Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында ата-бабаларымыздың ертеден техникалық прогрестің бел ортасынан табылып, өркениетке өз үлесін қосқандығы айтылды. Бабадан ұрпаққа жеткен осынау бір құндылық ұлттық спорт түрлері саналады. Ал оларды заман ағымына сай жетілдіру уақыт талабы. Осы орайда, М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің доценттері асық ату ойынының «ҮшБас» деп аталатын түрін ойлап тауып, оны насихаттауда, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының доценттері Бекболат Аманжолұлы, Жамбыл Елемесұлы, Дархан Ізтілеуұлы ойлап тапқан ойын асық ату спортының жаңғыртылған нұсқасы саналады. Ойынның ең басты ерекшелігі оны жыл он екі ай бойы ойнатуға болатындығында болып отыр. Ол үшін 12 қой асығы, 3 қызыл түсті сақа және жеңіл тақтайша қажет. «ҮшБас» ойынының ережесінде оны жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше топқа бөліп ойнату қарастырылған. Мәселен 6-10 жас аралығындағы бүлдіршіндер асықты 1 метр жерден көздеуге тиіс болса, 11-16 жастағы жасөспірімдер үшін бұл меже 2 метр деп бекітілген. 17 жастан асқан ойыншылар «ҮшБастан» үздік шығуы үшін асықты 3 метр қашықтықтан атып түсіруі керек. Ойыншылар бір ойында 3 атыс жасауға рұқсат берілген. Олар сақаларын қаз қатар тігілген 12 асыққа қарай бағыттай атады. Жеңімпаз өзіне берілген 3 мүмкіндікті мүлт жібермей торға асықты көп түсірген ойыншы атанады.
«ҮшБас» ойыны ойынның белсенді түріне жатқызылады. Өйткені мұнда жеңіске жету үшін жүгіруге, секіруге, нысаны көздеуге тура келеді. Қазіргі таңда жастар арасында кең тараған бильярд ойыны секілді «ҮшБас» ойынының ұлттық спорт түрін жастар арасында кең танымал ететіндігіне күмән жоқ. Әрі мұндағы басты назар жастардың құр асық ойынына құштарлығын арттыру емес. Сол арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін айта кеткен жөн.
Бүгінде облыс аумағында облыстық, қалалық, аудандық деңгейде «ҮшБас» ойынынан сайыстар ұйымдастырылып тұрады.
Пікір қалдыру