Жамбыл облысының 21 мың тұрғыны латын негізді әліпбиді түсіндіру шараларына тартылды  

/image/2019/08/21/crop-90_53_403x717_rukhani-dganhghyru-2.jpg

 

Жыл басынан бері жамбылдықтарға латын негізді әліпбиді түсіндіру мақсатында 73 іс-шара өткізілген. Бұл шараларға облыстың 21 мың тұрғыны тартылды деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Елдің рухани өміріне қозғау салып, қоғам санасына сілкініс әкелген Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын туралы айтылды. Соған сай Үкімет басшысы 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен латын негізді әліпбиге көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті. Осы жоспар негізінде облыстық іс-шаралар жоспары түзіліп, жамбылдықтарды латын негізді қазақ әліпбиіне баулу жұмыстары жүйелі жолға қойылған.

Мәселен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің жанынан латын әліпбиін үйрету оқу-әдістемелік кабинеті, Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінде «Қазақ филологиясы және латын графикасын оқыту әдістемесі» кафедрасы, облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының Тілдерді оқыту орталығында «Рухани жаңғыру: латын әліпбиі» кабинеті ашылып жұмыс жасауда. Бұл орталықтарда тіл білімінің білікті мамандары жұмыстары тартылған. Олар тұрғындарға әдістемелік көмек көрсетіп, жаңа әліпбимен қаріп тануға септігін тигізеді.

Өткен жылы республика аумағында бір мезетте ұйымдастырылған жалпыхалықтық диктант жазу шарасына облыс бойынша 127 мыңнан астам адам қатысты. Сондай-ақ былтыр өңір тұрғындарына латын графикасына негізделген қазақ әліпбиін түсіндіру мақсатында облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының 4 әлеуметтік жобасы қолға алынды. Бұл жобалар шеңберінде 120 іс-шара өткізіліп, оған 150 мыңға жуық адам қамтылды. Биыл басқарманың бастамасымен 2 әлеуметтік жоба жүзеге асырылып жатыр.

Жалпы, Жамбыл өңірінде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындаған мааңызды міндет саналатын латын негізді қазақ әліпбиіне көшу жұмыстары жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Былтыр жергілікті тілші ғалымдардың бастамасымен арнайы сайт іске қосылды. Аталған сайтта латын негізді қазақ әліпбиін оқытудың бағдарламасы да бар. Бұл сайттағы бағдарламаны интернетті пайдалана алатын облыстың кез келген тұрғыны пайдалана алады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар