Алматы Сән және дизайн колледжінде дәстүрлі әнші, өнертанушы Ерлан Төлеутай мен студенттер арасында кездесу өтті. Жастарды теріс ағымдардан сақтандыру мақсатында «Дәстүр мен дін» тақырыбында өткен кездесуде діннің атын жамылып, түзу жолдан тайған діндарлар туралы сөз болды.
«Мен қанша жылдан бері дәстүрлі өнер саласында жүрген азаматпын. Қазақтың төл өнеріне дәл радикалды исламистер сияқты шабуыл жасаған адам көрмедім. Олардың сөзіне сенсек, бәрі шерік, бәрі бидғат. Тіпті кейбіреулері домбыраны шайтанның даңғырлағы деп те атады. Сіздер қазір жассыздар. Адамдар көбінде жас кезінде адасады. Сондықтан қауіпті діндарлардың соңынан еріп, айтқанына иланбаңыздар. Барлық уақыттарыңызды білім алуға жұмсаңыздар, – деген Е.Төлеутай, – Олар сіздерді о дүниемен, тозақпен, азаппен қорқытады. Құдай олар айтқандай мейірімсіз, қатыгез деп ойламаймын. Құдайға құлшылық жасап, адамдарға опасыздық жасасаң, құлшылығыңнан не пайда?», – деп сөзін жалғады.
Ал, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде танымал ақын, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Бақыт Беделханмен кездесу өтті. Бұл кездесу де “Дәстүр мен дін" тақырыбында өрбіді. Студенттерге қазіргі қазақ қоғамындағы дәстүрдің бағзыдан келе жатқан сабақтастығы, балабақшадан басталатын тәрбиенің адам өміріне қаншалықты әсер ететіні жөніндегі ақынның кесек-кесек теңеулері мен ұшқыр ойларына аудитория ыстық шапалақпен ризашылығын білдіріп отырды. Сұрақ-жауап түрінде өткен кездесуде болашақ ұстаздар қазіргі қоғам мен әдебиет, дін мен дәстүр жөнінде мол мағлұмат алды.
«Әдебиет адамды тәрбиелейді. Әлемнің ең ірі тұлғалары мен саясаткерлері арасында әдебиетсүйерлер өте көп. Қазақ әдебиеті тақыр жерде пайда болған жоқ. Оның қайнары салт-дәстүрден, эпос-қиссалардан, ертегі, мақал-мәтелдерден бастау алады. Ал бүгінгі безбүйрек жат ағымдар қазақтың осы сабақтастығын мүлдем жойғысы келеді», деді ақын.
Өзі де осы оқу ордасында білім алған ақын кеш соңында ұстаздар мен студенттердің өтініші бойынша өлеңдерін оқып берді. Әсерлі өткен кездесудің соңында ұстаздар осындай шаралар жиі өтіп тұрса деген тілегін айтты.
Айта кетейік, аталған екі іс-шараны да Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі өткізді.
Ж.Аманова
Пікір қалдыру