Тиімді технологияны игерудің тетіктері үйретілді

/image/2019/09/03/crop-20_44_424x753_tiimdi-tekhnologiya.jpg

Жамбыл облысы Сарысу ауданының Жаңаталап ауылдық округі, «Жантөре-Саудакент» ЖШС-нің базасында «Көкөніс және аралас егін шаруашылығын тиімді жүргізудегі тәжірибесін оқу» атты семинар өтті деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Аталмыш семинар «Атамекен» АЭС-нің орталығы, ҚР Ауыл шаруашылық министрлігімен және Алматы облысының жеміс-жидек дақылдары қауымдастығымен бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Аталған іс-шараның мақсаты – агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ақысыз және ақпараттық қолдау. Семинар осы мақсатта жүргізіліп, Жаңаталап ауылдық округінің әкімі Нұрхан Ақмағанбетовтің төрағалық етуімен басталды.

Жиында аудан әкімінің орынбасары Олжас Көкей «Жантөре-Саудакент» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде тамшылатып суару технолгиясы, сонымен қатар минералды тыңайтқыштар қолдану мен өсімдік қорғау құралдарын тиімді пайдалану арқылы жоғары әрі сапалы өнім алу үшін жасалып жатқан агротехникалық шаралар туралы жиналғандарға мәліметтер берді.

Аудан әкімінің орынбасарына ауылшаруашылық иелерінен жиналған бірқатар азаматтар сұрақтарын қойып, мемлекет тарапынан берілетін көмектерге қанық болды.

Сонан соң «Жантөре-Саудакент» ЖШС-нің директоры Медеу Шаханов 2015 жылдан бері атқарылған жұмыстары мен интенсивті егіншілік түрін пайдалана отырып жеткен жетістіктерімен бөлісті. Тамшылатып суару технологиясы мен базасындағы ауыл шаруашылығы техникалары, су сақтау бассейндарымен таныстырды.

– Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 203,1 га, егілген егістік көлемі 115 гектарды құрайды. Көп жылдық жоңышқа 15 га, тамшылатып суару технологиясы қолданылатын егіс түрлері. 2018 жылы егілген және алынған өнім көлемі жүгері – 55 га - 60 тонна, пияз – 30 га – 850 центнер, бақша – 25 гектарды құрады. Ағымдағы жылы су үнемдеу технологиясының егіс алқабына енгізу көлемі аудан бойынша барлығы 100 гектарға жетті.

Ауыл шаруашылығы техникалары жыл өткен сайын жаңара түсіп келеді. Бұл салыстырмалы түрде қарағанда үлкен жетістік.

Жасыл технологиялардың көмегі арқылы біріншіден өнім көлемі мен сапасын артса, екіншіден уақыт үнемделеді. Ақиқатында шаруаның жаз мезгіліндегі әр күні қыс бойына азық болары белгілі .

Биыл тамшылатып суару әдісін қолданғандардың жандары жай тауып, істері ілгері басуда.

Ешкім қолына күрек алып бұрынғыдай егіс суарып жүрген жоқ. Бұрын аса көп көлемде пайдаланылатын су қазір айтарлықтай үнемделді.

Ал осы жаңа, энергия үнемдеуші технологиялардың арқасында бірталай шаруалардың шығыны анағұрлым кеміп, өндіретін өнім көлемі бірнеше есеге артты, – деді шаруашылық басшысы.

Су үнемдеу технологиясы бойынша Жаңаталап ауылдық округінде «Жантөре-Саудакент» ЖШС тамшылатып суару технологиясын пайдалана отырып, дәндік жүгері, пияз және бақша дақылдарын орналастырғандығы туралы да осы семинарда кеңінен айтылды.

Сонымен қатар қазақ егіншілік және топырақтану ғылыми зерттеу институтынан келген қонақтар баяндамасы тыңдалып, ауылдық округтерден келген ауылшаруалық иелеріне үлкен сабақ болды. Көптеген қызықтырған сауалдарына толыққанды жауаптар алып, қажеттіліктерін біле алды.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар