Зияткерлік мектептердің тәжірибесі қолданылуда

/image/2019/10/30/crop-13_15_1162x1753_nish.jpg

Қазақстан Республикасы Тұңғыш-Президенті-Елбасы Жолдауында зияткерлік мектептердің тәжірибесін орта білім беру жүйесіндегі ортақ стандартқа айналдыру қажеттігіне баса мән берілгені мәлім. Аталмыш тапсырмаға сай өткен жылы өңірдегі 40 мектеп Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесін енгізудің базалық алаңына айналды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Осыдан 11 жыл бұрын Елбасы бастамасымен құрылған зияткерлік мектептердің тәжірибесі оқушыларға мектеп қабырғасынан нәтижелі кәсіптік бағдар беруге негізделген. Соған сай өрендерге болашақта өзі таңдау жасаған мамандық бойынша тереңдетілген мазмұндағы білім беріліп жатыр.

Ағымдағы жылы осы мектептің тәжірибесімен өңірдегі білім беру ошақтарының 50 пайызын қамту мақсатында облыс әкімдігінің білім басқармасы мен педагогикалық шеберлік орталығы және Назарбаев Зияткерлік мектебі арасында үш жақты меморандумға қол қойылды. Біріккен жоспарға сай жыл бойы базалық алаңға айналған мектептердің тәжірибесін аймаққа тарату үрдісі де қалыптасты. Ондағы басымдық ең әуелі ұстаздарға кәсіби қолдау жасау болып табылады. Мұнан бөлек заман ағымына сай оқушыларға ақпараттық технологиялар саласында сапалы білім беруде күн тәртібіне қойылған. Осындай базалық алаңның бірі саналатын Тараз қаласындағы №8 Төле би атындағы мектеп гимназиясында құрылған «Шыңдалу» желілік қауымдастығына облыс орталығындағы 11 орта мектеп тартылған. Бұл қауымдамдастықта ұстаздарға жаңартылған мазмұнда білім беру, ұрпақ тәрбиесінде Назарбаев зияткерлік мектептерінің әдістерін енгізуге қатысты өзекті мәселелер талқыланады.

–Өткен оқу жылында біз мектептегі 1,2,3,5,6,7,8 сыныптарға білім беруде Назарбаев зияткерлік мектебінің тәжірибесі қолданып көрдік. Нәтижесі жаман емес. Сондықтан жаңа жылынан бастап толықтай осы жүйеге көштік. Жалпы зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесі заман талабына сай бәсекеге қабілетті, білімді, іскер тұлғаны қалыптастыруға негізделгенімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, бұл әдістің тағы бір тиімді тұсы оқушылар өз біліміндегі артықшылықтар мен кемшіліктерге сай әрекет етуінде болып отыр,– дейді, Тараз қаласындағы Төле би атындағы №8 мектеп-гимназия директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Үміт Жақсылықова.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар