Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы барысында президент Қ.Тоқаев айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Vласть басылымына сілтеме жасап.
Оның айтуынша, шетелдік жұмыс күшіне берілетін квота шарттары туралы ереже келер жылы қаралады. Сондай-ақ жұмысқа жергілікті кадрларды көптеп тарту талабы күшейтіледі.
Шетелдік жұмыс берушілер тарапынан азаматтарды кемсітуге жол берілмеуі тиіс екенін айтқан президент қараша айында шетелдік жұмыс күшін пайдаланып отырған кәсіпорындар тексерілгенін мәлім етті. Бақылау барысында 95 компания жұмысы тексеріліп, 930 заң бұзушылық анықталған. Заң бұзушылықтардың дені шетелдік жұмысшыға ел аумағында қызмет етуге рұхсат беруге қатысты болған.
Енетін өзгеріске сай 2020 жылы шетелдік жұмыс күшін 29 мыңға дейін қысқарту жоспарланған.
Сондай-ақ жұмысшыларының 30 пайызын шетелдіктер құрайтын 250 адам еңбек ететін кәсіпорындар жиі тексеріліп тұрмақ.
Бұдан былай еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі еңбек дауына қатысты кез келген мәселеге дереу көңіл бөліп, түйіткілдің қордаланып қалмауына жол бермейтіні мәлімделді.
Пікір қалдыру