Ел боламын десең, бесігіңді түзе

/image/2019/11/25/crop--38_7_778x1038_dgdgdgdgdgdgdgdgdgdgdgdgdg.jpg

Бала тәрбиесі баршаға ортақ. Адамды кішкентай кезінен бастап, имандылық пен мейірімге тәрбиелесе, ол өскенде адам деген ардақты атқа ешқашан кір келтірмейтін болады. Расында да күнделікті күйбең тірлікпен жүріп баламыздың қалай өскенін білмей қаламыз. Ал ақиқатына келгенде, жас өскін болашақ ұрпақты тәрбиелеп өсірудің негізін қалыптастыратын тұңғыш мектеп ол – балабақша. Мұны неге айтып отырмыз? Қазір еліміздің түкпір-түкпірінде кішкентай сәбилерді ізгілікке баулып, тәрбиелеп отырған мектепке дейінгі тәрбие ұйымдары жеткілікті. Сондай балабақшалардың бірі – Қызылорда облысы, Шиелі ауданының «Ақмая» ауылындағы «Аймира» балабақшасы екенін айта кеткен жөн.

Балабақша 2011 жылдың желтоқсан айында ашылған. Балабақшада 4 топ жұмыс жасайды, онда 80 бүлдіршін тәрбиеленіп жатыр. Мектепті дейінгі білім ұйымында 20 жұмысшы қызметкер бар, оның 8-і педагог мамандар, жоғары білімдісі – 4, арнаулы орта білімді 4 қызметкер кызмет етеді. Балабақша ұжымының әрбір қызметкерлерінің міндеті – күнделікті тәрбиеленуші бүлдіршіндерге бақыт сыйлау.  Тәрбиешілер бүлдіршіндерді жан-жүрегімен, мейірімін төгіп, тәрбиелейді десек, артық айтқандық емес.

po

Балабақшаның негізін қалап, оның аяққа нық тұрып кетуіне құрылтайшы Жамила Базарбекқызының еңбегі ерен. Ол өзінің табандылығының арқасында бүгінгі таңда кең, жарық әдемі ғимараттың пайдалануына қол жеткізді.  Аталған мектепке дейінгі мекеменің аты қазір аудан жұртшылығына мәлім десек, ол ақиқат. Мұның себебі неде? Жетістіктері көп балабақшаға ата-аналар да балаларын көптеп беруге тырысады. Оның сыры да мәлім. Өйткені «Аймира» балабақшасының ұйытқысы, ізденімпаз, іскер басшы Жамила апай балалардың жан – жақты қорғалған, үйлесімді тұлға болып қалыптасуына бар жағдай жасауда.

–Бала тәрбиесі, оның ішінде балабақшадағы сәбилерді тәрбиелеу үлкен мәртебе. Балабақша «Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы»  бойынша оқу – тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Мен қызметкерлеріме жаңа инновациялық технологияларды пайдаланып, әдістемелік жағынан ізденуге көмек беремін. Қызметкерлеріммен тең дәрежеде  еркін сырласып, олардың пікірлерін тыңдап,  балабақшаның жұмысын жетілдіріп отырамын. Әлі де болса, балабақшаның деңгейін жоғары дәрежеге көтере алатыныма сенемін, – дейді кәсіпкер азамат, іскер басшы Жәмила Базарбекқызы.uy

Айта кету керек, балабақшада бүлдіршіндерге қажетті құралдардың барлығы да бар. Балалар тәрбиеленетін мекеме ойыншықтармен, оқулықтармен заман талабына сай толық жабдықталған. Оқу, ойын және ұйықтау бөлмелерінен басқа асхана, дәрігерлік кабинет пен іс – шара өткізілетін арнайы зал бар. Асханада Роза Сандыбаева апай  таңғы ас, түскі ас, бесін асты дәмді етіп, бүлдіршіндерге әзірлеп береді.

Балабақшада талантты балалар да жоқ емес. Атап айтсақ, Шұғыла Оспанова Дәулет Каусар, Жібек Сейтқасым сияқты балалар республикалық, облыстық, аудандық сайыстардың жүлде алып жүр.

Егер әр баланы  жастайынан өсімдіктер әлемінің адам өмірінде алатын орны мен маңыздылығын түсініп, оны аялай білуге баулыса, одан нағыз сұлулық пен адамгершілікті бойына сіңірген азамат шығатыны даусыз. Сондықтан да балабақша қызметкерлері  есіктің алдын гүлге толтырып көгалдандыру жұмыстарына белсене араласады. Гүлдер ғимараттың маңайына әр беріп, келушілердің қызығушылығын туғызады.

– Негізі баланы  тәрбиелеу бір күндік емес, өте ұзақ және күрделi процесс. Жалпы жеке бастың қалыптасуы, оның рухани жағынан дамуы бала кезден бастау алатыны сөзсіз. Жас шыбық иiлуге қандай икемді болса, бала да тәрбиенi қабылдауға сондай бейiм. Отбасы – тұлға қалыптастырушы бесік. “Ел боламын  десең, бесігіңді түзе” – деп, ұлы ғұлама М. Әуезов бекер айтпаған. Мәселен, бала тәрбиесінде ата – ананың орны ерекше. Демек тәрбиеші мен ата - ананың бала тәрбиесінде бірлесе жұмыс жасағаны дұрыс. Біз ата – аналармен іс – шара, тренинг жұмыстарымен қатар жиналыстарды да өткізіп тұрамыз. Ата - аналармен бірлесіп «Бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» атты аудандық семинар өткіздік. Аталған басқосуға ата – аналарымыз белсене қатысып, ауданнан келген әдістеме  тәрбиешілер олардың белсенділігіне ризашылығын білдірді, – дейді балабақшаның құрылтайшысы, кәсіпкер  Жәмила Базарбекқызы.  

Әрине, қашан да ізденісте жүретін, тынбайтын кәсіпкер азамат Жәмила Базарбекқызы туралы көп әңгіме айтуға болады. Сонау 2011 жылы отбасымен бірге «Ақмая» ауылынан 80 орындық балабақша ашқан ол қазір бұл ісіне шүкіршілік етеді. Содан бері он жылға жуық уақыт өтті. Он жылдың ішінде балабақшаның жетінші түлектері мектеп табалдырығын аттады. Бұл ауыл үшін іргелі іс болғанын мына бір деректен-ақ аңғаруға болады. Ауылда жағдай қиындап, мектепке дейінгі мекемелер жабылды. Ата-аналар балаларын қайда жіберерін білмей қиналды. Осындай күрделі кезеңде Жәмила Базарбекқызы Әділбек ханым игілікті істі қолға алды. Қазіргі уақытта балабақша жайнап, гүлдеп, көркейіп тұр. Ол  осы тіршілігіне еш өкінген емес. Қуанады. Қайта ата-аналардың алғысын алды, олар ризашылығын білдірді. Сөйтіп кәсіпкер «Аймира» балабақшасын ашты, оның құрылтайшысы болды.

Жәмиланың өзі де өнегелі отбасынан шыққан. Әкесі Базарбек Әділбекұлы осы ауылда 40 жылдан астам уақыт бойы бас гидротехник болып жұмыс атқарды.«Ұлы Отан соғысы ардагеріне теңестірілген», қазір 91 жаста. Анасы Пістегүл Наушабекқызы «Батыр Ана», 1990 жылы 59 жасында өмірден озды.

Жәмила өзі де бүгінде бала өсіріп, немере сүйіп отыр. Аймира атты қызы мен  Ғалымжан, Әлжан, Ержан атты үш ұлы бар.  8 немере  сүйіп, тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Келіндері Ақерке, Гүлсезім де ата-енесін сыйлайды, тәрбие көрген отбасының қыздары.

Кішкентай кезінен еңбекті сүйіп, өскен Жәмила Базарбекқызы қазір де қол қусырып қарап отырған жоқ. Жұмысы жетерлік. Кәсібі бар. Бала тәрбиесіне қатты көңіл бөлетін Жәмила жастайынан  анасының айтқан аманатын адал арқалап келеді. Ол қандай аманат? Анығын айтсақ, ешкімнің ала жібін аттамау, еңбекпен, маңдай термен ғана табыс табу, бастаған жұмысыңды табысты аяқтау. Жәмила ата-анасының көрсеткен өнеге жолымен осындай дәрежеге жетіп отырғанын айтады.

Ал кәсібі өрге домалап келе жатқан Жәмила Базарбекқызы «Әйел бақыты» деген ұғымды қалай түсінеді?

–Әйел – отбасының ұйытқысы, ол отбасында ғана емес, жалпы қоғамда бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы болып саналады, «Әйел бақыты» - қосағыңмен бірге ағарып, «Ана»  деген аяулы сезімді өне бойыңнан сезіну -, – дейді ол.

Расында өмірде тек қана алға ұмтылатын, мақсатқа қол жеткізбей тынбайтын кәсіпкер әйел ең алдымен адамдардың бойындағы  адалдық пен еңбекқорлықты, кішіпейілдікті бағалайды. Кәсіптің табыстылығы отбасымыздың ауызбіршілігіне, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, бірлікте жұмыс атқарғанымыздың арқасы деп санайды.

Расында да ауылда жүріп, балабақша ашып, бала тәрбиесіне үлкен мән берген кәсіпкер келешекке үлкен үмітпен қарайды. Басты мақсат – елдің амандығы. Ендеше, Жәмила үшін балалардың шат күлкісінен артық ешнәрсе жоқ.

...Балалық шақтың базары тарқамасын...

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар