Жамбылдық жастар гуманитарлық білім бағыттары бойынша қазақ тілінде толыққанды білім алу үшін жағдай жасай отырып, әлемнің озық оқулықтарын түп нұсқадан қазақ тіліне аударуды мақсат еткен «100 жаңа оқулық» жобасын кәдесіне оңтайлы жаратуда. Күні бүгінге дейін жоба аясында облысқа қазақ тіліне аударылған 19 кітаптың 7000 данасы келді деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
Баршаға мәлім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алу жайын көтерген болатын. Сәйкесінше «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын Ұлттық аударма бюросы қолға алып, әлемнің танымал гуманитар-ғалымдардың бірқатар еңбектерін мемлекеттік тілге аударды. Қазақ тіліне аударылған әлем ойшылдарының оқулықтарының әрқайсы 10 мың данамен басылып шығып, еліміздегі 115 жоғары оқу орнымен жергілікті кітапханаларға таратылды. Бұл қатарда Жамбыл облысындағы оқу орындары мен кітапханалары да бар.
–Қазақ тіліндегі ақыл-ойдың әлемдік кемеңгерлерінің қаламынан туған дүниелер облыстық, қалалық, аудандық және жоғары оқу орындарының кітапханаларына толығымен таратылды. Бүгінде бұл кітаптардың электронды нұсқалары әзірленді. Жобалық офис кітаптардың QR-кодтары бар арнайы тақтайшалар дайындап, облыс, аудан орталықтарындағы адам көп жүретін орындарға орналастыру жұмыстарын қолға алды. Сонымен бірге өңірдегі жетекші ғылыми орталық саналатын М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің қолдауымен апта сайын әр кітаптың таныстырылымын өткіземіз,– дейді Жамбыл облыстық «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің жетекшісі Серікбол Берікқожа.
Ал экономист ғалым Сұлтан Әбілдаев «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасының экономика саласында маман даярлау ісіне тың серпін беретінін айтады.
–Экономист ретінде маған макроэкономист Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы қатты ұнады. Мен бұған дейін бұл оқулықтың орыс тіліндегі нұсқасын бірнеше рет оқығанмын. «Экономикс» кітабы әлдеқашан американдық саясаткерлерді үстел кітабын» айналып үлгерді. Бұл туындысын да автор экономиканың негізгі салаларымен бірге салық жүйесі мен халықаралық сауданың мәселелерін де назардан шет қалдырмайды. Сол арқылы оқулық оқырмандарға экономикалық шешім қабылдаудан шығатын нәтижені алдын ала бағамдауға мүмкіндік береді, – дейді С.Әбілдаев
Айта кету керек жыл соңына дейін «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған кітаптардың жалпы санын 30-ға жеткізу жоспарлануда.
Пікір қалдыру