Қарағандыдағы бірнеше жолаушылар автобусына белгісіз адамның оқ жаудырғаны туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Осыған дейін полиция қызметкерлері мәлімдегендей, оқиға кезінде автобустарда 200-ден аса жолаушы болған. Белгісіз жан «45-орам» аялдамасында қоғамдық көліктердің терезесіне бірнеше рет оқ атып, мұнан кейін жақын жердегі аулалардың бірінде жасырыныпты.
№45 бағыттағы автобус жүргізушісі Ермек Сыздықовтың сөзінше, ол оқ атылғанын естімеген. Жүргізуші салонда дүрбелең туып, адамдардың шулап кеткенін ғана байқапты.
«Кейбір жолаушы автобустан шығуға тырысты. Оқ атылғаннан бәрі шок болды. Артынша №40 бағыттағы автобус келді. Ол жерде екі полицей тұрды. Сол автобусқа да екі рет оқ тиген екен. Ал адамдар үрейленіп, еңкейіп, аялдамадан қашты. Бәрі қатты шулап, айқайлап жатты», – дейді жүргізуші.
Полиция мәліметіне сүйенсек, оқиға салдарынан ешкім зардап шекпеген. Ал куәгерлер жолаушылардың біріне дәрігерлердің көмегі қажет болғанын айтады.
Қаладағы мұндай жағдайдан кейін адамдар көшеге шығып, қоғамдық көлікке отыруға қорқып қалған.
Жергілікті тұрғындардың бірі Дина Олимбаева: «Біз осы жерде баларымызмен үнемі жүреміз. Бұл адам шошырлық сұмдық жағдай ғой. Мұндай жағдайды жайдан-жай қалдыруға болмайды. Полиция не қарап отыр?», – дейді
Оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің «Бұзақылық» бабы бойынша іс қозғалған. Қазіргі уақытта полиция оқ атқан адамның тұлғасын анықтап жатыр.
Пікір қалдыру