Тараз қаласында ауыл әйелдерінің облыстық форумы өтті, – деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Жамбыл облысының әкімдігі, Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының ұйымдастыруымен қолға алынған жиынға ауыл әйелдері, кәсіпкерлер, ауылдық округтердің әкімдері мен өзге де меймандар қатысып жатыр. Айта кетер жайт, форумның өтуіне әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия, халықаралық «Coca Cola» қоры мен «EXPO&WOMEN» халықаралық ұйымы қолдау білдірген.
Форум жұмысы басталмас бұрын Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес мүшесі Салтанат Рақымбекова баспасөз конференциясын өткізді. Брифинг барысында олар форумның негізгі мақсаты мен жалпы ауыл әйелдеріне қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Форум жұмысын Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев алғы сөзімен ашып, дала мәдениетінде әйел баласының рөлі әрқашан ерекше болғанына тоқталды.
– Қазақы ортада өз мүддесінен отбасы мүддесінің артық болуы әйелдердің қоғамдық-әлеуметтік белсенділігіне еш кедергі болған емес. Сол себепті, қазақ даласында аты жалпақ жұрқа мәлім әнші, ақындар мен дәулескер күйші, парасатымен үлгі болған даналар мен ерлігімен ерекшеленген батыр аналарымыз болды.
Қазір де әйелдердің қоғамдық өмірімізде алатын орны ерекше. Бүгінде Жамбыл облысында 1 миллионнан астам халық болса, оның 60 пайызы ауылда тұрады. Оның ішінде тең жартысы әйелдер. Олардың бір парасы әлеуметтік салаларда, шағын және орта кәсіпте, қызметтің түрлі салаларында еңбек етуде. Мемлекеттік, басшылық қызметте жүргендері де жетерлік.
Ауыл – халқымыздың бірегейлігі мен бірлігінің, тарихы мен мәдениетінің қайнар көзі. Сондықтан, ауылды дамыту – бізге басты мақсат. Оның ішінде қай салада болмасын батыл қадам жасап, кәсіби кемелдіктің, жауапкершілік пен табандылықтың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан әйелдер қауымына қолдау әрқашан жоғары болмақ, – деді М. Шүкеев.
Сонан соң, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Майра Айсина және Жасыл экономиканы қолдау және G-Global-ды дамыту Коалициясының Басқарма төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңес мүшесі Салтанат Рақымбековалар баяндама жасап, еліміздегі әйелдердің ахуалы, олардың кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметтегі орындары туралы сөз қозғады.
Кешке дейін созылған форум жұмысы бұдан әрі пленарлық отырыстармен жалғасты. Онда кәсіпкер келіншектерге көрсетіліп отырған қолдаулар, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту, агротуризмді дамытудағы әйелдердің рөлі, ауыл әйелдері арасында көшбасшыларды шығару, жұмыссыз әйелдерді қолдау жөніндегі шаралар, отбасы құндылықтары мен қазіргі заманғы гендерлік саясат, ауыл шаруашылығымен айналысатын әйелдерге несие беру мәселелері көтерілді.
Сондай-ақ, жиын барысында ауыл әйелдерінің республикалық форумына делегаттар сайланып, кәсіпкер келіншектер өндіретін тауарлардың көрмесі де өтті.
Пікір қалдыру