Жамбылда жаңа мешіттің құрылысы аяқталуға жақын

/image/2019/07/23/img_20190717_143007.jpg

 

Жамбыл облысы Шу ауданының іргесіндегі Сауытбек ауылында осыдан бірнеше жыл бұрын ел күткен жарқын іс бастау алған еді. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ауыл тұрғындары туып-өскен жерлеріне иман жолында мешіт салуды көздеген болатын. Енді, міне, көптен күткен аталмыш мешіттің құрылысы да аяқталуға жақын қалыпты.

Мұсылманды тіліне, нәсіліне, ұлтына қарап бөлмей, бастарын бір жерге тоғыстыратын құтты мекеннің құрылысы осыдан 3 жыл бұрын басталған. Бүгінде имандылық үйінің құрылысын түгелдей өз қолына алған сол ауылдың тумасы, жеке кәсіпкер Жақсығұл Диқанбаев әуелгіде бұл іске тұтас ауыл жұмыла кіріскенін айтады. «Әу баста өзімізде мешіт салатын ой болған. Шамалы қаражат жинап алуды көздеген едік. Содан ауылдықтар бір ауыздан құрылысты бастаймыз дегенде 100 қап цемент алып беріп, іргетасын қалағанбыз. Алайда, дәл осы қалпында бір жыл өзгеріссіз тұрды. Араға бір жыл салып, кірпіш түсірдік те, қабырғасын қаладық. Кейіннен бұл іске бел шеше кірісіп, құрылысты бастап кеттік. Өткен жылы арнайы адам жалдап, мешіттің ішкі-сыртқы әрлеу жұмыстарын жасатқанбыз. Соңғы 3 айға жуық уақытта құрылыс ерекше қарқын алып, жұмыстың көбі істеліп, азы қалды. Сәтін салса, қыркүйек айына дейін құрылысты толық аяқтауды жоспарлап отырмыз. Игі істі бастамас бұрын, мүфтияттан рұқсат алып, құжаттарын да рәсімдеп қойдық. Тұтастай алғанда, мешітті салу үшін 15 миллиондай қаржы жұмсалды. Оның ішінде, ауылдан шыққан азаматтар да қаржылай қолдау білдіргенін айта кету керек» - дейді Ж.Диқанбаев.

Ауылдың кіреберісінде орналасқан Асайын Шыныбекұлы атындағы мешіт 14 сотық жерге соғылуда. Оның ұзындығы 16 метрді құраса, ені 10 метр болады. Ауылдың рухани болмысына жаңаша серпін беретін сәулеті мен сәні келіскен мешітте құлшылық бөлмесі, имамға арналған жеке бөлме, табиғи газбен жұмыс істейтін қазандық және ауладағы ас беру алаңы мен дәрет алатын арнайы орын қарастырылған.

Осылайша, 3 ұл, 1 қыздан өрбіген 10 немеренің атасы ауылдастары бастаған істі қолына алып, оны абыроймен атқарып келеді. Осындайда, қазақтың «Ауылына қарап, азаматын таны!» деген аталы сөзі еріксіз еске түседі. Расымен де, өзі туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтардың бар екені көңіл қуантады. Жасыратыны жоқ, бұндай ауылдан берекенің ешқашан тарқамайтыны да белгілі. Сол себепті де, жерлестеріміздің осынау игі істері өзгелерге де үлгі болса екен дейміз. «Игі істің басына, жақсы келер қасына» дегендей, ауыл халқы үшін жасалып жатқан игі шара берекелі болса екен дейміз.

Шапағат Қонысбай

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар