Трамптың кешегі тікелей эфирде берген мәлімдемесінен АҚШ-тың саяси көрегендігі тағы да байқалды. Мәселе тек АҚШ-тың әлемдік наразылық және Иранмен соғыстан қаймығуында емес. Оның Иран шабуылына жауап бермеуінің бірнеше себептері бар екенін ескерген жөн.
Біріншіден, АҚШ адам өмірін көбірек бағалайды. Трам өз мәлімдемесінде осыны қайта еске салып, өз сарбаздарының өлімге бас тігуін қаламайтынын көрсетті. Ал соғыс дегеніміз – орасан зор адам шығынына әкеліп соғуы бек мүмкін. Сондай-ақ мұндай соғыс АҚШ азаматтарының арасында наразылық тудырады. Басқа мемлекет азаматтарының соғыс салдарынан өлімге душар болуы да әлемдегі наразылықты арттырады. Бұл да АҚШ-тың престижіне пайда әкелмейді.
Екіншіден, бұл – Парсы шығанағы мен Орта және Таяу Шығыстағы саяси әрі экономикалық аxуалды тұрақсыздыққа әкеліп соқтыруы мүмкін. АҚШ – Иран соғысы болған жағдайда аймақтағы қарқынды дамып келе жатқан БАӘ, Катар, Оман, Ливанның дамуына нұқсан келеді. Саяси тұрақсыз Ирак пен Сирия белгісіз уақыт аралығында соғыс аренасына айналады. Сондай-ақ аймақтағы одақтастардың АҚШ ұстанымын қолдамауы – соғыстың алдын алды десе де болады. Мысалы, Израиль бұл қақтығыс басталысымен өзінің әуе кеңістігін жабық деп жариялап, АҚШ-қа ешқандай көмек көрсетпейтінін мәлімдеді. Ал Түркия өзінің бұл жағдайға қатысты ресми ұстанымын жарияламады. Ал соғыс бола қойған жағдайда бұдан да зор теріс нәтижелерді көрсетуі мүмкін еді. Мысалы, аймақта соғыстан зардап шеккен елдерден миллиондаған босқындар қайтадан Түркия мен Еуропа елдеріне барып бас сауғалайтын еді. Ал бұл аталмыш елдердегі әлеуметтік әрі саяси тұрақсыздыққа соқтыруы мүмкін. Түркия онсыз да Сириядан 4-5 миллион шамасында босқын қабылдады. Еуропа елдерінің өздері Сириядан келген босқындардан шаршады.
Үшіншіден, мұнай бағасының өршуінің қаупі де АҚШ-қа тиімсіз. Ал бұл керісінше, Ресей федерациясына тиімді еді. Еуропа елдері Ресей арқылы келетін энергоресурстарға тәуелді болып, АҚШ-тың Еуропадағы ықпалының азаюы мүмкін еді. Сол себепті де АҚШ үкіметі өзіне тиімді жолды таңдады.
Пікір қалдыру