Бүгін, 20 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Ұлтық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті. Бір сағатқа созылған жиынға БАҚ өкілдері қатыстырылған жоқ. Олар кеңес отырысын басқа бөлмеге орнатылған монитордан бақылаған.
Жиында Тоқаев "жала жабу" бабын Қылмыстық кодекстен алып тастап, Әкімшілік кодекске ауыстыру қажеттігін, митингілерді өткізудің ережесі "ескерту" формасына көшу" керегін, ол үшін арнайы заң жобасы дайындалып, парламентке жолданатын айтты. Бұған қоса, президент елдегі "саяси партияны тіркеу үшін 40 мың мүшесі болуы керек" деген заңнама талаптарын өзгерту қажеттігін айтып, "төменгі шекті 20 мыңға дейін азайтуды" ұсынды.
Әлеуметтік желіде Тоқаев айтқан ұсыныстар мен бастамалар қызу талқыланып жатыр. Кей азаматтар кеңес отырысында Тоқаев айтқан бастамаларды қолдап жатса, кейбірі "бұл - тек көзбояушылық, елде саяси өзгерістер орын алмайды" деп ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысын сынға алды.
"Назарбаевтың тұсында саяси реформалар болмайды"
Күзде билікке қарсы оппозициялық партия құратынын мәлімдеп, сол партияның бастамашыл тобына жетекшілік етіп жүрген саясаткер Жанболат Мамай "ұлттық кеңес отырысында көтерілген мәселелерден елде ешқандай өзгеріс болмайды" деген пікірде.
Оның сөзінше, Тоқаев айтқан митингі өткізуді рұқсат алудан ескерту формасына ауыстыру туралы заң қабылданып біткенше ішіне талай өзгерістер енуі мүмкін.
— Бұл — тек қана жалпылама ұсыныс. Әлі парламенттің қарауына барады. Ол заң түрінде қабылданып, бекігенше, оның ішіне талай құйтырқылықтарды енгізетініне күмәнім жоқ. Мысалы, Алматы қаласында митингі өткізуге екінші жер ретінде "Ганди" паркін ұсынып жатыр. Неге митингі өткізу бір жерге байлануы тиіс? Бейбіт жиынды кез келген жерде, тек қана стратегиялық маңызы бар әскери нысандардың жанында өткізуге болмайды деп жазылуы керек қой, — дейді белсенді.
Сонымен қатар Мамай митингілер туралы жаңа заңда ұйымдастырушылардың материалдық міндеттеме алуы керек дегеніне күмәнмен қарайды.
— Митингілер туралы жаңа заңда — ұйымдастырушылар материалдық міндеттеме алуы керек деген мәселе көтерілген. Яғни, митингіні өткізесіз, артынша сол маңайда орналасқан кафелер, мейрамханалар, коммуналдық қызметтер сізге қарсы миллиондаған айыппұлдар салғызады. Сіздің кесіріңізден "жұмысымыз тоқтады, шығын келді және т.б". Ресейде осы принцип қатты жұмыс істейді. Соңғы мәселе — Алексей Навальныйға митингі өткен маңайдағы ресторан иесі бірнеше миллион айыппұл салдырған. Көресіздер, осыған ұқсас шектеуді бұл заңға да кіргізеді, — деп жазды Мамай.
Жанболат Мамай Тоқаевтың саяси партиялар туралы айтқанына да тоқталды. Оның сөзінше, Тоқаев партия құру үшін адам санын 40 мыңнан 20 мыңға түсіргенімен, Әділет министрлігі жаңа саяси партияларды тіркемейді.
— Саяси партияларды тіркеу үшін қол санын 40 мыңнан 20 мыңға түсірді деп бөрікті аспанға ататындай емес. 40 мыңнан 1 мыңға түсірсе, түсінікті болар еді. Партия тіркеудегі негізгі мәселе — қол жинауда ғана емес. Оның басқа да бюрократиялық тосқауылдары көп — бастамашыл топ құру, қол жиналып болған соң Әділет министрлігінің жауап беру мерзімін нақтылау және т.с.с. Ал бұл туралы бір сөз жоқ, — деді Мамай.
Саясаткер ұлттық кеңес отырысында сайлау туралы, БАҚ туралы, саяси тұтқындар туралы айтылмағандықтан, кеңес жұмысы нәтижесіз деп есептейді.
— Кеңес отырысында сайлау туралы, БАҚ туралы, саяси тұтқындар туралы бір ауыз сөз айтылмады. Демек, Ұлттық кеңес жұмысының нәтижесі — көзбояушылық, нөлге тең деуге болады. Оның құрамында мен өзім сыйлайтын тұлғалар бар. Бұл кеңес жұмысының нәтижесіз болуы, әрине, 100 пайыз оларға байланысты емес, мәселе — саяси жүйеде. Бүгінгі жиынның қорытындысы — елде ешқандай күрделі саяси реформалар Назарбаевтың тұсында болмайды деген сөз.
"Бәрекелдi, Тоқаев мырза!"
Ал белгілі инвестор Марғұлан Сейсембай Тоқаевтың шешімдері мен ұсыныстарын қолдайтынын жазды.
— Бүгін Тоқаев өз сөзiнде ҰҚСК мүшелерiнiң берген өзектi-өзектi ұсыныстарына жауап қайтарып, өз пiкiрiн бiлдiрдi. Қоғамның көкейiнде жүрген көптеген сұрақтар мен талаптарына жауап бердi. Шешiмдер мен ұсыныстардың барлығы өте жақсы! Бәрекелдi Тоқаев мырза!, — деп жазды Сейсембай.
Бірақ инвестордың жазуынша, Тоқаевты бұл шешімдері үшін ұлықтап қажет емес, бұл — қоғам талабы болғандықтан қабылданған шешімдер. Және алдағы уақытта қоғам болып президент айтқан бастамалардың орындалуын қадағалау қажет.
— Бiрақ, үш нәрсенi есте ұстаған жөн. Тоқаевтың бұл шешiмдерiнiң артында қоғамның саяси реформасының талабы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Бұл шешiмдер тек Тоқаевтың демократ екенiн көрсетiп жатқан жоқ. Бұл шешiмдер қоғам талабы болғандықтан орындалып отыр. Сондықтан қазiр бәрiмiз Тоқаевты ұлықтаудан аулақ болуымыз керек. Шешiмдердiң ең маңыздысы — ол оның орындалуы. Ал бұл жерде көптеген кедергiлер мен бұл шешiмдердi бұғаттаудың астыртын күресi болады. Сондықтан бiз қоғам болып ендi бұл шешiмдердiң дұрыс жүзеге асуын қадағалауымыз керек. Әрине, бұл қадамдарды қоштап отырып бiз бейқамдыққа түсiп кетпеуiмiз керек. Келесi демократияландыру мен еркiндiк қадамдарын талап етуiмiз керек, — деп жазды инвестор.
"Біздің ақшамызға күнелткен Ұлттық кеңес жарты жыл ішінде ештеңе бітірмеді"
Биыл президен сайлауы қарсаңында құрылып, Алматыда билікке қарсы бірнеше митингі ұйымдастырған "Oyan, Qazaqstan" қозғалысы да кеңестің кезекті отырысы туралы мәлімдеме жасады. Олар өз мәлімдемелерінде ұлттық кеңеске мүлдем сенім жоқ екенін айтқан.
"Oyan, Qazaqstan" қозғалысы Алматыдағы "Респулика" алаңында митинг өткізіп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2019 жыл.
"Ұлттық кеңеске сенім жоқ. Бұл — Назарбаевтың циркі. Кеңес мүшелері ақымақтықтан және жеке есептері бойынша, әділ сайланған парламент идеясын жоққа шығаратын маскарадқа қатысуға келісті. 16 желтоқсанда өткен митингілерде қоғам Назарбаевтың авторитарлық жүйесіне қарсы реформаны талап етті. Қоғам мен билік арасындағы сенім үшін қоғамның сөзін сөйлейтін парламент қажет. Бірақ оған жету үшін алдымен әділ сайлау жүйесі мен саяси бәсекелестік қажет. Біздің ақшамызға күнелткен Ұлттық кеңес жарты жыл ішінде мән-мағынасыз талқылаулармен, өтірік уәделерді үйіп төкеннен басқа ештеңе бітірмеді. Біз конституциялық реформалар үшін күресіп, өмірімізге жақсы жағдай жасауымыз керек. Біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыздың мәні — мағынасыз келіссөздер мен талқылауларда емес, біздің құқықтарымыз бен бостандықтарымыз бізге туғаннан берілген. Біз қазіргі авторитарлы билікті шектеп, мемлекетімізді әрқайсымызға қызмет ететіндей өзгертуіміз қажет" делінген қозғалыстың әлеуметтік желіге жариялаған мәлімдемесінде.
Пікір қалдыру