есебінен бе, әлде өнімді абыройлы, беделді етіп көрсетіп, брендке айналдырудың айласы ма?

- Брендке айналдыру үшін баға көтеру дегенмен келісе алмаймын. Тауар бірінші брендке айналып, сосын баға көтеріледі, негізінде.

Ал бағаның қымбаттығының себебін айтайын. Мысалы, біздің баға кіммен салыстырғанда қымбат? Базардағы қытай мен қырғыздың тауарымен салыстырғанда.

Тек бағаны салыстырып, қателесуге әсте болмайды. Әсілінде, алдымен сапаны салыстырған жөн. Бағалы әрі сапалы дүние тұтынғыңыз келсе, ақшасынан аянуға болмайды.

- Abyroikz.kz қанша адамды жұмыспен қамтып отыр? Қанша қалада дүкен жұмыс жасап тұр?

- Қазіргі уақытта біздің компанияның өндіріс орынында 60-тан астам адам жұмыс жасауда.

Екі қалада филиалымыз бар. Қазіргі уақытта батыс өңірден дүкен ашсақ па деген жоспарымыз бар. Өйткені, сол аймақтан сұраныс көп.

- Соңғы сауал болсын, аға. Сіздердің өнімдеріңізге қызығушылық танытатындардың қатарында қарапайым азаматтардың саны басым ба, әлде әкім-қаралардың, шенеуніктердің, әнші-күйшілердің қарасы көп пе?

- Иә, жоғары жақтан біздің өнімді таңдайтындар баршылық. Әртіс те бар, әнші де бар, кәсіпкерлер мен әкімдер де бар. Араласып жатыр. Бөліп қарастырғанды біз де жөн санамаймыз.

Талғамы жоғары, бойындағы рухы ояу жігіттердің көпшілігінің таңдауы бізге түсіп жатады. Бұл үрдіс бізді қуантады. Қарапайым жұмысшылардан беделді тұлғаларға дейін бірдей қызмет көрсете береміз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан: Әділет Мәдениет

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар