«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, Тараз қаласында бүгінгі күні ТКШ, қауіпсіздік, білім беру, көлік бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Осы бағыттардың бірі «Open-Akimat» форматында, бір мезетте түрлі мәселелердің шешіміне «бір терезе» қағидасымен сапалы қызмет көрсету мақсатында қала әкімдігінің сәулет және қала құрылысы және жер қатынастар бөлімдері Жүнісалиев көшесі, №1 мекен –жайға орналасып, жұмыстарын бастады.
Сондай-ақ, «Жәрдем» - 109 бірыңғай диспетчерлік коммуналдық қызметі орталығын ашу бойынша нақты нәтижеге қол жеткізіліп, аталмыш мекеме Төле би даңғылы, №35 мекен-жайда іске кірісіп кетті.
Ал, білім саласы бойынша №41 мектеп гимназиясында оқушылардың сабаққа келу және үйлеріне қайту мерзімдерін тіркеп отыратын «Қауіпсіз мектеп» жобасы енгізілді. Соның аясында 16 мектепте бейнебақылау жүйесі жаңартылды. Сондай-ақ қаладағы 41 мектепте Wi-Fi сымсыз ғаламтор желісі орнатылса, 5 мектеп робототехника кабинеттерімен қамтылды. Бұдан басқа, облыс орталығында республикалық деңгейде алдыңғы қатарда саналатын «Тараз-Hab» IT-мекемесі 4 мектепке IT кабинетін жабдықтау жұмыстарын бастады. Жыл соңына дейін орта мектептерде 10 дана робототехника сыныптарын ашу көзделуде.
Сонымен қатар, «Назарбаев зияткерлік мектебі» ААҚ-ның базасында 67 информатика мұғалімдерін бағдарламалау, робототехника, 3D модельдеу бойынша оқыту және кәсіби дамыту, мектептерге 706 дана компьютер және мультимедиялық техникамен жабдықтау, мектепке дейінгі білім мекемелеріне кезекке қою мен жолдама беру қызметін автоматтандыруды іске асыру, фото және бейнежазу жүйесін және мектеп асханаларында қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу, виртуалды және толықтырылған шындық зертханасын ашу, 2019-2020 оқу жылдарында 4-сыныпқа «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негіздері» пәнін енгізу жоспарлануда.
Бұдан басқа кітапхана оқырмандарымен бірлесе шығармашылық іс-әрекет жасау мақсатында 2019 жылғы 2-ші жартыжылдықта М.Шолохов кітапханасынан «Коворкинг» орталығын ашу көзделуде.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау мақсатында «Е-архитектура» жүйесін қалыптастыру жолымен электронды картасын жүйелендіру басталады.
Көлік саласын цифрландыру бойынша қаладағы жолаушылар маршруттарын үздіксіз қозғалыс кестелерінің және жылдамдық режимдерінің сақталуы үнемі қадағаланып отыратын online режимінде GPS-навигациялау taraz-bus.kz сайты жетілдірілді. Сонымен қатар, ағымдағы жылы 43 бағыттағы 670 қоғамдық көліктерге электронды билеттендіру құрылғысын енгізу жұмыстары басталып, 2020 жылы аяқталатын болады.
Пікір қалдыру