Қамыстыбұлақтағы таңбалы тастарда қазақ тарихының түрлі кезеңін бейнеленген

/image/2019/10/04/crop-13_7_482x871_qamysty-bulaq.jpg

Жамбыл ауданындағы Ақбұлым ауылы маңындағы Қамыстыбұлақ шатқалында қола дәуірінен орта ғасырға дейінгі аралықты қамтитын археологиялық ескерткіш орналасқан. «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» жобасына өңірлік маңызға ие нысан ретінде енген бұл орында 50-ге жуық жартасқа қашалып салынған петроглиф бар, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Көне заманның көзіндей жартастарға бейнелген суреттер қалған Қамыстыбұлақ шатқалы бес тау қыратынан тұрады. Ел арасында ертеректе бұл шатқалдың ішінде бұлақ суынан аққан судың өзенге айналып, оның жағасына қалың қамыстың қаулай өскеніне орай шатқалдың Қамыстыбұлақ аталғаны айтылады. Дегенмен қазір бұл шатқалдағы бұлақ суы тартылып, өзен көлшікке айналған, жағасындағы қамыстары қурап кеткен.

Шатқалдың күнегей қапталындағы қара гранит тастар бірден көзге түседі. Осы тастардың бетінде шекіп салған өнер туындыларын кездестіруге болады. Петроглифтер шатқалдың бойындағы 1 шақырым аралықтағы жартастардың көбінде кездеседі. Қазіргі таңда бұл жартастардағы елуден астам суреттер белгілі. Оларда тауешкі, түйе, бұқа сияқты жануарлар және аңшылар мен жауынгерлер бейнеленген. Петроглифтерде тауешкі бейнесінің жай сұлбасы ғана берілсе, бұқа мен түйелердің бейнелері нүктелермен толықтырылып түсірілген. Ал адам бейнелерінен қолына күн ұстап бейнелеген. Кейбірінде садақ атқан аңшы, найзасын көлденең ұстаған жауынгер, би үстіндегі екі адамды көруге болады. Сондай-ақ қолына қайқы қылыш ұстаған салт атты адамның бейнесі ортағасырлар кезеңіне жататын болса керек. Негізінен бұл суреттерде көне замандағы тайпалардың тіршілігі мен салт-санасындағы нышандар бейнеленген. Әрі петроглифтер арқылы сол замандағы тайпалардың тыныс – тіршілігін тануға болады. Мұндағы аңшылық пен қарулы сарбаз бейнесі қазақтың аттың жалында, түйенің қомындағы жаугершілік заманынан хабар береді. Таутекенің мүйізі мен күннің бейнесі бүгінгі мемлекеттік рәміздерге таңбаланған қастерлі нышандар

Ғалымдар бұл жартастардағы бейнелерді көне тарихтан сыр шертетін құнды дерек көзі әрі «ашық аспан астындағы галерея» деп таниды.Өз кезегінде мұнда жергілікті жердегі мектеп оқушылары жиі келіп, ондағы тарихи жәдігерлермен танысып тұрады.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар