Бүгінгі күні әлемдегі ең өзекті мәселенің бірі – діни экстремизм мен терроризм қаупі екені баршаға аян. Осы орайда Алматыдағы "Мониторинг және талдау орталығының" бөлім меңгерушісі Тұрсын Құдайқұлов діни сауаттылық, деструктивті діни бағыттағы ағымдарды ажыратуды жолдары, теріс ағымдардың даулы мәлімдемелері туралы әңгімелеп берді. Qamshy.kz ақпарат агенттігі сұқбаттың сүйекті деген тұстарын оқырман назарына ұсынып отыр.
– Күні бойы тынымсыз тірліктің соңында жүрген жұрттың діни сауаттылығын қалай бағалайсыз?
– Адамдардың діни сауаттылығы ұғымы жөнінде жиі айтылып жүр. Көп жағдайда Құранды арабша оқи білген, намаз оқитын мұсылманды діни сауатты деп ойлаймыз. "Діни сауаттылық" ұғымының "философиялық" мәні, негізінен, адамның ішкі зайырлық құпиясын, парасатылығын, шын жүректен ниет етуін білдіреді. Кейбір діншілдеріміз қарапайым халықты діни сауаты жоқ деп кінәлайды. Бұл – дұрыс емес. Бәрі бірдей бес уақыт намаз оқып, 30 күн ораза тұтпаса да, жақсы мен жаманды ажырата алады.
– Халыққа ақпараттық түсіндіру кезінде тыңдаушылар тарапынан қандай сауалдар түседі?
– Кездесу барысында мамандарға әртүрлі сұрақтар қойылады. Соның ішінде діни сауалдар басымырақ. Мысалы, кімді тыңдауға болады немесе теріс ағымдағыларды қалай ажыратуға болады деп жатады. Ондай адамды бет-әлпетіне қарап, ажырату мүмкін емес. Сақалға ғана қарап айта алмаймыз. Себебі, имамдар да, өнер адамдары да сақал қояды, тіпті атеиспін деп жүргендер де өсіреді. Сондықтан сақал өсіргендердің бәрін жат ағымдағы деп айтуға болмайды. Хиджаб киетіндерді де кінәлай алмаймыз. Өйткені орамалды Ханафи масхабын ұстайтын қыз-келіншектер де тағады. Иә, сәләфит ағымдағылар шолақ балақ киеді. Бірақ, ондай шалбарды сопылық бағытты ұстайтындар да киеді. Бұл жерді адамның ішкі имунитеті болмаса, "діни сауаты" болмаса, әрине, қиындау болады. Сәләфи бағытындағылардың жолы басқа, сопылық бағыттағылардың жолы басқа.
– Дінтанушылардың айтуынша, сәләфиттердің сенімінде ауытқушылық бар. Олар бұрыннан келе жатқан дінді мойындамайды. Сәләфи жолындағылар өздерін бүкіл қоғамға қарсы қойып алған дегенді алға тартады. Осыған не дейсіз?
– Қазір, деструктивті діни бағытты ұстанушы азаматтардың "салт-дәстүрді ұстану – бидға", "келіннің сәлем салуы – ширк", "зиярат жасау – куфр" деп қарастыруы, жағымсыз әрекеттері ел ішін бүлдіруді көздейді. Жат ағымды таңдағандар, көсемдері айқындап берген бағыт бойынша жүреді. Пірлері оларға "Уағыздарын тыңдамаңдар, сенімдеріңе селкеу түсіреді, көңілдеріңе күдік ұялатады. Сол себепті, имамды тыңдау – харам болып есептеледі" деп пәтуа бекіткен. Сәләфиттерді ажыратудың тағы бір амалы: олар қайтыс болған кіслерге құран бағыштауға болмайды деп есептейді. Сопылық бағыттағылар да осы ойды құптайды. Олар айтады "Алла тағалаға сен тікелей шыға алмайсың, сен пір арқылы құдаймен байланысқа шыға аласың, сондықтан пірдің айтқанын бұлжытпай орындауың керек", – дейді. Яғни, сол адамның ойлау бостандығы болмайды. Олар үшін көсемінің айтқаны – заң.
– Сәләфиттер неге құран бағыштауға қарсы?
– Олар мына мысалды алға тартып сөйлейді. "Міне Құранды ашып көріңіз мұнда намаз оқы, ораза ұста, зекет бер дейді, ал өлген адам соның біреуін істей ала ма", – дейді. Әрине, істей алмайды дейміз ғой. "Онда неге сендер Құран бағыштайсыңдар, Құран тірілерге түскен", – дейді. Иә, дұрыс айтасыз, Құран тірілерге түскен, біз мұны жасырмаймыз. Құранмен жүріп-тұру – әрбір мұсылманның міндеті. Бірақ, пайғамбарымыздың екінші хадисі бар. Құранның әрбір оқылған әрпінен 10 сауап бар. Осы хадиске сүйеніп, қайтыс болған кісінің амал дәптері жабылады. Бірақ үш кісінің амал дәптері жабылмайды деген хадисі бар. Ол артынан салиқалы ұрпақ тәрбиелеп өсіргендер. Сол ұрпағы ата-бабаларына сауабы барсын деп Құран бағыштайды. Бұл жерде шариғатқа қайшы келетін жерін көріп тұрғаным жоқ. Сәләфиттерді осылай анықтауға болады.
Алма Мұқанова
inform.kz
◊♦ Оқи отырыңыз: Паранджа киіп жүруге тыйым салынды
Пікір қалдыру