Өзін екінші топ мүгедегімен деп таныстырған — Сәдуақасова Айгүл Мыңжанқызы сәлафизм бағытын ұстанған туған бауырының жұбайы екеуі үйге деп жинаған қомақты қаржыларын «қарызға» деп алып, қайтармай жүргенін айтты. Әлеуметтік желі арқылы видеоүндеу жолдаған келіншек дін өкілдерінен бауырын жөнге салуды сұрап, көз жасын тоқтата алмады.
«Отбасымда болған хикаямды сіздерге айтып, көмек сұрағым келеді. 2017 жылы күйеуім менің бауырыма екеуміз 5 жыл бойы «Тұрғын үй жинақ банкінде» жинаған 1 миллион 850 мың теңгені қарызға берді. Менің бауырым сәлафизм бағытындағы адам. Ол ақшаны алған кезде, екі аптадан кейін қайтаратынын айтқан. Содан бері 2 жыл өтті, оның ақшамызды қайтаратын ойы жоқ. Ол дін жолын ұстанған жан бола тұра, жақындарына қалай ғана осылай істей алады?! Өзі өте табысты кәсіпкер, жеке бизнесі бар»,-дейді ол.
Айгүлдің сөзінше, күйеуі бауырына ақша берген кезде әйеліне айтпаған. 18 жыл бойы пәтер жалдап тұратын отбасының бар жиған-тергені бір күнде жоқ болған.
«Күйеуім өте сенгіш адам, бауырыма ақшаны менен жасырып берген. Ол да қарызға алғанын айтпаған. Сол себепті қоғамнан, ардақты аналар мен дін өкілдерінен шындыққа қол жеткізуіме көмек берулерін сұраймын! Маған бөтеннің дүниесі қажет емес, тек бауырым ақшамызды қайтарса екен! Менің күйеуім зейнеткер, біз 18 жыл бойы пәтер жалдап тұрып келе жатырмыз. Қожайынымыз кез-келген уақытта пәтерін сатса, біз далада қаламыз. Бұл ақшаны болашақта пәтер алсақ деген ниетпен жинаған едік. Енді оның қайтатынына ешқандай үміт жоқ»,-дейді кейіпкеріміз.
Бауырының ісі үшін ұялатынын айтқан Айгүл оның рухани ұстаздары онымен сөйлесіп, тезге салса дейді.
«Рухани ұстаздары менің бауырыммен сөйлесіп, оны тура жолға салыңыздаршы. Алла жолындағы адам осылай жасай ма, бұл дегеніңіз ауыр күнә ғой?! Мен туған бауырымның осылай жасап кеткені үшін күн екі жыл бойы жылап келе жатырмын. Сіздерден көмек сұрау соңғы үмітім болып отыр»,-деді Айгүл Мыңжанова.
Пікір қалдыру