«Қазақстанның Азаматтық Альянсының» жетекшісі Дос Көшім мен көрнекті саясаткер Расул Жұмалы жақында Қызылжарға келіп, жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Елімізге ғана емес, сырт жұртқа да пайымды, салмақты ойларымен кеңінен танымал қоғам қайраткерлерінің әңгімесі негізінен тіл саясаты төңірегінде өрбіді.
Бұл мәселеде екеуінің де көзқарасы, азаматтық ұстанымы көпшілікке мұның алдында да өткізілген көптеген сұхбаттардан белгілі болғандықтан, оларды қайталап жатпай-ақ қояйын. Тек Дос Көшімнің де, сол кездесуге қатынасқан көпшіліктің де қазақ тілінің қоғамдағы мәртебесін көтеру үшін мемлекет тарапынан пәрменді заң жүйесі енгізілуі керек деген пікірімен келісе алмаймын.
Өйткені тіл жоғарыдан берілген бұйрық-жарлықпен де, әмір-өкіммен де реттелмейтін, тек өзінің табиғи даму заңдылығына ғана бағынатын қоғамдық құбылыс. Егер жергілікті ұлт өз тілін құрметтесе, ана тілінде сөйлесе сол тіл қоғамда үстемдік құрады, тұғыры берік болады. Бұл үшін билік шығарған заңның да, ереженің де қажеті жоқ, тек әр қазақтың өз отбасында балаларымен ана тілінде сөйлесетін тәрбиесі, өз тіліне деген құрметі қажет. Егер ана тіліне деген мұндай сүйіспеншілік, тәуелсіз сана адам бойында ата-ананың өнегесімен бала кезінен қалыптаспаса ешқандай заңмен, тіпті ең озық оқыту әдісімен, ең тәжірибелі мұғалімнің күшімен қоғамды қазақ тілінде сөйлету мүмкін емес.
Сөзіме дәлел келтірейін. Қызылжарда «Айгүл» атты балалар бақшасында болғаным бар. Мұнда әр түрлі әдістердің жілігін шағып ішкен шебер ұстаздар орыс, татар және басқа ұлт өкілдерінің балаларын қазақ тіліне үйретеді. Былай қарағанда нәтижесі жаман да емес. Коммуникативтік әдіске негізделген тартымды ойын барысында орыс балалары бір бірімен жап-жатық қазақ тілінде сөйлесіп жатқанын көрудің өзі қандай қуаныш!
Бірақ... Жұмыс соңына қарай балаларын үйлеріне әкетуге ата-аналар келе бастады. Көңілімдегі жылт еткен қуаныш отының су сепкендей басылып, жанымның құлазыған кезі де осы болды. Қазақтың жас жігіттері мен бір үйдің үлгі беретін келіндерінен бастап пайғамбар жасынан асқан қарттарына дейін балаларымен, немерелерімен орысша дабырласып жатыр. Күні бойы балғындармен қазақша әңгімелесіп, солардың балауса санасына қазақ тілінің жас өскінін егіп жүрген тәрбиешілердің еңбегі еш болды.
Ал енді айтыңыздаршы, егер қазақтың өзі баласына қазақ тілінде тәрбие бермей, өзі орысша сөйлесіп жүрсе ана тіліне өзгелер тарапынан қандай құрмет болмақ? Қандай заңмен, әкімшілік бұйрықпен өзге ұлт өкілдерінің өзіміз де сыйламайтын тілге деген құрметін қалыптастыруға болады?
Қазақ тілінің болашағы бүгін қыл үстінде тұрғанына тағы бір дерек келтірейін. БҰҰның Білім беру, ғылым және мәдениет ұйымының (UNESCO) мәліметі бойынша 1950 жылдан бері әлемде 230-дан аса тіл жойылып кеткен екен. UNESCO Атласында тілдер болашақта даму мүмкіндігіне қарай алты топқа бөлінген: safe (сенімді) , vulnerable (осал), definitely endangered (анық қатер төнген), severely endangered (қатты қатер төнген), critically endangered (қатерлі шекке жеткен), extinct (өлген) .
Мұнда «қатты қатер төнген» сатыдағы тілдің белгілері ретінде UNESCO мамандары ана тілінде отбасындағы ата-әжелер сөйлейтін, ал жас ата-аналар өз тілін түсінгенімен ол тілде өзара да, балаларымен де сөйлеспейтін жағдайды айтады. Ал «қатерлі шекке жеткенде» (бесінші саты) ата-әжелердің өзі ана тілінде жартылай (partially) және сирек (infrequently) сөйлейтін деңгейге дейін төмендеп кетеді. Бұдан кейінгі сатыда тіл жойылады.
Қазіргі көшеде немерелерімен орысша сөйлесіп келе жатқан ақ сақалды аталарымызды, ақ жаулықты әжелерімізді көргенде қазақ тілі UNESCO кестесінің бесінші және алтыншы сатыларының белгілерін байқауға болады. Өкініштісі, «қазақ тілін дамытпай отырған орыстілді билік» деп бар кінәні бет-бедері жоқ «билік» деген бұлдыр ұғымға аудара салу қоғамымызда үйреншікті әдет болып кетті. Ал сол билік адамдары да отбасының тәрбиесінен шыққан өз адамдарымыз, халықтың аз ғана бір бөлшегі емес пе? Олар да ата-аналарының үйдегі үлгісін көрді, әке-шешелері оларды орыс мектептеріне берді, басқа да мыңдаған қазақ балалары сияқты сол кездегі орыстандыру саясаты оларды ұлттық санадан жұрдай қылды.
Әйтеуір, мен өз қызымды қалың орыстың ортасында отырсақ та қалада алғаш ашылған «Салтанат» қазақ балабақшасынан мектеп бітіргенше қазақша оқытып, үйде қазақша сөйлесіп саналы түрде тәрбиеледім. Оңай болған жоқ. Себебі көшеге шықса ойнатындары бәрі орыс балалары еді. Ауладағылардың ішіндн жалғыз өзі ғана қазақ. Солардан үйренген сөздерін орысша айтып қалса ұрсуға дейін баратынмын. Бірақ есесіне ол ана тілінде мені жерге қаратқан жоқ. Орыс тілін мектепсіз-ақ үйренді. Ағылшын тілін де өзімнің ықпалыммен меңгеріп алды.
Ал қазір тәуелсіз ел емеспіз бе? Әр қазақтың өз баласын қазақ тілінде тәрбиелеуіне кім қарсы болып жатыр? Солтүстік Қазақстан облысында орыс жастары, ұлты әр түрлі мемлекет қызметкерлері арасында қазақшаны қазақтан да таза сөйлейтін ынталы азаматтар жетерлік. Бірақ солардың құлшыныстарын тежеп, орысша сөйлеп етектен тартып келе жатқан өзіміз.
Бүгінгі кезеңде қазақ тілі мәселесі өз есебін көздеген әр түрлі топтардың билікпен тартыстағы саяси құралына айналып кетті. «Қазақ тілін асқақтатайық!» деп бос бөшкедей даңғырлағанда дауыстары жер жарады. Бірақ ана тілімізді ұраншылдықпен емес, әр қазақ ата-анасының отбасында ұрпағының санасына сіңдірген тілге деген құрметпен, ұлттық жауапкершілікпен ғана жойылып кетуден құтқара аламыз.
Марат Ермұқанов,
Қызылжар қаласы
Пікір қалдыру